Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Әуеден мониторинг жасаған кезде бөкеннің санын басқа ұрып санағандай болмаса да біршама дәл анықтауға болады. Облыста 2021 жылғы есеп бойынша бөкеннің саны 40 мыңға таяу деп есептелсе, 2022 жылы 80 мың басқа жеткен. Қисынға әбден келеді. Жергілікті диқандар ақбөкеннің азабы туралы айтқан кезде жан түршігеді. Кейбір шаруашылықтар тәп-тәуір жайқалып өскен егінінен бөкеннің қырсығынан айырылып қалып отыр. Әрине, бұл жерде киелі жануарды қанқасап қып қырып тастайық деп отырған ешкім жоқ. Ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары ауыр еңбекпен келетін игілігімізді қалай қорғаймыз деп шақшадай бастары шарадай болуда.
– Жаз бойы аттан түскен жоқпыз. Егістік жерімізді күзетумен болдық. Санасаңыз, қаншама шығын. Өздері адамнан жасқанып, қорқып-үркуді де білмейді. Біз де батып қуа алмаймыз. Көктемде көк шыққан кезде көресіні көрдік. Менің 687 гектар егістік алқабым бар. Шағын шаруа болғанымен, шығыны шашетектен. Кейінгі жылдары жанар-жағармайдың, техника бөлшектерінің, тұқымның күрт қымбаттап кеткені белгілі. Осыншама еңбекпен тырмысып, жер емшегін емейік десек, ақбөкен жол бермей тұр. Биыл күн ерекше ыстық болғаны белгілі. Қара қарғаның миы қайнайтын аптапта тоқымдай жерімізді кірпік қақпай күзеттік десек, артық айтқандық емес. Таяуда іргедегі «ТНК» Агрофирмасы» серіктестігі егістік алқаптарын орып, астығын жинады. Сол кезде ақбөкеннен келген залалды анық көруге болатын еді. Олар егінді жеп тауыспайды-ау, өткір тұяқтарымен басып, жаншып кетеді. Жайқалып өскен жасыл егіннің ортасында аунайды. Көз байлана жүз сан бөкен егін ортасында жусап жатады. Киіктен қалған несібені жинап алған болдық. Бірақ қарап тұрып иманың қасым болады екен. – дейді Жақсы ауданындағы Терісаққан ауылының тұрғыны, «Саржан» шаруа қожалығының басшысы Қайрат Кеңесов.
Шынында да. биыл егінжайдағы жағдай мәз емес. Сол аз ғана егіннің өзін бөкен шығынға ұшыратса, диқан атаулы бейнетке батпағанда қайтсін.
– Өздері де өсімтал екен. Біздің жобалауымызша, өткен жылмен салыстырғанда үш есе өсті. Қазақ «есің кетсе ешкі жи» демей ме, ешкі тұқымдас жануар екі-үш лақтан бір-ақ табады. Әлдеқалай табиғи апатқа ұшырамаса, мына қалпымен ендігі арада егін егіп, мал баға алмайтын шығармыз. Дала жайын жақсы білетін адамдардың айтуына қарағанда, Атбасар, Егіндікөл, Жарқайың, Қорғалжын аудандарын көктеп өтіп, әбден жерсініп, жайыла бастаған, – дейді Қ.Кеңесов.
Диқандардың жорамалына нақты деректерді келтіре кетелік, ресми мәліметке қарағанда, өткен жылы ақбөкендер 100 мың гектар жерді жайпап кетсе, биыл бұл көлем 140 мың гектарға жеткен. Аудан әкімдіктерінің мәліметінше, бөкендердің жалпы саны – 200 мың төңірегінде. Оның ішінде Атбасар ауданында көбірек шоғырланған. Төңіректе 120 мың басқа жеткен. Көз алдыңызға елестетіп көріңіз, көкжиектен тұтасқан қара бұлт торлап келе жатқандай-ақ көрініс емес пе? Егіндікөл ауданында – 30 мың, Жақсыда – 25 мың, Жарқайыңда 12 мың бөкен бар екен. Ал Қорғалжын, Астрахан, Целиноград аудандарында бес-алты мыңнан сайын даланың сағымы тәрізді өріп жүр.
