Президент Қ.Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа Жолдауында елдің экономикалық және саяси келешегіне арналған ауқымды және егжей-тегжей бағытты айқындап берді. Қазақстандағы ахуалды жіті қадағалайтындар үшін Президент көтерген жан-жақты бастамалар үміт күттіріп қана қоймайды, сонымен қатар жүзеге асырылатынына күдік туғызбайды.
Экономикалық тұрғыдан Президент утопиялық ұзақмерзімді мақсаттардан бас тартып, анағұрлым прагматикалық көзқарасты таңдады. Алдағы үш жылда қол жеткізуге болатын мақсаттарды жаңартуға баса назар аударылды. Өзін-өзі қамтамасыз етуге бағытталған қуатты индустриялық базаны қалыптастыру жаһандық экономикалық тұрақсыздық жағдайында ақылға қонымды қадам.
Оның үстіне, экономиканы әртараптандыруға қажеттілік, әсіресе металдарды, мұнайды, газды және уранды озық өңдеу салаларында Қазақстанның экономикалық болашағын қамтамасыз етудің шешуші факторына айналуы мүмкін.
Ең маңыздысы, шағын және орта бизнеске (ШОБ) көңіл бөлінеді. Заңнамадағы жоспарланған өзгерістер ШОБ субъектілерін шоғырландыруға және дамытуға арналған. Осылайша, негізгі нарықтарды монополиясыздандыруға ықпал етеді. Жеделдетілген жекешелендіру және мемлекеттік IPO да экономикаға серпін береді.
Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Жасыл және тұрақты экономика сән-салтанат емес, қажеттілік екенін түсінгеніне де назар аударған жөн. Әлем климаттың өзгеруімен күресіп жатқанда Қазақстанның жаңартылатын энергия көздеріне, сутегі өндірісіне және көміртегі бейтараптығына назар аударуы уақтылы және келешекті ойлаған қадам деп айта аламын. Атом электр стансасын салу мәселесін жалпыхалықтық референдумға шығару үкіметтің инклюзивтілікке және шешім қабылдауға қоғамның қатысуына мүдделі екенін көрсетеді.
Салық салу саласына келсек, құзыретті органдар мен салық төлеушілер арасындағы өзара іс-қимылдың сервистік моделіне назар аудара отырып, ұтымды және оңайлатуға басты назар аударылады. 2024 жылға қарай ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеге (шамамен 185 доллар) дейін ұлғайту жоспарланған. Бұл 1,8 млн адамға пайда әкелетінін ескерсек, халықты әлеуметтік қорғауға ерекше екпін бергенін аңғару қиын емес. Бұл салық және жалақы реформалары тұрақты макроэкономикалық өсуге бағытталған фискалдық саясатпен қатар қаржылық динамикасы қарапайым азаматтардың пайдасына жұмыс істейді.
Цифрландыру – мемлекет қол жеткізуге ұмтылып отырған тағы бір белес. Қазақстанды ақпараттық технологиялар орталығына айналдыру елді әлемдік технология нарығындағы негізгі ойыншылардың бірі атандырмақ. Деректер орталықтары мен есептеу қуатына баса назар аудару XIX ғасыр талаптарына жауап беретін болашаққа бағытталған экономикалық стратегияны көрсетеді.
Қазақстанның геосаяси стратегиялық жағдайы көлік-логистикалық бағытта бірегей артықшылық береді. Транскаспий бағыты болсын, халықаралық «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізі болсын, Қазақстанның жаһандық транзиттік хаб ретіндегі әлеуетін бағалаған жөн. Ресей, Қытай және Орталық Азия елдері секілді көршілермен жақсы дипломатиялық қарым-қатынас орнату аймақтық ықпалын айтарлықтай күшейте алады.
Бұл ауқымды реформалар нәтижелі аяқталса, оның Қазақстан аумағында қалуы екіталай. Ірі экономикалар немесе геостратегиялық ыстық нүктелер назарында болғандықтан, Қазақстанның трансформациясы теңгерімді дамуға ұмтылған дамушы елдерге үлгі бола алады. Елдің экономикалық өсуді әлеуметтік әділеттілікпен, демократияландырумен және экологиялық тұрақтылықпен үйлестіру жөніндегі күш-жігері заманауи басқарудың көпқырлы міндеттерін шешуде үлгіге айналады. Демек ықпалды атқарушы билікті өкілетті парламентпен біріктіріп, демократиялық құндылықтар мен азаматтық қоғамды дамытатын жүйені құруға таптырмас мысал. Егер Қазақстан жетістікке жетсе, онда басқа дамушы елдер үйреніп, бейімдей алатын бірегей басқару үлгісіне айналуы әбден мүмкін.
Оның үстіне Қазақстанның Ресей мен Қытай секілді экономикалық алпауыт елдермен шектесуі, Орталық Азиядағы стратегиялық орны көпполярлы әлемде маңызды экономикалық және саяси көпір атануға мүмкіндік береді. Осылайша, Қазақстанның нәтижесі дағдарысты аймақтағы жағдайды тұрақтандыруға және қазіргі уақытта басым даму мен басқару тұжырымдамаларына балама бола алады. Мұндай қадам әлем экономикалық, әлеуметтік және экологиялық мақсаттарды теңестіретін жүйелердің функционалды тәсілдерін іздеп жатқан сәтте өте маңызды. Халықаралық қоғамдастық Қазақстанның қабылдаған міндеттемелерін мақтап қана қоймай, оларды жүзеге асыруға белсене атсалысуы керек. Өйткені олардың жетістіктері мен сәтсіздіктерінің толқыны қазақ даласының шекарасынан тыс жерлерде де сезіледі.
Президенттің Жолдауы сан қырлы мәнге ие. Оның бағыты теңгерімді, жан-жақты және стратегиялық негізді қамтамасыз ететін бастамалар мен мақсаттардың нақты жиынтығын ұсынады. Бұл реформалар тиісті ұқыптылықпен және талапшылдықпен жүзеге асырылса, Қазақстанды әлеуметтік-экономикалық дамудың және саяси кемелдіктің жаңа дәуіріне алып шығуы мүмкін. Көшбасшылық вакуумдары барған сайын айқын бола бастаған әлемде Қазақстанның жан-жақты және прагматикалық көзқарасы басқаларға үлгі.
Виктория КЛАРК,
саяси ғылымдар және халықаралық қатынастар докторы,
саяси шолушы