Қоғам • 12 Қыркүйек, 2023

Итке чип не керек?

363 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Керекуде үй жануарларын чиптеу, қараусыз қалған жануарларды есепке алу шаралары басталып кетті. «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға сәйкес, жануарларға чип егу шығындарын иесі көтереді. Мамандар «тіркеу шығындары аса қымбат емес, 3-4 мың теңгенің айналасында» деп отыр.

Итке чип не керек?

Заңның мақсаты – үй жануарларының санын реттеу, оларға қатысты жасалатын қатыгездікке жол бермеу. Есепке алу жөніндегі іс-шараларды жергілікті атқарушы органдар құрған мемлекеттік ветеринарлық ұйымдар, ветеринария саласында емдеу-профилактикалық кәсіпкерлік қызметімен айналысатын жеке немесе мемлекеттік емес заңды тұлғалар жүзеге асырады. Ресми ақпаратқа сүйенсек, облыста үй жануарларын есепке қою және чиптеуге азаматтар шамамен 3,5-4 мың теңге шығындалады екен. Тұрғындар ит-мысығын, өзге де асыранды үй жануарларын есепке қою арқылы олардың өмірі мен тәртібіне жауапты болады.

– Мүдделі органдар үй жануарлары бойынша барлық деректер енгізілетін «Tanba» сәйкестендіру дерекқорына қол жеткізе алады. Қыркүйектің алғашқы онкүндігіндегі мәліметке сүйенсек, «Tanba» базасында облыс бойынша 1797 үй жануары тіркелген, оның ішінде 997-і ит болса, өзгесі мысық. Шалғайдағы ауылдық жерлерде жануарларды есепке алу жөніндегі іс-шараларды ветеринарлық пункттер жүзеге асырады. Қараусыз және қаңғыбас жануарларды бірдейлендіруді жүргізуге жергілікті бюджеттен 17,5 млн теңге бөлінді, сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 6,3 млн теңге қарастырылған. Өңірде жануарларды есепке алуды жүзеге асыратын ветеринарлық клиникалар да бар: Олар – «ЖАН», «Форвард», «Қамқорлық», «VetMed», «Шанс» (барлығы Павлодар қаласында), сондай-ақ «Ежкин Кот» және «Форвард» (Екібастұз қаласында) фирмалары, – дейді өңірлік орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Руслан Төлепбаев.

Ал Павлодар облысы ветеринария бас­қармасы басшысының орынбасары Асылтас Тілеубаев арнайы есепке ит пен мысықтан басқа үй жануары ретін­де теңіз шошқасы, шиншилла, күзен, сән­ді егеуқұйрықтар, тасбақа, ергежейлі шош­қа, хомяк, маймыл жататынын айтады. Биылғы қаңтар айынан бастап үй жа­нуар­лары міндетті тіркеуге алына баста­ғанын жұрт білуі керек. Талапты орын­да­ма­ған­дарға бұдан былай 10-нан 20 айлық есеп­тік көрсеткішке дейін айыппұл салынады.

Полицейлердің сөзінше, чиптелмеген үй жануарларының иелерін жауап­қа тарту оқиғалары әзірше облыс аума­ғында тіркелмеген. Тек жыл басынан үй жануарларына жауапсыз қарағаны үшін 250 азамат айыппұлға кесіліпті. Айыппұлдардың жалпы сомасы бес миллион теңгеден асты. «Полицияның ең әуелгі міндеті – қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Соған орай негізгі шараларымыз көшелерде жүргізіледі. Қаңғыбас иттердің көбеюі, өз бетімен көшеде жүре­тін үй жануарлары, қарғыбау немесе тұм­сық­қап тақпау сияқты кемшіліктер жиі кез­де­седі. Азаматтардың өтініштері мен арыз-шағымдары бойынша жұмыс жүргі­земіз. Кейбір жағдайда көршілер бір-біріне шағымданады. Үй жануарына қатыгездік жасағаны үшін бес азаматқа қатысты әкімшілік хаттама толтырдық. Заң бұзушылар 26 мың теңге көлемінде айыппұл төледі. Тағы 9 оқиға бойынша қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді. Әзірше көшеде итпен жүрген азаматтарды тоқтатып, жануарды тіркемегені үшін айыппұл салу тәртібі енгізілген жоқ. Алайда ол қоғамдық ортада, итін серуендетіп жүріп кемшілікке жол берсе, әкімшілік жауапкершілікке тартылады», деп түсіндірді өңірлік жергілікті полиция қызметі табиғат қорғау полициясының инспекторы Дәурен Қабышев.

 

Павлодар облысы