Қазақстан • 13 Қыркүйек, 2023

Сайлау саласында тәжірибе алмасуға дайын

169 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар кеңсесінің басшысы доктор Фолкер Фробартпен кездесті. Кездесу барысында комиссия басшысы ұйымдар арасындағы тығыз ынтымақтастықты және ЕҚЫҰ басшылығымен тұрақты кездесулер жақсы тәжірибеге айналғанын атап өтті.

Сайлау саласында тәжірибе алмасуға дайын

Нұрлан Әбдіров өткен жылғы 20 қарашадағы Қазақстан Республикасы Президентінің және 2023 жылғы 19 наурыздағы Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауларын байқау жөніндегі ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясының жақында жарияланған қорытынды есептеріне көңіл бөліп, сондай-ақ осы есептердегі ұсынымдар биыл 28 қыркүйектегі Орталық сайлау комиссиясыжанындағы Сараптамалық кеңестің жақын арада өтетін отырысында талқылану жоспарланғанын хабарлады.

ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар кеңсесінің басшысы қанатқақты режімде өтетін аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің алдағы тікелей сайлауы, шығып қалған мәслихаттар депутаттарының орнына сайлау, сондай-ақ 2021 жылғы 25 шілдеден бері жалғасып келетін республикадағы ауыл әкімдерін сайлау туралы хабардар етілді.

Сонымен қатар, тараптар Орталық сайлау комиссиясының 30 жылдығына арналған «Конституциялық реформа және сайлау жүйесі» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға дайындық аясында бірқатар мәселені талқылады.

Кездесу аясында Ф.Фробарт еліміздің Орталық сайлау комиссиясымен ынтымақтастыққа ЕҚЫҰ тарапынан берілген жоғары бағаны атап, өзара іс-қимылды жалғастырып, сайлау саласында тәжірибе алмасуға дайын екенін растады.

Кездесу қорытындысы бойынша сайлау саласындағы озық халықаралық тәжірибені зерделеуде өзара іс-қимылды одан әрі дамыту, оның ішінде сайлау кампаниялары арасындағы кезеңде диалогты кеңейту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.