https://primeminister.kz/
Кеңесте Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабеков 14 қыркүйекте Жамбыл облысында пияз жәрмеңкесі жоспарланғанын, оған барлық өңір мен ірі сауда желілері шақырылғанын айтты. Сауда комитетінің төрағасы электрондық шот-фактуралар (ЭШФ) арқылы өндірушіден дүкен сөрелеріне дейінгі ӘМАТ-қа баға белгілеу тізбегін талдау жөніндегі ведомствоның жұмысы туралы баяндады.
«Жыл басынан бері 814 тізбекке талдау жүргізілді, 146 факт бойынша сауда үстемесінен асыру тәуекелдері анықталды. Кейбір аймақтарда бірінші санаттағы жұмыртқалардың бағасы қатты өскен. Біз 5 өндіруші бойынша ЭШФ-ға жан-жақты талдау жүргіздік, “Воробьев А.А.” ЖШС жұмыртқа бағасын рұқсат етілген үстемеден асырғаны анықталды, ол құс фабрикасынан және басқа көтерме саудагерден жұмыртқа сатып алып, одан 35%-дан 131%-ға дейін пайда көріп отырған. “DOSAUTO KZ” ЖШС “Адель Кус” ЖШС-дан жұмыртқа алып, сату кезінде оған 71% үстеме қосып отырғанын», деп айтты комитет басшысы.
«Күріш бойынша баға жағдайын бөлек қарастырылды. Өткен аптада ӘМАТ бағасының 0,1%-ға төмендеуіне қарамастан, күріштің құны 1,1%-ға өсті. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүрековтың мәліметінше, қазіргі уақытта осы жылдың маусым айында Қызылордада өткен күріш жәрмеңкесіне қарамастан, 4 өңір ғана (Ақмола, Қостанай және Түркістан облыстары, Шымкент қ.) осы жарманың үш айға қажетті көлемі бойынша келісімшартқа отырған. Аутсайдерлер – ШҚО (қажеттіліктен 9%), БҚО – 22%, Ақтөбе – 36%. Кеңес қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин көкөністерді сақтайтын барлық нысанды есепке қою бойынша жұмыс жүргізуді, өңірлерге тұрақты бағаны қамтамасыз ету үшін негізгі азық-түлік тауарларының қажетті қорын қалыптастыру жұмыстарын күшейтуді тапсырды», делінген хабарламада.