– Бөкен біздің ауылдың төңірегінен Титов елді мекені жағына ойысқан. Осыдан он жыл бұрын көрінбей кетіп еді. Жезқазған жағынан ауып келді. Кейбіреулердің жорамалына қарағанда, Қорғалжыннан ойысқан табындар да бар. Бұрын дәл мұндай байқалмаған себебі, ол өңірлерде біздікіндей емес, егін еккен алқаптар аз ғой. Басы өскен соң бейнеті байқала бастады. Егіншілермен қатар, мал шаруашылығымен айналысатын адамдарға да оңай емес. Жеке басымның мұңы емес, жалпақ жұрттың көріп отырған бейнеті – осы. Мәселен, Терісаққан өзенінің қос қапталы көк шалғынға тұнып тұратын, қысы-жазы қара мал мен жылқыға от. Киік жайлаған соң әсірелеп айтқанда жайылым, шабындық біткен тулаққа айналды. Жаз бойы күзетіп шықтық. Биыл басы күрт көбейген соң күзету де оңайға соқпады. Қазір бас салып төпей жөнелмей, баладай мәпелеп, жайылымнан шығарып жіберсең, келесі күні қайтып келіп тұрады. Көктемде Атбасар қаласында облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы осы мәселеге байланысты үлкен жиын өткізген. Сол жиында ақбөкенді атпақ түгіл, үркітіп қууға болмайтыны туралы айтылды. Айыппұлы адам шошырлық, – дейді Жарқайың ауданындағы «Бабаш» шаруа қожалығының басшысы Рақымбек Сыздықов.
Облыстық ішкі саясат басқармасының мәліметіне қарағанда, 76,9 мың гектар егістік алқап ақбөкеннің тұяғының астында бүлінген. Ең көбі – Егіндікөл ауданының еншісінде. Бұл ауданның ысырап болған егістік алқабы – 40 мың гектарға жуық. Атбасар ауданының 17,4 мың гектар егістік алқабы бүлінген. Атбасар, Қорғалжын, Жарқайың, Жақсы аудандарының диқандары да зиян шегіп отыр.
– Біздің ауданда жаздың күні бөкеннің саны 120 мың басқа жуықтады. Ауыл шаруашылығы құрылымдарының өкілдері «Охотзоопром» өндірістік бірлестігінің қызметкерлерімен бірлесіп, киелі жануарларды аудан аумағынан ығыстырып шығарып жіберуге тырысқанымен, егін алқаптарын сақтап қала алмадық, – дейді Жарқайың аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің агрономы Мұрат Берлібеков.
Бүгінде облыстың 17 шаруашылығы бөкеннен келген бейнетті басынан кешіп отыр. Алдағы уақытта мәселенің қалай шешілері белгісіз. Кейбіреуі жағдай оңалмаса, егін егіп береке таппаспыз дейді.
– Биылғы жыл өте ауыр болды. Мамыр айы туысымен, бөкен бой бермей кетті. Біз тіпті тәулік бойы күзетіп шықтық. Әйтсе де 5 мың гектар жеріміз киік табанының астында жаншылып қалды. Бұл біз үшін үлкен шығын. Аудандық ауыл шаруашылығы бөліміне шағымданып көрдік. Егістік алқаптарымызды қорғайық деп қолда бар техниканың бәрін тізіп қойдық. Әйтсе де еш көмегі болмады. Қазір жауын көз аштырмай тұр. Бөкен біткен егістіктің үстінде, – дейді Жарқайың ауданындағы «Ростовское Агро» серіктестігінің агрономы Оксана Истомина.
Егіндікөл аудандық ауыл шаруашылығы, жер қатынастары және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Жарасбек Жақановтың айтуына қарағанда, мәселені тез арада шешу керек. Қазіргі күні әрқилы ұсыныстар айтылуда. Қалай болған күнде де оңтайлы әдісін қолданып, тығырықтан шыққан жөн.
Ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларынан бөкенге байланысты арыз-шағым үдейе түсуде. Алдағы уақытта тығырықтан шығар төте жолды тапқан дұрыс. Онсыз диқандардың бейнеті азаймайтын сыңайлы.
Ақмола облысы