Тұлға • 10 Қыркүйек, 2023

Өнері ұлтпен бірге жасайды

265 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мемлекеттік академиялық би театрының негізін қалаушы әрі тұрақты жетекшісі, халық әртісі, әйгілі хореограф, профессор Болат Ғазизұлы тірі болғанда 85 жасқа толар еді.

Өнері ұлтпен бірге жасайды

Әкесі Ғазиз Қуатовты, көрнекті комсомол, партия қайраткерін 1938 жылдың шілдесінде қамауға алған­нан кейін, бір жарым айдан соң Болат Аюханов туыпты. Анасы айтатын еді: «әйелдер босанатын үйдің дәлізінде сайман-қаруларын асынған НКВД қызметкерлері жүрді, жас босанған әйелдердің қайсы­бірін дереу қайтадан тұтқын­дап әкеткенін көргенімде, зәрем ұшты…»

Шіркін, анасы-ай, қызы мен екі ұлы қашан естерін танығанша, әке-шешелерінің, бауырларының есімдерін жазып, әрқайсысының киімдеріне тігіп қояды екен. Сәт сайын апат күте отырып, соны ба­лаларына сездірмеуге тырысқаны қанша күшке түскенін кім білсін? Жиырма сегіз жасында жесір қалып, зұлымдықтың небір түріне еріксіз куә болғанымен, қашан көз жұм­ғанынша, әділеттің, партия­ның ғаламат күшіне сенгені Болат үшін төзімнің, ерліктің мекте­бін­дей. Қыршынынан қиылып тү­серде адал әкенің «балаларды ком­мунистік рухта тәрбиеле» деп ақ матаға қанымен жазып кеткен аманатын анасы орындадым деп ешқашан айғайлап айтпағанымен, шүкіршілік, бұлардың өмірден өз орындарын тапқанын көрді, қуанды, мақтан тұтты.

Қазақ өнеріндегі осынау орны бөлек дара тұлғамен талай мәрте тілдесіп, әредікте әңгіме-дүкен құрып тұрғанымыз бар еді.

Әр жылдары өзіне қойған са­уал­дарыма жауаптарын, сұхбат­тардан үзінді ұсынамын.

– Мен үшін жүйе, ағым, партиядан гөрі адамшы­лық қасиет әлдеқайда маңыздырақ. Ең бас­тысы – адам, тұлға, өзара таза қа­рым-қатынас. Қандай қо­ғам­да да осылар басты ұғым. Өнерде бағым жан­са, ту­ған жеріме, еліме, биік тұлғаларға борышты­мын.

– Егер Димаш Ахметұлы Қонаевт­ың көмегі болмаса, біздің балет ұжымы да болмас еді. «Пар­тизандық» әдіспен о кісіге телефон шалдым. Дереу «кел» деді. Екі сағатқа жуық сөйлестік. Сол сәтте өтуге тиіс мәжілісті бір жа­рым сағатқа шегеріп, ұзақ әңгімелесті. «Сенің өнеріңмен таныс­пын, рес­публикамызға қажетті ма­мансың, дарынды бишісің, біз мұны жоғары бағалаймыз. Шығармашылық мұң-мұқтажыңды қысыл­май кез-келген уақытта айт, қашан келгің келсе де, есігім ашық» – деді. Сенімін ақтауға тыры­сатынымды, жөн-жосықсыз мазалап, шектен шықпайтынымды жүзеге асыруға кірістім. «Тағы бір балет ұжымының қажеті қанша, театрымыз бар емес пе» деп қар­сыласқандар көп болды. Ілияс Омаров «Бұл жас балет барлық континент пен шетелдерге біздің рес­публикамызды көрсететін жеңіл кавалерия болмақ» деп қол­дағанын қалай ұмытарсың. Сол кезеңде Д.Қонаев, С.Имашев, І.Ома­ров, М.Есенәлиев, Плот­ников, Л.Ғалымжанова сынды тұлғалардың қолдап, жағдай туғызғаны үшін оларға мәңгілік қарыздармын. Жиырма алтыда ғана едім, өзімнің кәсіби шеберлігімді жан-жақты дамытуға жағдай жасады. Әрбір он жыл сайын кездесіп тұрдық Димаш ағамен. Мені со кісінің баласы дейтін сыбыр-күбір де естимін. Бір жолыққанымызда «Мені – сіздің ұлыңыз деп айтады» дедім. «Айтсын. Менің осындай ұлым болғанына қарсы емеспін» деді:

Кім білсін, мүмкін шығармашылық табыстарға со кісінің арқа­сында жеткен шығармын. Маған деген сенімін бүкіл жан-тәніммен ақтауға тырыстым. Бірде «Біз Алматының корольдік балетіміз» деп аңдамай айтып қалғаным бар. Күні бүгінге шейін ықпалын, ыстық ықыласын сезінемін. Д.А.Қонаев дүниеден өткенде, «сіз­дің уақытыңыз бітті» деді маған. Нет­кен қорлау десеңізші. «Ал сіз­дің уақытыңыз ешқашан тумайды» дедім.

