Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Еліміздегі сайлау жүйесін жаңғырудың жаңа кезеңі ашық қоғам құруға жасалған айқын қадам ретінде қабылданып отыр. Саяси партиялар арасында бәсеке күшейгені наурызда өткен сайлауда айқын аңғарылды.
Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерін тікелей сайлауға мүмкіндік жасалғалы бері ауыл басшысы болуға талап қылғандардың дені сайлауға өзін-өзі ұсыну тәртібімен түсе бастады. Бұл қоғамды демократияландыру жолында жасалған маңызды қадамның бірі.
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» атанудың басты шарты – азаматтармен тығыз қарым-қатынас орнату. Қоғам талабына құлақ асып, елге таңдау жасауға мүмкіндік бергенде ғана өзі басқаратын аймақтың мәселесін жақсы білетін азаматтар іс басына келмек.
Қызылорда облысы ауыл әкімдерінің сайлауын өткізуде жақсы тәжірибе қалыптастырған аймақтар қатарында тұр. Мәселен, 2021 жылы өткен 65 сайлаудың 47-і тікелей сайлау болса, былтыр өңір халқы 32 ауылдың әкімін таңдаған. Биыл тұрғындар 33 ауылдың басшысын таңдау үшін дауыс береді. Бүгінге дейін 21 ауылдың әкімі қайта сайланды.
Арал ауданының Жаңақұрылыс, Құланды, Жетес би, Қазалы ауданының Ақжона, Арықбалық, Шәкен, Көларық, Бірлік және Қызылқұм, Жалағаш ауданының Жаңадария, Аққұм, Мырзабай ахун, Мәдениет ауылының әкімдері жаңадан сайланды. Қармақшы ауданындағы Ақтөбе мен Алдашбай ахун, Сырдария ауданында Ақжарма, Жаңақорған ауданының Жаңарық, Сүттіқұдық, Қаратөбе, Қыркеңсе ауылдық округінің әкімдері ауысты. Ал Қызылорда қаласында Ақсуат ауылдық округіне жаңа әкім сайланды.
Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Әділбек Ерсұлтановтың айтуынша, жыл аяғына дейін өкілеттігі аяқталған тағы 12 кент және ауылдық округте әкім сайлауы өткізілмек.
– Ауыл әкімдерінің сайлауы заң талаптарына сай, әділ әрі ашық түрде өткізіледі. Тұрғындар ауылдың әлеуетін көтеру үшін инвестиция тартуға ынталы, әлеуметтік мәселелерді шешуге ниетті, туған жеріне жанашыр азаматтарды таңдап дауыс беріп жатыр. Әрине, «бәріне қарсымын» деген белгіні де таңдайтындар жоқ емес. Бір ерекшелігі, сайлауға түскен азаматтардың 92,8 пайызы өзін-өзі ұсыну жолымен бақ сынады. Яғни азаматтық ұстанымы айқын, білімді кез келген азаматтың кандидат болуға мүмкіндігі бар, – дейді облыстық сайлау комиссиясының төрағасы.
Тұрғындармен етене араласатын ауыл әкімін таңдауды елдің еркіне салу елді мекендегі кез келген мәселені жедел әрі тиімді шешудің бір тетігі. Әрі бұл билікке талапты жастардың келуіне жол ашады.
Әңгімеміз тұрғындармен бірге ауылын тазалап жүрген әкімнен басталып еді ғой. Ол облыстағы ең жас әкім Елнұр Елшекенов болып шықты. Жақында жиырма жетіге толған ол өзі тұратын Жаңақұрылыс ауылына басшы таңдағанда сайлауға өзін-өзі ұсыныпты.
Жас әкім осыған дейін мал шаруашылығымен айналысатын қожалық төрағасы ретінде бастама көтеріп, ауылдардағы арықтарды тазалап, бақша егетіндердің жерін жыртып, жолын тегістеп беріп келіпті. Түрлі іс-шаралардан қалыс қалмай, қайырымдылық танытқан кезі көп.
– Біздегі негізгі тіршілік – мал шаруашылығы. Ауылдағылар жазда қысқы жемшөбін қамдап алады. Осы бағытта қолайлы жағдай жасау үшін елмен бірлесіп жұмыс істейміз. Тек малмен ғана шектеліп қалғымыз келмейді. Осы күнге дейін қажетті көкөністерді сырттан алдырып келдік. Бірақ мұның өзің еккендей болмайтыны белгілі ғой. Осы ретте ауылда бау-бақша егуге талап қылып отырғандардың басын қосып, олардың бос жатқан жерлерге бақша егуіне жағдай жасауымыз керек. Бұл бағытта үлкен жоспарым бар. Бәрі де рет-ретімен орындалады деген ойдамын,– дейді жас әкім.
Биыл алғаш рет республикада 45 аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдері тікелей сайланады. Олардың қатарында аймақтан 2 ауданға әкім таңдалады. Бастысы, биліктің институттарын жаңартудың бұл бастамасын ел қолдап отыр. Әкімдерді сайлау ел ертеңін ойлаудың қамы екендігіне көз жетті.
Демек «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген тәмсілдің салмағы арта түсер кезең әлі алда.
Қызылорда