Ерлердің жекелеген сайысында бес дүркін Олимпиада және 13 дүркін әлем мен Азия чемпионы Ма Лунгтің қарқынына ешкім шыдамады. Одан бөлек, қытайлық ойыншы әр жылдары Әлем кубогінде сегіз және Азия ойындарында бес мәрте бас жүлдені олжалады. Финалда ол өзінің отандасы, командалық есепте Олимпия ойындарының жеңімпазы, дүниежүзілік додада сегіз рет жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілген Фань Чжэньдунды жеңді. Қола медальды тайпейлік Лин Юн-Джу мен Қытайдың тағы бір өкілі Лян Цзинкунь еншіледі. Қазақстанның ең үздік спортшылары Кирилл Герасименко мен Алан Құрманғалиев 1/8 финалға дейін жетті.
Әйелдердің жарысында жүлделі орындардың барлығын Қытай спортшылары олжалады. Атап айтсақ, Ван Манью – бірінші, Сан Инша – екінші және Чен Синтун мен Ван Йиди – үшінші сатыларға жайғасты. Бұлардың барлығы да атағы алысқа жайылған спортшылар. Біздің Зәуреш Ақашева мен Анастасия Лаврова 32 үздік үстел теннисшілерінің санатына қосылды.
Жерлестеріміздің арасынан ең үздік көрсеткішке әйелдердің жұптық сайысында қол жеткіздік. Зәуреш Ақашева/Анастасия Лаврова және Сарвиноз Мірқадырова/Ангелина Романовская жұбы 1/8 финалда өнер көрсетті. Ерлерден ондай қарқын байқалмады. Олар қалың топтың арасында қалып қойды. Ал миксте Кирилл Герасименко/Анастасия Лаврова және Айдос Кенжеғұлов/Зәуреш Ақашева жұбы 1/16 финалда сүрінді.
Командалық бәсекеде Қазақстанның ерлер және әйелдер құрамасы ширек финалға дейін жетіп, қорытынды есепте сегізінші орынды қанағат тұтты. Осы межеге жеткен командалардың барлығы да 2024 жылы жалауы желбірейтін әлем чемпионатына жолдама алды. Бір қуаныштысы, солардың қатарында отандастарымыз да бар. Ерлер сайысында Қытай қарсылас шақ келтірмесе, Тайпей мен Оңтүстік Корея күміс пен қола медальды иеленді. Әйелдер арасында да қытайлықтардың қарқынына ешкім шыдамады. Финалда олар корейлерді ұтты. Ал Жапонияның өрендері үшінші орынға табан тіреді.