Пікір • 11 Қыркүйек, 2023

Мақсат – айқын, меже – биік

165 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан хал­қы­на кезекті Жолдауын жариялады. «Әділетті Қазақстан­ның экономикалық бағдары» атты маңызды құжатта осы­ған дейін іске асқан жұмыстар қорытындыланып, алдағы жаңа мақсат-міндеттер сараланды.

Мақсат – айқын, меже – биік

ФОТО: kapital.kz

Бұл Жолдау елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының барлық бағыты барынша қамтылған, халқымыз үшін өте маңызды және әр азаматтың көкейінде жүрген мәселелерді нақты шешуге арналған құжат болды. Басты мақсаты – отандастарымыздың әл-ауқатын жақсарту, өмір сүру сапасын арттыру және бәсекеге төтеп бере алатын ел болу.

Жолдауда экономика мен өндірістің негізгі қозғау­шы күш­терінің бірі ауыл шаруа­шы­лығына аса мән берілген. Еліміз­дің аграрлы мемлекет ре­тінде әлеуеті зор екені үнемі айтылып келеді. Бұл саланың проблемалары мен оны шешудің түрлі тетіктері түзілген мемлекеттік бағдарламалар да жетіп артылады. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту жобаларын жедел қолға алып, осы саладағы шағын және орта бизнес нысандарын қолдау шараларын арттыру жөніндегі Мемлекет басшысының нақты тапсырмаларын біздер, осы саламен тұрақты шұғылданып келе жатқан кәсіп иелері аса ықы­ласпен қабыл алдық.

Кейінгі жылдары Алматы облы­сының Балқаш ауданында Мем­лекет басшысының алдағы жыл­дардағы Жолдауларында айшық­талған бағыт-бағдарлар үдесі­нен шыға отырып, беріл­ген тап­сырмаларды орындау мақ­­сатында бірқатар жұмыс­ атқа­рылды. Өткен жылы «Бизнес­тің жол картасы 2025» бағ­дар­лама­сы бойынша жоспарлан­ған бес жобаның екеуі жүзеге асырылды.

Алыс ауылдарға қатынай­тын жолдардың сапасы сын көтере бермейді. Осы жылы жолдарды орташа жөндеуге: Береке ауылына – 33,5 млн теңге, Желтораңғы ауылына – 27,8 млн теңге, Құйған ауылына 67,8 млн теңге қаржы қарастырылған еді, жұмыстары тамыз айында аяқталды. Енді Көктал ауылына 49,6 млн теңге бөлініп отыр.

Бақанас ауылындағы 5 қабат­ты, 20 пәтерлі, жалпы ауданы 4,7 мың шаршы метр тұр­ғын үй құрылысы аяқталып, пайда­лануға берілді.

Қарой ауылындағы Үлгілі орта мектебін күрделі жөндеуден өткізуге 489 753 мың теңге қар­жы бөлініп, жұмыстар өткен жыл­дың желтоқсан айында тиянақталды.

Міне, осы және басқа, тұр­ғын­дардың қалыпты, жайлы өмір сүруіне бағытталған жұмыс­тардың барлығы – Мемле­кет басшысының бұрнағы Жол­дау­ларында, сондай-ақ «Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасында ай­шық­талған мақсат-міндеттер. Алда атқарылатын жұмыстар тізбесі де аса қомақты. Атап айт­қанда, күріш қауызын кешенді кәдеге жарату зауытын салып, пай­далануға беру, қамысты терең өңдеу зауытын ашу, тауар­лы-сүт фермасы, жылыжай құ­рылыстарын жоспарлау, елді ме­кендердің ішкі көше жол­дарын орташа жөндеуден өткізу, су құбыры желілерін, магис­трал­дық газ құбырын салу, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына: медициналық мекемелер, балабақша, мектептерге, спорт алаңдарына жөндеу жүр­гізу, демалыс орындарын, сау­да нүктелерін, қоғамдық тамақ­тандыру нысандарын, қызмет көрсету кәсіпорындарын заманауи талаптарға сай жаңғырту, жабдықтау, тағысын тағылар.

