Жәдігер • 13 Қыркүйек, 2023

Бабалар мұрасын түгендеген жоба

199 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қорқыт ата мұрасының ЮНЕСКО тізіміне алынуы мәңгілік өмірді көксеп, дүние тылсымын қобыз сарынынан іздеген ұлы ойшылдың адамзат тарихындағы орнын тағы бір жаңғыртып, жаңа ізденістерге жол ашты. Осы бағытта Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің бастамасымен «Қорқыт мұрасы және Сыр өңіріндегі бақсылық өнер» атты тарихи-этнографиялық экспедиция ұйымдастырылды.

Бабалар мұрасын түгендеген жоба

Бабалар мұрасын түгендеген жоба аясында ХІХ-ХХ ғасырларда осы то­пы­рақта өмір сүріп, Қорқыт дәстүрін жалғастырған соқыр Нышан, Нұрға­ли, Бекберген бақсылар туралы арнайы фильм түсіріліп, құнды деректер жи­нақталды.

Экспедиция жұмыстары Қоға­лы­көл ауылындағы ел аузында «соқыр Нышан» аталып кеткен Ысмайыл Шә­мен­ұлы туралы деректермен таны­судан басталды. Мұнда 1892 жылы жарық дүниеге келіп, 87 жыл ғұмыр кешкен бақсы туралы айтылар әңгіме көп. Бұрынғы үйінің ауласындағы киелі ағаш көлеңкесінде әңгіме өрбіткен аталас туысы Сәрсенкүл Ембергенқызы өзі куә болған оқиғалар­ды баяндап берді. Күйімен аспандағы аққуды жерге қондырған бақсы өмірінде таңғаларлық жағдай көп болған екен. Қартайғанда ағайындары қаладан жер үй алып беріп, ескі базар маңында қобыз шалып отырыпты.

Зерттеуші ғалымдар соқыр Нышан Қорқыт атаның «Ұшар­дың ұлуы», «Тар­ғыл тана», «Әуіп-пай», «Қорқыт», «Башпай», «Желмая», «Сарын», «Қо­ңыр», «Бай­лаулы киіктің зары» секілді 9 күйін жеткізген деген тұжырым жасайды. Ал «Елім-ай, халқым-ай» қобызшының төл туындысы деп танылған.

Осы күнге дейін тың­ғы­лықты зерттел­мей келген тағы бір тылсым өнер иесі – Сыр­дария ауданында­ғы Шір­кейлі ауылында 1901-1964 жылдар ара­лығында өмір сүрген Нұр­ғали Смайылұлы. Көне­көздердің айтуын­ша Нұрғалиға бақ­сы­лық қасиет аталарынан бе­ріл­ген екен. Ел ара­сында та­ралған әңгі­меде жасында ата­лары түсіне еніп, жерге кө­мілген қобызды қол­ға алып, бақсылық қасиетті қабылда деп аян берсе керек. Үш рет қайталанған осы оқиғаға мән бермеген Нұрғалидың екі көзі бірден көрмей қалыпты. Осыдан кейін бақсылықты қабылдап, өмірден өткенше емшілік­пен айналысқан оның ұрпақтарының ­айтуынша қара шаңырақта сақталған киелі қобызының үнін әр жұмада естігендер бар екен.

Экспедиция кезінде Қоғалыкөл ауы­лындағы Бекберген бақсы Әубәкір­ұлының өмірі (1897-1973 жж) мен қобызы туралы деректер толыға түсті. Ел ішінде сақталған әңгімелерде Бек­бергеннің бақсылықты әкесі Әубә­кірден үйрен­гені айтылады. Он тоғыз жасында бақ­сылық сынағынан өтіп, емдеу, болжау, болашақты көру, ойды оқу қасиеттерімен халыққа кең таныл­ған. Бақсылық ойында қылқобызбен сарын айтып, жындарын шақырған Бекбергеннің «Айдаһар жыландар­дың арбауы», «Дүрсілдеген шұбар ат» атты күйлерін өткен ғасырдың 70 жылдары М.Әуезов атындағы Әде­биет және өнер институтының қыз­­меткерлері үнтаспаға жазып алыпты. Бір ғасырдан аса уақыт бұрын жасалған қобыздың қазіргі иесі Ишанбек Есмақұлы­ның айтуынша Бекберген бақ­сы қобызды әкесі Есмаққа сыйлапты.

– Ел арасында мұн­дай мұ­ра көп. Біздің мақсат – осы жәдігер­лерді жұртқа кеңінен таныстыру. Осы экспедиция кезінде Нышан Шәменұлы және Бекберген, Нұрғали бақсылар туралы құнды деректер жинап, біржарым ғасыр бұрын жасалған бірнеше қобыздың өлшемін алып, қор сақ­тау­шыларды тізімге енгіз­дік, – дейді облыс­тық тарихи-өл­кетану музейінің ғы­лы­­­­­ми хатшысы Асхат Сайлау.

Облыстық музей мамандары осыған дейін «Құнды жәдігер» атты жоба бастап, ел ішінде сақ­талған батыр мен би-шешендер тұтынған біраз құнды дүниенің көшірмесі жа­салған еді. Соның жал­ғасындай мына бастама аясында да музей қорындағы құн­ды жәдігерлер қата­ры көбейе түспек.

 

Қызылорда

 

Соңғы жаңалықтар