Киік санының жыл сайын өскені қиын болып тұр. Бүгінгі таңда шаруа иелерімен ұйымдасып, инспекторлармен бірлесіп, егіс алқабынан киік табынын айдап жатсақ та, барлық алқапты аман алып қалу мүмкін болмай тұр.
Осы мәселемен бетпе-бет келіп жүргенімізге төрт жыл болды. Санын азайту керек деп ойлаймыз. Бидай шыққан кезде төлдеу науқаны басталады. Сол уақытта қиындық тудырады. Комбайнмен орақ орып, шаруа істеп жүрсе, киіктің кішкентай лақтары жатады. Соны алып, басқа жерге апарсақ, инспекторлар айыппұл салады. Қолымыз байланып отыр. Мысалы, ауданымызда 10-15 ғана инспектор бар. Мыңғырған киікке қалай ие болады?
Қалай десек те, егістігімізге зардабы зор болып тұр. Менің 2 мың гектар жерімді таптап, егінімді жеп кетті. Олардың тұяқтары өткір келеді. Жүгіргенде түбімен жұлып алады. Өткен жылы да осы мәселені көтеріп, Ауыл шаруашылығы, Экология министрліктеріне хат жаздық. Жауап жоқ. Естуімізше, Абай ауданындағы екі шаруашылыққа, Осакаров ауданындағы 11 шаруашылыққа да киік табыны зардабын тигізіп отыр екен.
Ең көп егін алқабы Нұра ауданы деп есептесек, біздің ауданда 23 шаруашылықтың егіс алқабы тапталыпты. Ал облыс бойынша есептесек, 13 ауылдың 36 шаруашылығына зардабын тигізді. Жалпы көлемі 38 440 гектарды құрайтын егістік жерлері тапталды.
Бұған қоса, басқа шаруашылықтарға тиесілі жайылымдық және шабындық жерлердің тапталуынан мал азығының тиісті көлемін дайындай алмау қаупі бар. Шаруалар осы мәселелерді ескере отырып, киіктерді егістік алқабын таптатпауға жол бермеу үшін шұғыл шаралар қабылдау қажеттігін жеткізеді.
Сайын ИБРАГИМОВ,
«Құланөтпес» ЖШС директоры
Қарағанды облысы,
Нұра ауданы