Елорда • 14 Қыркүйек, 2023

Бас қаланың қонысы мен өрісі

187 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Астана қаласы көшелерінің алты жо­­лақ­ты кең автожолы­ның өзінде қар­ба­лас шақта кептелек пайда болып, едәуір уақыт жоғалтқан жеңіл көлік жүргізушілері де, жолаушылар да кейіп: «Елорданың алғашқы Бас жоспарын ала­қандай ғана жері бар Жа­понияның сәулеткері Кисё Курокава жасамағанда мұн­дай қолайсыздық болмас еді. Қазақ­тың кең-байтақ жері жетпегендей, көшелердің ара­сын неге осынша тар қыл­ды екен?..», деп сөгіп жатады.

Бас қаланың қонысы мен өрісі

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Бірақ олар әу баста елорда тұрғындарының саны 300 мың ғана болғанын, оны 2030 жылға қарай ғана 1 миллионға дейін жеткізу қарастырылғанын біле бермейді. Ал астаналықтардың саны қазірдің өзінде 1 млн 383 мыңнан асып кетті. Бұл – ресми сан. Сол себепті қаланы жылумен және сумен қамтамасыз ету қиынға түсіп отыр, мектептер мен балабақшалар, емдеу мекемелері жетіспейді. Мұның өзі жергілікті жұртшылықтың ренішін туғызып қана қоймай, кейде әлеуметтік жанжалдарға әкеліп соғып жүр. Мәселен, биылғы жазда су тапшылығына байланысты тұрғындар үйлеріне ауыз су берілуін талап етіп, көлік жолдарын бөгеп, митингке шықты. Сондай-ақ жуырда әлеуметтік желіде Астананың №71 мектеп-лицейінің гар­деро­бындағы кезекшілер сабақ­тан шыққан оқу­шы­ларға сырт киім­дерін тез беріп үлгермей, ба­лалар бірін-бірі басып-жаншып кете жаздағаны жайлы бейнежаз­ба жарияланды. Қаптаған тұрғын үй кешендерінің маңында ор­наласқан осы білім ұйымы 1 200 оқушыға арналғанмен, онда қазір 5 мыңдай шәкірт үш ауысыммен оқуға мәжбүр.

Президент Қасым-Жомарт То­қаев биылғы 11 шілдеде елорданы дамыту мәселелері жөнінде өт­кіз­ген кеңесте: «Елордадағы негізгі өзекті мәселелер қаланың дамуына қатысты тиісті жоспардың, яғни дұрыс жоспарлау жұмысының жоқ­ты­ғынан туындап отыр. Мұны ашық айтуымыз керек. Бақылаусыз жүргізіліп жатқан құрылыс, сападан гөрі санға мән беру және жан-жақты ойластырылмаған ше­шім­дер қаладағы өмірлік ма­ңызы бар инфрақұрылымның тап­шы­лығына алып келді. Жағдай­дың соншалықты мүшкіл болуына жауапты басшы­лар­дың біліксіздігі немесе бас пайдасын ойлағандығы себеп болды. Қала басшылығы құрылыс ком­панияларының пай­­да­сын емес, мемлекет пен аза­мат­­тардың мүддесін бәрінен биік қоюға тиіс. Өткен жылыту мау­сымында қалада жылу қуа­ты­ның тапшылығы қатты се­зіл­ді. Қыс жы­лы болғандықтан, апат­­тан аман қалдық. Ал қала бас­­шы­лығы қалып­ты жылумен қамта­масыз етуге да­йын болмаса да, миллиондаған шаршы метр тұрғын үй салуды қолдап келе­ді», деді. Мемлекет басшысы қаланы дамыту ісінде бірізділік бол­ма­ған соң, орынсыз құрылыс көбейіп, әлеуметтік нысан­дар мен қо­ғамдық орындар бо­­лу­­ға тиіс жерлерде тұрғын үй ке­шен­­де­рі салынғандығын да сынады.

вап

Президент айтқандай, «жауапты басшылардың біліксіздігі немесе бас пайдасын ойлағандығының» салдарынан бертінге дейін бас шаһарда құрылыс қалай болса солай жүргізіліп келді. Тіпті қа­ла­ның бұрынғы әкімінің тұ­сында Кіші Талдыкөл көлінің бір бөлігі құрға­тылып, орнына көп­қабатты тұр­ғын үйлер салынғандығы жұртшы­лықтың наразылығын туғызған болатын. Кейбір сарапшылардың айтуынша, бұл көктемде еріген қар мен жаздағы жаңбыр суының Кіші Талдыкөлге жер астымен барып құйылатын арналарын бітеп тас­тауға әкеліп соғып отыр. Соның салдарынан қазір Астанада қалың жауын болса, кей көшелерді су басып, Венецияны көзге елестетін келеңсіз жағдай туындады.

