Астанада БҰҰ-ның сарапшы мамандарымен бірлескен киіктерге қатысты үш күн жиын болды. Бұған да қатысып, мәселемізді жеткіздік. Киіктің саны біздің өңірде шамадан тыс көбейіп кетті. Оларға бөлінген резерват қоршалмаған. Сондықтан олар әрі-бері жүре береді. Тіпті Ресейге де кетіп жатыр. Алайда ол елдің қазынасы, оны дұрыс пайдаға жаратуымыз керек. Халықаралық сарапшылар да айтып отыр: «елдегі әр нәрсе сол елдің қазынасы, оны қалай жарату өз еркіңде» деп. Оның өнімін алуға құғымыз бар. Тек оны шетелге экспортқа шығара алмаймыз.
Біздің Жәнібек ауданы – көктемде киіктің төлдейтін жері. Батыстағы бүкіл киік біздің ауданның жеріне келеді. Биыл 2 млн-ға жуық киік төлдеді, келесі жылы 4 млн болуы мүмкін. Қазір мұның кесірінен шаруалар шығынға ұшырап отыр. Ауылда мал шаруашылығынан басқа кәсіп жоқ. Біздің облыс мал өнімі бойынша республикада бірінші орында еді. Енді шаруалар мемлекеттен алған қарыздарын қайтара алмай отыр. Мысалы, өзімнің егістігімді түгелдей киік таптап кетті. 2 мың гектар жерім бар еді. 18 млн теңге шығынға баттым. Бұған қатысты облыстық әкімшілік Ауыл шаруашылығымен бірлесіп, арнайы комиссия құрды. Олар елдегі шаруалардың шығынын есептеп жатыр. Шаруалардың шығыны өтелмесе, қиын.
Сондықтан киіктің саны реттелуі керек. Мәселен, оның өнімін өндірістік салаға бағыттауға болады. Киік еті адамға пайдалы тағамдарға жатады. Екінші, киіктің мүйізі мемлекетке пайда түсіреді. Қазір Қытай елі мұның 1 килосын 1 мың долларға бағалап отыр. Терісі малдың терісінен бір кем емес. Сүйегін өндіруге болады. Бұған қатысты біздің облыста 4 өндіріс орнын ашуға болады. Бұл деген біздің экономикамызға пайдалы емес пе? Екінші мысалы – Герменияда қазір 4 млн киік бар екен. Олар жыл сайын1 млн киікті рұқсаты бар аңшыларға аулауға береді. Ресми түрде 400 мың аңшы тіркелген. Ал Аустралияда кенгуруды белгілі бір деңгейде аулауға рұқсат береді. Америкадағы мустанг деген жылқы түрінің санын реттеп отыру үшін аулауға болады. Сондықтан мұндай жағдайлар халықаралық тәжірибеде бар. Соған сүйене отырып, киік санын реттеуге болады. Сонымен қатар қазір қазақтың кең даласы бар, Орал популяциясын басқа жаққа көшіруге бола ма деген де мәселе айтылып жүр. Алайда киіктер мекендейтін жерді өзі таңдайды.
Тағы бір мәселе бар, мұны сыбайластық жемқорлық болмауы үшін жергілікті әкімдік, қоғамдық ұйымдар, сарапшы мамандар қадағалау керек. Өйткені киікті жою немесе шаруалардың шығынын өтейміз деген желеумен мемлекет қаржысын талан-таражға салуға болмайды.
Бауыржан САБАНОВ,
«ECO Club» ЖШС директоры
Батыс Қазақстан облысы,
Жәнібек ауданы