– Жайдақтықпен, жеңіл-желпі желіп өтуге дағдыланғандардың тамағына тұрып қалған сүйектей болып жүретінімді өзім де білемін. Шығармашылық адалдығымды, өнер шындығын, жан дүние та­залығын төңірегімде өтіп жат­қан жайттармен үндестіру маған өте қиын. Өмір бойы қасымда­ғы­лардың жай-жапсарына, жағ­дайына құрақ ұшумен келе­мін. Бұл өте үлкен, ауыр жұмыс. Ұдайы мазасыз тірлік кешемін. Алда-жалда әлдекімді мезі еткенімді аңғарсам, дереу сытылып шығамын. Кей­біреулердің өзімді әбден шаршатып, жалықтыратынын сезсе де, маза бермейтініне қайран қаламын. Анамыз «мына дүниеге бәріміз қонақпыз» дегенді жиі қайталайтын. Бүгін бармыз, ертең жоқ­пыз. Мен бәріне үлгеруім керек, өмірдің қонағы ғана емес, тағ­дырымның қожасы да бол­ғым келеді. Көптеген адамның мораль­дық, материалдық жағдайы, тіршіліктегі ұстанымы өзіңнен тәуелді болғаннан кейін шарқ ұрасың, асығып-аптығасың. Лауа­зым иелеріне, жалпақтағанды жақ­тырмаймын. Өз ісімнің шеберімін деп санағандықтан да солай шығар. Емін-еркін, батыл кетсем, шығармашылық ойларымды орындауға құлшыныстан ғана;

– Өнер ешқашан өлмейді. Кеше болған, бүгін бар, ертең де болады. Рас, қазір қиын, кедейшілік басым. Десек те, болашаққа қой­ған мақсатымыз үшін бүгінгі жағдайымызға төзу қажет. Ең негізі – өнерде келешек бар. Та­лант­тың жарыққа шығуы қашан да қиын. Мәселен, мен өмір бақи күресіп келемін. Пәлендей биік дәрежеге жетпесем де, өмірден өз орнымды таптым. Дарыныңды дәлелдеу үшін күресе білу керек. Жастық күш-қайрат, жігердің алмайтын қамалы жоқ. Қазір өз-өзіңді көрсетіп-таныту әлдеқайда жеңіл. Неше жерден нарықтық қатынас десек те, бүгінгі таңда талантты танып, лайықты биігіне көтерудің жолы әлдеқайда көп. Таланттың күреске дайын еместігі басқа мәселе. Құр жылай бергеннен не шығады, ізден, талаптан, әрекет жаса, амалын қарастыр. Мәдениет саласында қазір бастама, қозғау салу жетіспейді. Бәрі қандай да бір нұсқау күтетін сыңайда. Бұйрық райдың, бағыт-бағдар сілтеудің күні өшіп кетті.

– Біздің балет ұжымы – тарихи факт, әлемдегі ең ғажап ансамбль, Қазақстанның мақтанышы. Мен мұны ашық айтудан ұялмаймын. Әлгінде жас кезіңіздегі белсенділік дедіңіз, мен үшін жарық дүние – жастық. Қартайғым келмейді, кәрілікті емес, кемеңгерлік, ақыл тоқтатып, толысқандықты ғана мойындаймын. Мен тіршілікке, әлемге өзімнің мамандығымның, кәсіби шеберлік мүмкіндігімнің елегінен қараймын, өмірдің жасампаз симфониясын осыдан көремін. Жиырма, отыз, қырық, елу… жастағы шақтарым есімде жоқ, бәрі шығармашылықта, сондықтан да мен әрқашан жаспын. Бұл тоқ­мейілсу, өз-өзіне ризашылық деп қал­маңыздар. Жас болатын себебім – үнемі шарқ ұрып, әлде­нені іздеймін де жүремін. Ал­ған бетімнен қайтпаймын, айқын мақ­сат қойып, соны орындау жолында еш аянбаймын.

– Мен, ең алдымен, өз ұлтым­ның аза­матымын, тамырым те­реңде. Егер қазақ болмасам, әл­де­қа­шан шетелге кетіп қа­лар едім. Кім біледі, Рудольф Ну­риев секілді байып кетуім де мүмкін еді. Ана тілімде еркін сөйлеп, әдет-ғұрыптарымызды терең меңгермесем де, ұлттық өзе­гімнің таңғажайып сиқырын әрдайым сезінемін. Ш.Уәлиханов, С.Сейфуллин, Қ.Сәтбаев, М.Әуезов, Д.Қонаев, І.Омаров, М.Есенәлиев, міне, ұлтымыздың ар-ожданы. Мен қазақты құбылыс деп есептеймін. Мұның өзі ұлт деген ұғымнан әлдеқайда кең. Қазақты ұлт деп емес, құбылыс деп қарайтыным – оның дүниетанымы, болмысы географиялық, территориялық анықтамалардан әлдеқайда терең, тұңғиық, күрделі. Қазақстан тарихын танып-білу мүмкін бе екен бізге? Өзіміздің кім екенімізді М.Әуе­зов, І.Есенберлин, Ә.Әлім­жанов туындыларын оқығаннан кейін ғана түсінгенімді несіне жа­сырайын. Адамның туған жеріне деген махаббаты жасың ұлғайған сайын күшейе береді. Мәскеу, Петербург, Ыстанбұл ма, дүниежүзінің қай бұрышына барғанда да өзімнің қазақ екенімді ұмытқан емеспін. Мені адам қылған ту­ған елім. Екі жоғары оқу орнын бітірдім, жан-жақты білім ал­дым, профессормын, балетмейс­тер мамандарын даярладым, би­дің жас жұлдыздарын тәрбиелеп шығардым. Осының бәрі елімнің арқасы. Туған еліңнің титімдей бөлшегі екеніңді ұғыну кез келгеннің маңдайына жазылмайды.

 

Мағира ҚОЖАХМЕТОВА,

жазушы