Сондай-ақ елордадан он шақы­рымдай қашықтықтағы жерде «Үркер» тұрғын үй алабын салу да құрылыс салушы компания­лармен және пысықай адамдар­мен жең ұшынан жалғасқан Астана әкімдігінің бұрынғы бас­шы­­ларының бас пайдасын көз­деген шешімі десек, қателес­пес­піз. Өйткені, алғаш­қы тұрғын үй­лерінің іргетасы бұдан жиыр­ма жылдай бұрын қаланған, бүгінде 30 мыңдай адам тұратын «Үр­кер­­ді» әлі де «қалаға қарайтын ауыл» деп атауға болады. Тіпті осын­­дағы әскери қалашықтың өзін­де орталықтандырылған жылу жүйе­сі жоқ. Үйлердің көпшілігі қыр­күйектен бастап мамырдың ор­та­сына дейін көмір жағып жы­лы­­ты­латындықтан, осы айлар ара­лы­ғында көшелерді иісі қолқаны қабатын қара түтін басып кетеді. Автожолдардың жанынан тротуар салу ісі де енді ғана басталып жатыр. Қала орталығына қатынайтын небәрі үш бағыттағы автобустарда кешкілік үйлеріне қайтқан жұ­мыскерлер мен студенттер бөш­­кедегі тұздалған балықтай сы­ғылысып тұрады. «Үркерде» самсаған сауда орындары мен бір­неше жазғы спорт алаңдарынан басқа, тұрғындардың, әсіресе жастардың бос уақытын өткі­зетін бірде-бір мәдениет меке­месі жоқ.

Мемлекет басшысы Астанаға жыл сайын 50-60 мың адам қоныс аударатындықтан және күн са­йын ел өңірлері мен шетелден 150 мың адам келетіндіктен, қаланың инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымына айтарлықтай жүктеме түсетіндігін айта келіп: «Жағдайды бақылауға алу және көші-қон үдерістерін реттеу үшін пәрменді шаралар қабылдау қа­жет. Елордаға келетіндердің басым бөлігін еңбек мигранттары, әсіресе жақын орналасқан өңірлерден жұмыс іздеп келушілер құрайды. Осыған байланысты бұл салада реттеу мен бақылауды күшейту қажет», деп Үкіметке тап­­сырма берген еді. Соған сәйкес қазір Еңбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау министрлігінде арнайы жұмыс тобы құрылып, қол­да­ныстағы көші-қон заңна­ма­сы­на тиісті өзгерістер енгізу мә­се­ле­сі қарастырылу үстінде.

Біздің ойымызша, Президент­­тің Астанаға көші-қон үдерістерін реттеу мен бақылауды күшейту жө­ніндегі тапсырмасы елордаға қо­ныс аударушылар мен қысқа мерзімге келушілер санын қатаң шек­теу­ді білдірмейді. Басты міндет – осы құбылыстың себептеріне жан-жақты талдау жасап, еліміздің бас шаһарына өңірлерден үдере көшуді азайтудың ұтымды шараларын қолдану, сондай-ақ Астанаға қоныс аударған отбасылар мен жұмысқа келген азаматтардың та­­­лапқа сай тұрмыс және еңбек жағ­дайлары мен қауіпсіздігін қам­тамасыз ету болуға тиіс.

Бұл ретте Мемлекет басшы­сы­ның биылғы «Әділетті Қазақ­станның экономикалық бағдары» Жолдауында белгіленген кешенді шаралар алдағы уақытта барлық өңірде экономикалық өрлеу туғы­зып, жаңа жұмыс орындары көп­теп ашылады, мұның өзі тұрғын­дардың өздері туып-өскен елді мекендерінде тұрақтап қалуына оң әсерін тигізеді деп үміттенеміз. Бұған қоса, Үкімет кейінгі жылдары іске асырылып жатқан жұмыс күші артық өңірлердің тұрғындарын жұмыс күші тапшы өңірлерге ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыс­тарында қалыптасқан күрделі де­мо­графиялық ахуалды жақсарта алмағанын, бұл өңірлерден жыл сайын көшіп кетушілер саны көшіп келушілерден әлдеқайда көп болып отырғанын ескергені жөн. Нақты айтқанда, елордаға бет түзеген қоныс аударушылар көшін теріскей өңірлерге бұруға күш салу қажет. Бұл үшін оларды қосымша ынталандыру шараларын қарастыру керектігі сөзсіз.

Әрине, елордадағы көші-қон мәселесін ұдайы бақылауда ұстау және реттеп отыру қажеттігі анық. Осы орайда 2019 жылғы 4 ақпанда Астананың «Көктал-1» тұрғын үй алабында біреудің жеке үйінің жанындағы уақытша тұрғынжайды жалдап тұрып жатқан отбасының бес қызы түнде болған өрттен қаза тапқаны ұмытылмауға тиіс. Сол қасіретті оқиға қайталанбауы үшін қаланың тиісті мемлекеттік органдары көптеген жеке үй­лер­дің жанындағы уақытша тұр­ғынжайлардың жай-күйін жүйелі тексеріп, санитарлық және өрт қауіпсіздігі нормаларының сақта­луын қатаң қадағалауы қажет. Уа­­қытша тұрғынжайларды жалға алушылардың тіркелуі мен жалға берушілердің тиісті салықты тө­леуі де тексеріс жүргізуді талап етеді.