Жәдігер • 10 Қыркүйек, 2023

Қалағаңның неміс мәшіңкесі

208 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде Ертіс-Баян өңірінде дүниеге келіп, есімі елге мәшһүр болған тұлғалардың жәдігерлері топ­тасқан. Соның бірі – жазушы Қалмұқан Исабаевтың Германияда жасалған жазу мәшіңкесі.

Қалағаңның неміс мәшіңкесі

Музей ішін аралап жүріп, Қалағаң­ның жеке заттары қойылған бұрышта ұзақ аялдадық. Қаламгер көзі тірісінде ерекше жан болған деседі. Әсіресе қария шағында әскери киіммен түскен фотосуреті қандай әсе­р­лі.

Мынау суреттегі мәшіңке – Қа­ла­ғаңа жарты ғасырға жуық серік бол­ған жазу құралы. Қазір қаз-қал­пында сақталып тұр. 2001 жылы Қалмұқан Исабаев Керекуге келгенде өз қолымен музейге сыйға тартып кетіпті.

– Қаламгер өмірінің 12 жылын әскер­де, соның ішінде екі жылын соғыста өт­кергені мәлім. Майданнан кейін Германияның Ильменау қала­сында комендант болып қыз­мет етті. Герман жеріндегі «Groma Gromina» компаниясы ол тұста тек ла­тын қарпіндегі жазу мәшінкелерін шығарыпты. Мынау баспа мә­шіңкесі 1952 жылы Арнштад деген елді мекенде кириллица әріптерімен арнайы жасалған. Екінші дүниежүзілік соғыс ар­дагері, жазушы Қалмұқан Иса­баев коменданттықтан босап, туған елге оралуға дайындалып жатқанда сондағы германиялық әріптестері сыйлаған, – дейді музейдің қор сақтаушысы Әлия Саматова.

Жазушы Германия жерімен рухани байланысын үзбеген. Ильменау қаласынан төрт шақырым жердегi Габелбахта орналасқан немiстiң ұлы ақыны Гетенiң мұражайына 1979 жылы Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып» аудармасын табыс етедi. Кейін онда Абайға арналған шағын мүйiс аштырып, қазақтың домбырасын қойғызып қана қоймай, 2000 жылы ұлы ақынымыздың атына Берлинде көше беруге ұйытқы болады.

 

Павлодар облысы