Аймақтар • 13 Қыркүйек, 2023

Түркістан Ясауи әлемімен жаңғырады

350 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қазір Түркістанды рухани және туристік орталыққа айналдыру бағытында едәуір жұмыс атқарылып жатыр. Алайда бұл күш-қуаттың барлығы Түркістанды материалдық тұрғыдан көркейтуге бағытталған. Жәдігер қаланың рухани қуатын көтеру бұдан артық болуы керек деп есептейміз. Мәселен, осы күнге дейін Түркістанға келген қонақтарға айтылатын экскурсиялық мәтін әлі сол өзгермеген күйі қайталанып келеді.

Түркістан Ясауи әлемімен жаңғырады

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Оған мысал ретінде осыдан 15-16 жыл бұрын Түркістан қаласы­ның сол кездегі әкімінің «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жарияланған сұхбатын келтіре аламыз. Мұнда қала әкімі тілшінің Түркістанда ту­ризмді дамытуға қатысты қойған сұрағына былай деп жауап береді:

«Түркістанда туризмнің бірнеше бағытын дамытуға болады. Соның ішінде діни-танымдық туризмді теңдесі жоқ мұра Қ.А.Ясауи баба­мыз­дың кесенесі арқылы дамыта аламыз... Шынында да, Қ.А.Ясауи ке­сенесі жанындағы қылует, шығыс моншасы, Рабия Сұлтан, Есім хан кесенелері мен бір-екі мұражай­дан басқа, қонақтарға көрсететін тарихи орындармыз санаулы-ақ. Көп дүние зерттеліп, халыққа көрсетуге лайықталмаған... Бұл жа­уаптан Түркістанға халықтың кел­уіне ықпал ететін – киелі жер­дің рухани қуаты емес, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен оның айна­ласындағы архитектуралық ескерткіштер екені аңғарылады. Өкінішке қарай, сол баяғы ескі сүрлеумен қонақтарға кесененің салыну тарихын, оның айналасындағы өзге архитектуралық ескерткіштерді айтумен шектеліп келеміз. Өзгерген ешнәрсе жоқ. Баяғы жартас – сол жартас. Рас, Қожа Ахмет Ясауи басына Әмір Темір салдырған алып ғимарат­тың Орталық Азияда теңдесі жоқ архитектуралық ескерткіш екен­дігіне дау жоқ. Бірақ Түркістанға ағылған халық ол кесенені көру үшін ғана келмейді. Қожа Ахмет Ясауи сынды ұлы тұлғаның басына зиярат етіп, құрмет көрсету үшін ке­леді. Кесене – халық үшін басты құн­дылық емес. Кесене – осы жерге зиарат етіп келушілердің Әмір Темір бастаған ата-бабаларының Ясауи сынды әулиеге көрсеткен құр­меті. Зияратшылар үшін ма­ңыз­ды нәрсе – әулиенің шарапаты, осын­дағы хан-сұлтан, батыр-билердің бейбіт тағылымы. Ол ке­се­ненің қақпасына ойып жазылған мына сөзде толық берілген десе болады. Онда: «Әулиенің есігі – бақыттың кені, Әулиенің махаббаты – бақыттың кілті». Халық Әзірет Сұлтан басына осы үшін ке­леді. Өзге әулиелі жерлерге де солай. Мы­салы, Маңғыстаудағы Бекет атаның басына жолының қиын­дығына қарамастан жылына онда­ған мың кісі барады. Ол жерде Әзі­рет Сұлтан басындағыдай зәулім кесене жоқ. Әулиенің өз қолымен тастан қашалып жасалған жерасты мешіті бар. Бұл халықтың кесене үшін емес, өзінің рухани қажеттігі үшін баратынын көрсетеді. Бұл Түркістан сияқты киелі мекенді материал­дық құндылықтар шеңберімен өлшеу­ге болмайтынын көрсетеді. «Қожа Ахмет Ясауи кім? Оның тарихтағы орны қандай?» деген сұраққа қазіргі қаланы көркейтеміз, рухани, туристік орталыққа айналдырамыз дегендер сонша бас ауыртқы­сы келмейді. Түркістан­ға бөлінген қаржыға қызыққан пенделер де аз емес. Ал бұл ниетпен, мұндай мақ­сатпен біз Түркістанды ешқашан көгерте де, көркейте де алмасымыз анық. Түркістанды кө­герту үшін, көркейту үшін оның бай тарихымен халықты таныс­тыру қа­жет. Берісі төрт мың, әрісі алты мың жылдық тарихы бар қа­ла­ның адамзат тарихындағы, түркі тарихындағы орнын көрсету – бүгін­нің ең өзекті мәселесі. Біз мә­селеге кешенді қарауымыз керек. Әйтпесе, Түркістанның көне тари­хынан аз да болса зерттеу жұ­мыстары бар. Соның өзін келген қонақтарға ұсына алмай отырмыз. Біз неге Түркістан мен Оғыз қаған байланысын, түркілердің Батысқа да, Шығысқа да Түркістан арқылы тарағанын, Тынық мұхит пен Жерорта теңізі арасын жайлаған түріктердің барлығы Түркістан жерінен өзге өңірлерге аттанғанын айта алмай жүрміз? Түркістанда, Күлтөбеде көне наным-сенімнің ғибадатханасы бар. Кезінде ол жерде қаңлылар жылына мың қой со­йып, құрбандық шалған. Демек бұл – Түркістанның көне дәуірдің өзінде рухани орталық ретінде мойын­далғанына мысал. Археолог-ғалым Марат Тұяқбаевтың зерттеулері бо­йынша Түркістан мен оның маңа­йында 69 үлкен қорым бар екен. Ол қорымдарда миллиондаған адам­ның жерленгені анық. Бұл да Түр­кістанды бір қазақ емес, жалпы түркі халықтарының рухани орта­лығы болғандығынан хабар береді. Қожа Ахмет Ясауи бұл жерге Түркістанның киелілік сипатына байланысты осы жерге келіп тұрақтаған.