Агроөнеркәсіп кешені қыз­мет­керлері үшін өндіріске қажет­ті техникалардың, құрал-жаб­­дық­тардың мән-маңызы ерек­ше. Қазір көпшілік қызмет­керлер, шаруалар қол күші емес, озық технология жетістіктеріне жиі жүгінеді. Осы тұрғыда қолда бар техниканың азып-тозғанын Президент ерекше атап өтті.

Бұл да біздің ауданда өткір мәселе болып қалып отыр. Деген­­мен іске асып жатқан жұ­мыс­­тар да жоқ емес. Айталық, ауыл тұрғындарының табысын арттыру және азық-түлік қауіп­сіздігін қамтамасыз ету бойынша жыл сайын кемінде 10 ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу жоспарланған. Өткен жылы 153 млн 494 мың 176 теңгеге 10 жаңа ауыл шаруа­шылығы техникасы сатып алынды. Бұл жоспар биыл да орындалуға тиіс.

Жолдауда еңбек адамын лайықты бағалау, мәртебесін арттыру жайында да жақсы айтылды. Осы тұрғыда жер-жерлерде кәсіби мамандардың тапшылығын алға тарта келіп, агроғылымды дамыту мәселесін күн тәртібіне қойды. Аграрлық ғылымның ойдағыдай дамымауы, түптеп келгенде, ауыл ша­руа­шылығы өндірісінің тоқы­рауына, әлемдік озық үлгілерден кейіндеп қалуына себеп болады.

Қанша дегенмен ауыл шаруа­шылығы саласы мемлекет тарапынан қолдау көрмей отыр деп айта алмаймыз. Жоғарыда айтқа­нымыздай, көптеген бағ­дар­лама, жоба бар. Шаруа­шылық желілерін, науқандық жұмыстарды субсидиялау да барынша жолға қойылған. Үкімет субсидия бөлу шарасы мемлекет тарапынан жалғаса беретініне сендіріп отыр.

Агросекторды дамытуға қаты­с­ты атқарылуға тиіс міндет­­терді Мемлекет басшысы тағы да айқындап берді. Үлкен әрі басты миссия – іш­кі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, Еуразиядағы басты аграр­лық орталыққа айналу, өңделген өнім үлесін 70 пайыз­ға жеткізу. Ол үшін тауарды ши­кізат күйін­де сата бер­мей, ет, сүт, астық өнімдерін те­­рең өңдеу бағытын дамыту керек. Оны өткізетін нарық та үл­­кен. Алпауыт Қытай, Ресей ел­­де­рін айтпағанда, туыстас, бауыр­­­лас Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжік­­­стан елдері де біздің ауыл ш­а­руашылығы өнімдерін көптеп алу­ға қызығушылық танытып отыр.

Жоғарыда аталған маңызды міндеттермен қоса Жолдауда еңбек нарығы, кәсіпкерлікті қолдау, су тапшылығы мәселесін шешу, салық саясатын жетілдіру сынды, ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлері үшін аса қажет мәселелер айшықталды. Жолдаудың өн бойынан еліміздің болашағына деген жаңа көзқарас, соны бағыт, мол мүмкіндіктер тізбегі айқын аңғарылады. Бір сөзбен, Президент Жолдауында әлемдегі түрлі шиеленістер, дағдарыстар жағдайындағы елдің әлеуметтік-экономикалық даму бағыты нақты көрініс тапқан. Еліміздің әрбір тұрғыны осындай сындарлы сәтте жасалған Жолдаудың мән-маңызын терең ұғынып, ондағы тапсырмалардың рет­тілікпен жүзеге асуына жұ­мыла үлес қосуға тиіс. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынғалы отырған әрбір жұмысқа белсене кірісіп, Әділетті Қазақстанды жаңғырта отырып, жаңарту жолында бірлігімізді көрсету, қажыр-қайратымызды таныту баршамызға ортақ борыш деп білемін.

 

Ерболат ҚҰСАЙЫНОВ,

Алматы облыстық мәслихатының депутаты,

«Amanat» партиясының мүшесі