Қоғам • 14 Қыркүйек, 2023

Ардагерлер – шипажайда

171 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше қарағандылық ардагерлер При­озерск қаласындағы «Балқаш» шипа­жайына жолға шықты. Онда ардагер­лер демалып, тегін ем алады. Мұн­дай игілікті шаруаны облыс әкім­дігі ұйым­дастырып беріп отыр. Арда­гер­лер ұйымы құрылғалы алғаш рет шипажайға жолдама алып отыр.

Ардагерлер – шипажайда

Суретті түсірген – Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Бұл жолы шипажайдың шарапатын 48 ардагер көреді. Он күн ем-домдарын алып, ой тынықтырып таза ауада се­­­руе­ндейді. Облыстық ардагерлер кеңесі ардагерлерді тек Қарағандыдан ғана емес, аудан-ауылдан іріктеп алдырыпты. Әсі­ресе, әлеуметтік жағдайына қарай таңдапты.

– Әуелі осындай шараға тікелей бас­тамашы болған облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевқа, атсалысқан облыс әкімінің орынбасары Бауыржан Асановқа, бізбенен бір ай тығыз жұмыс жасаған облыстық жұмыс­­пен қамтуды үйлестіру және әлеу­меттік бағ­дарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспековаға алғыс айта кетке­нім жөн болар. Біздің ұйым 1987 жылдың ақпан айында құрылды, биыл 36 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында ардагерлеріміздің шипажайда тегін демалуына алғаш рет жолдама берілді. Мүмкіншілік бол­са, тағы да жалғасады. Әр аудан, қалада ардагерлер ұйымы бар. Соларға тапсырма бер­генбіз. «Үлкен кісілерді іріктеп беріңіз­дер, жағдайына қараңыздар» деп. Содан 48 ардагерді ақ жол тілеп, шығарып салдық, дейді облыстық ардагерлер кеңесінің төр­ағасы Оралды Төреғожин.

Шипажайға жол тартқандардың арасында Бұқар жырау ауданының Құрметті азаматы, тыл ардагері Қанағат Жұмашұлы да бар. Қанағат ақсақал ардагерлер ұйымының мұндай қамқорлығына дән риза.

– Бұқар жырау ауданынан екі ардагер келдік. Алла қаласа, он күн демаламыз. Балқаш көлінің жағасындағы При­озерск шаһарына алғаш рет бара жатырмын. Өте қуа­ныштымыз. Басқа өңірдің ақса­қалда­рымен танысып, әң­гімелесіп, сергіп қай­тамыз. Жасыратыны жоқ, ара­мызда жалғыз қалған егде жастағылар бар. Әсіресе, сол кісілерге үлкен көмек болды. Тыл ар­да­герлері жыл сайын азайып барады. Үлкенді құр­меттегеннің жолы әрқашан ашық болады. Сол себепті, осындай мүмкіндік ту­дыр­ған облыс әкім­дігіне және Ардагерлер ұйы­­мына айтар алғы­сымыз көп, – дейді жасы 88-дегі қария Қанағат Жұмашұлы.

Облыста 200 мыңнан астам зейнеткер бар. 3 мыңнан аса тыл еңбеккері тіркелген. Жастары 80-90 жас аралығында. Өкінішке қарай, соғыс арда­герлері жоқтың қасы десек те болады. 13-і ғана қалып­ты. Тоғызы – Қарағандыда, үшеуі – Темір­тауда, біреуі – Осакаров ауданында.

Сонымен, 48 ардагер мінген автобус жол-патрульдік полиция қызметінің бастауымен жолға шықты. Оң сапар тілеп, шығарып салған қауым қадірлі қарттарымызға мұндай қам­қорлық әлі де жалғасын табады деп тарқасты.

 

Қарағанды облысы