Аймақтар • 11 Қыркүйек, 2023

Тұтастық темірқазығы

181 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Семей қаласындағы «Арбат» алаңында «Тіл – тұтастық туы» атты фестиваль өтті. Ауқымды мәдени іс-шараны Абай облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ұйымдастырды.

Тұтастық темірқазығы

Фестивальдың қызықты өтуі көрер­мендерді мақал-мәтел, жаңылтпаш, өз­ге де танымдық ойындарға арнайы ор­та­ға шақырып, қатыстыруымен ерек­ше­ленді. Сонымен қатар жергілікті қол­өнер шеберлерінің көрмесі де мәдени іс-шараның ажарын ашты.

«Тіл – тұтастық туы» фестивалін­де­гі тағы бір тамаша іс Абай облысында тіл сая­сатын дамытуға белсенді үлес қо­сып жүрген әр ауданнан келген ұстаз­дар­дың, мәдениет саласы мамандарының марапатталғаны болды. Абай облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Назира Тасболатқызы Бес­қарағай ауданындағы Н.Баймұратов атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Альфиса Шамсутдинованы, Бородулиха ауданы М.Әуезов атындағы орта мектеп мұғалімі Әсел Ықыласованы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ал­ғыс­хатымен марапаттаса, осы ми­нис­тр­­ліктің Тіл саясаты комитетінің Алғыс­хатын Пәкістан Республикасының аза­маты, Шәкәрім университеті фило­логия факультетінің 2-курс студенті Усама Шахид Мухаммадқа табыс етті.

«Тіл саясаты комитетінің тарапынан Алғысхат алуым – мен үшін зор мәр­тебе. Қазақ тілінде 70 пайыз шама­сында сөйлеп, жаза аламын. Бала­лық шағым 1998-2012 жылдары Қырғыз­станда өтіп, сол елде 9-сынып бітір­ген болатынмын. Бірақ біздің ел Қырғызстан мектебінің аттестатымен қабылдамады да, біраз жыл қайтадан оқуға тура келді. Сөйтіп, 2018 жылы мектепті сәл кешігіп бітірдім. Қазір жасым 26-да. Семейге келіп, Шәкәрім университетіне оқуға түсіп, қазір әр ауданнан келген балалармен танысып, көбімен достасып кеттім. Балалық және жастық шағым Орталық Азияда өткендіктен, келешекте қазақ тілінен аудармашы болып жұмыс істемек ойым бар. Мен Қазақстанды және қазақ халқын шын жүректен жақсы көремін», дейді Усама Шахид.

Фестиваль аясында бір байқаға­ны­мыз, жастардың өнерге, спортқа, рухани-мәдени салаға қатысуға ынтасы арта түскен. Сахна төрінде Абай атындағы театр әртістерінің сомдауымен Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан және Міржақып Дулатұлы­ның қазақ еліне, болашағына қатысты өзара ойларын ортаға салып, ұлтының тағдырына алаң­даушылығын жеткізген арнайы қойылым да көрермен жүрегіне жол тапты.

 

Абай облысы