Қожа Ахмет Ясауи – Мұхаммед пайғамбардан кейінгі «Ахмади сәни», «Құтуб әл-Ақтаб-Дүниенің тірегі» атанған ұлы тұлға. Ясауиге дейін де адамзат қоғамы рухани азғындыққа ұшыраған. Міне, сол кезеңде Қожа Ахмет Ясауи тарих сахнасына шығып, рухани әлем мен адамзат рухы арасындағы бай­ла­нысты қайта жалғастырды. Ол бай­ланысты тек өзі жалғастырып қоймай, әулиелер мектебін қалып­тастыр­­ды. Ол кісінің бұл еңбегі сол кезең­де адамзат басына төнген апатты кері ысырған. Өкінішке қа­рай, Ясауи бабамыздың осы еңбегі орта­ғасырлық діндарлар тарапынан қар­сылыққа тап болып, ол кісінің тарихтағы рөлі бұрмаланып, «ахл ал-сунна уа жамаға» шеңберіне енгізілді. Қазір біз осы жалған тарихты Қожа Ахмет Ясауидің шын тарихы ретінде қабылдап жүрміз. Ясауи бабамыздың сол ілімін зерттеп, қайтадан қалпына келтіру – ғалымдардың асыл міндеті.

Түркістанда өткен Ұлттық құ­рыл­тайда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев шаһар тарихына, Қожа Ахмет Ясауи рухани мұра­сын терең зерт­теуге жіті көңіл бө­лу міндетін қойды. Ясауитану орта­лығын, институтын ашу туралы мә­селе көтерді. Бұл – маңызды да өзекті мәселе. Алайда бұл зерттеу орталығының бағыты қалай болмақ? Мәселе сонда. Егер де Ясауи ілімін тар, таптаурын шең­берге апарып тықсақ, онда көп нәтиже болмайды. Ал ясауитану­ды дана ғұлама шығармалары негізін­де зерттесек, онда көп нәтижеге қол жеткіземіз. Бұрын еуроцентрис­тік дүниетаным шеңберінен шыға алмай жүрген ғы­лым салалары қазір қазақ тарихы мен мәдениетіне, философиясына ұлттың көзімен қарау­ға мүмкіндік алды.

Бізді ойландыратын тағы да үл­кен мәселе бар. Осы күнге дейін Түркістан тарихына, Қожа Ахмет Ясауидің тарихтағы рөліне қатысты қаншама ғылыми жоба ұсынсақ та, біреуі де жеңіп көрген емес. Қазіргі талапқа сәйкес, бұл жобаны бір инс­титут шеңберінде атқарып шығу мүмкін емес екен. Бірақ ясауитанушылар орталығы аз болса, мұндай жасанды талап ғылымды шідерлеуі сөзсіз.

Әрине, Түркістан қаласының облыс орталығы болуы, түркі дүние­сінің рухани астанасы мәртебе­сін алуы гүлденуіне көп ықпалын тигізді. Қаншама ғимараттар салынды. Жаңа қала бой түзеді. Со­лар­дың ішінде екі нысанды ерек­ше атап өткім келеді. Бірі – «Фараб» кітапханасы, екінші­сі – Қожа Ахмет Ясауи музейі. Бұл екі нысанның қаланың рухани ахуалын көтеруге ықпалы зор болуы ке­рек еді. Алайда бұл екі нысан­ның да деңгейін, әлеуетін көрсете алмай отырмыз. Біздіңше, «Фараб» кітапханасы ғылыми орталық ре­тін­де қалыптасуы керек.

Ал Қожа Ахмет Ясауи музейі төрт жылдан бері әлі ашылған жоқ. Музейдің экспозициясын жасау «А-1» деген мекемеге берілді де, іс құр­дымға кетті. Ясауи өміріне, ілі­міне қатысты барлық ғылыми зерттеу нәтижелерін пайдалана оты­рып, музейдің экспозициялық жос­парын жасадық. «А-1» бастығы Г.Байқошқарова ханым экспози­­ция жоспарын әзірлеген ғылыми топ­ты да, жобамызды да керексіз деп тапты. Егер де бұл музейді біз әзірле­ген жоспар бойынша жасап, халық­қа ұсынғанда, мұнда келушілер­дің санасында күрделі өзгеріс болар еді. Ясауидің адамзат тарихын­дағы рөлін, рухани әлем мен адам­зат арасындағы байланыстағы ілімін, даналығын, қайраткерлігін дөп басып көтеру – бүгінгі ұрпақтың абыройлы міндеті. Бұл – ясауитану­дың абыройлы парызы. Қазіргі елі­міздегі, түркі әлеміндегі, адамзат аясындағы түрлі қиындықтар, адасулар мен қиғаштықтар, апаттар мен дүлейлер – Ясауи ілімінен алыстағандығымыздың көрінісі. Ол ілімді қайта қалпына келтіру жал­ғыз қазақтың немесе түріктің емес, жал­пы адамзаттың кезек күттірмес жұмысы болуға тиіс. Сондықтан әрбіріміз Түркістанның көгеруіне, Ясауи ілімінің қайтадан жанда­нуына, парасатымызды рухани әлем­мен байланыстыруға ұмтылсақ көп нәрсені ұтамыз.

 

Зікірия ЖАНДАРБЕК,

тарих ғылымдарының

кандидаты, ясауитанушы