Пікір • 12 Қыркүйек, 2023

Еңбекке баулу да тәрбие

557 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Сәбиімізді аулаға алып шыққанда көп­қа­батты үйдегі көрші балалармен таныса бастадық. 9-11 жастағы балалар бөпе­мізді қызықтай ма, әлде өздеріне көңіл бөліп әңгімелескенді ұната ма, әйтеуір маңайы­мызға жинала қалады. Олардың кейбір ойлары кәдімгідей ойландырады.

Көрші балақайлармен таныстығымыз қай кіреберістен (подъезд) екені­мізді сұраудан басталады. Сондай сұ­рақ­тан кейін ойын балаларының бірі бізбен бір кіреберісте, бір қабатта тұ­ра­тынын білдік. Өзінің жасын 11-де деген қыз: «Білесіз бе, біздегі пәленінші пәтерде ешкім тұрмайды ғой. Атамнан сол пәтерді маған сатып әперуін сұраймын. Өйткені жеке тұрғым келеді», деді. Осы кезде баласының бір ауыз сөзінен кейін үлкен үй салуды бастаған, жақында ғана қымбат шатырын кредит алып жапқан 4 балалы танысымыз еске түсті. Әлгі танысымыздың пысықтау екінші баласы бақуатты тұратын туысының үйінен келген соң, әке-шешесіне «Түгенше ағаның үйі күшті, әдемі, біздің үй жаман, бұл үйде тұрғым келмейді», деген. Қазіргі тұратын әкеден қалған қарашаңырағы – жөндеуі сәл ескірген демесеңіз, біразымызға арман үй. Бірақ талапшыл баласының сөзі себеп болып тыраштанып жатыр.

Әрине, жақсылыққа ұмтылған жақсы. Оған қоса қарыс жерді де ұрпағына қалсын деп жауға кеудесін тосқан қазақпыз ғой. Ата-ананың бәрі баланың сұрағанын тауып беруге барын салады. Перзентінің қажеттілігін қамтамасыз ету – әке-шешенің парызы. Мұны да жөнге санауға болар. Жоғарыда айтылған балалардың сұрауы шынымен де қажеттілік пе?

Осылай ойланып отырғанда бір кішкентай қыз «Ерніңізді бояп берейін бе?» деп ойымды бөліп жіберді. Бояну қызметін ұсынып тұрған қалақтай қыз небәрі 9 жаста болса да, алдына неше түрлі заттарын шығарып, сатып отыр екен. «Қаласаңыз көзіңізді де бояп бере аламын. Ал мынау браслет 100 теңге, мынау шашқыстырғыш 50 теңге тұрады. Көзіңізді немесе ерніңізді бір рет боятып алу 10 теңге болады. Бұл – менің бизнесім», дейді. Осы отырғанда 130 теңге тапқанын айтып қояды. Иә, жай отырмай, бір бөлке нанын тауыпты.

Зәулім үй, бөлек пәтер сұраған балалар ата-анасынан талап етіп тұр. Ал кейінгі кәсіп ашқан қыз қажетсіз заттарды сатып, өз қажетін алуға тиындап ақша жинап отыр. Отбасылық бюджет қай баланың ата-анасында азаятыны көп оқырманға түсінікті болар. Иә, нарық заманында балаға өз қажеті үшін еңбектенуге, табыс табу үшін бойдағы қабілетін сатуға үйрету жаңа заманның талабына айналып бара жатқандай. Өйткені түптің түбінде әр адам өз нанын өзі тауып жеуге дағдыланғаны дұрыс. Бірақ бәрін ата-әжесі мен әке-шешесіне алдыратын бала бұл дағдыны керек қыла ма? Дайын дүниенің, өзі келген қымбат заттың да қатты құнды бола қоймайтыны бар емес пе? Біз осы баланың бар қажетін өтейміз деп жүріп, оның өз қалауына өзі жететін жолды жауып жүрген жоқпыз ба?

Жақында Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова 2022 жылдың қорытындысы бойынша отандық жоғары оқу орындарын бітірген 30 мыңнан аса түлек, яғни әрбір бесінші бітіруші еңбек нарығында сұранысқа ие болмай қалғанын айтты. Өз мамандығымен тұрақты жұмыс таппағандар көбіне тамақ немесе тауар жеткізуші, такси жүргізуші болып жүр. Бірақ сол табақтай дип­ломы бар тасушы мен жүргізушіні оқытуға, оған жоғары білім беруге мемлекет 4 жыл бойы қаржы бөліп, бәрімізге ортақ бюджеттен шығын шығарды ғой. Мұндай үлкен қателікке не себеп? Дайын дүниеге ие болып үйренген бала кейін аз ұпаймен, аса бір талассыз алған гранттың қадірін білмейтіндердің қатарын көбейтпесіне кім кепіл? Ал бас­тауыш сыныбынан-ақ еңбегін сатқан көрші қыз мектеп бітіремін дегенше қай салада өзінің қабілетін қымбатқа сата алатынын біліп, сол бағытта кәсіби білім алуға бет бұрып, шынымен де өзі еңбек етіп, нанын жейтін мамандықты таңдауы бек мүмкін.

Еліміздегі мектептерде кәсіптік бағдар беру жұмыстары жүргізіледі. Бұл бағытта арнайы әрі міндетті пән енгізілуін айтып келе жатқандар бар. Бірақ құр лекция оқушыға өзінің өмірлік мамандығын таңдауға көмектесе алмайды. Сол себепті балаларға 8-9 сыныптан бастап өзінің және ата-анасының қалауына қарай жазғы каникулда түрлі салада аз болса да ақысы төленетін, заңды, сағаты шектеулі жұмысқа практикант болуға мүмкіндік беруіміз керек секілді. Өйткені мамандықтар практикада лекциядағыдан мүлдем бөлек болатыны белгілі. 3 ай жазғы демалыста 2-3 түрлі жұмысты істеп көрсе, қарап, ұстап, біліп, орындап, өзін сол салада елестетіп барып таңдаса, грант та, қолдағы бар диплом да қадірлі болар ма еді. Бұл мектептердегі тәрбие ісінің бір тармағына енгізілсе құба-құп. Себебі еңбекке баулудың өзі – тәрбие. Еңбекқор ұлт қалыптастыруға қадам басқан біз сияқты дамушы мемлекетке өз мамандығымен табысты еңбек ететін лек керек-ақ.