Форум • 13 Қыркүйек, 2023

Медиацияның дәнекерлік қуаты

235 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кипр мен Перу сарапшылары отандық медиаторлардың медиацияны қолдану тәжірибесіне жоғары баға берді. Бұл туралы олар Мәскеу қаласында өткен «Ресей-Қазақстан. Медиация институтын дамыту жолындағы халықаралық тәжірибе. Теориядан тәжірибеге көшу» атты II Халықаралық форумда айтты. Іс-шараға Халықаралық келіссөздер академиясының сарапшылары қатысты.

Медиацияның дәнекерлік қуаты

Форумды Мәдениет жә­не ақпарат министрлігі және Ішкі істер министрлігі ұйымдастырды. Отырыста қолданыстағы заңнама шең­берінде ЕАЭО елдерінде медиацияны қолдану, медиация келісімдерін куәландыру және оларды орындау бо­йынша халықаралық тә­жірибе, оnline-медиацияны транс­шекаралық дауларды шешудің заманауи тәсілі ретінде қолданудың тәжіри­белік тұстары сынды тақы­­рып­тар қаузалды.

Сондай-ақ басқосуда медиация келісімін жасасу барысында жеке мәліметтермен жұмыс істеу туралы да айтылды. Өйткені қазір бұл аспект медиация келісімін бұзу үшін ең басты себеп болып тұр. Отырыста қазақстандық делегация атынан «Халықаралық келіссөздер академиясы» қауымдастығының төрағасы Сабыржан Қалмұхамбетов сөз алды.

– Мәдениет және ақпа­рат министрлігінің тапсырысы бойынша «Азамат­тық бастамаларды қол­дау орталығы» КЕАҚ қолдауы­мен республикалық грант шеңберінде еліміздің 9 облысында жалпы саны 32 ай­мақтық конференция және Нидерланды елінің же­тек­ші медиаторларының қа­­тысуымен халықаралық дөң­ге­лек үстел өткіздік. Со­ны­мен қатар «Медиация ту­ралы» заңды түсіндіру жұ­мыстары жүргізілуде, медиацияны қолданудағы негізгі мәселелерді анықтау және тәжірибе алмасу жұмыстарын ұйымдастырамыз, – деді ұйым төрағасы.

Алқалы отырыста кәсіби медиатор, «Халықаралық келіс­сөздер академиясы» қа­уым­дастығының сарапшысы Арслан Қарханов «Қазақстан Республикасында медиацияны дамыту перспективалары, медиацияны институттандыру, Қа­зақ­стан Республикасы ме­диа­торларының бірыңғай тізілімі» тақырыбы бойын­ша баяндама жасады. Ол елі­міздегі медиаторлар қыз­метінің маңызды аспекті­лерін тізбектеді.

– Жұмыс процестерін құру кезінде біз кәсіби медиа­тор­лардың озық тәжірибесіне сүйенгіміз келеді. Әртүрлі елдердің тәжірибелі сарапшыларымен танысу, тәжірибе және білім алмасу, сондай-ақ басқа елдердегі медиаторлар қызметінің ерекшеліктерімен және олардың медиация саласындағы заңнамасының аспектілерімен танысу – мұның бәрі болашақта біз үшін пайдалы ақпарат. Мә­де­ниет және ақпарат минис­трлігіне әртүрлі елдердің медиаторларымен танысуға және еліміздегі медиация институтының дамуы туралы айтып беруге мүмкіндік бергені үшін алғысымды білдіремін, – деді сарапшы.

Форум барысында Қазақ­стан мен Ресейден келген сарапшы-практиктер, сонымен қатар Түркия, Кипр, Перу, Ливан, Бразилия, Кения және Үндістаннан шақырылған халықаралық сарапшылар медиацияны дамытудың өзекті мәселелерін, оның құқық қорғау ұйымдарының және мемлекеттік органдардың, бизнестің қызметіне одан әрі интеграциялануына ықпал ететін ұсыныстарды ортаға салды. Осылайша жаһанның білікті мамандарының басын қосқан іс-шара әртүрлі тәсіл­дер мен әдістемелерді қолда­натын медиаторлардың пікір алмасу алаңына айналды.

– Қазақстан медиация институтын дамыту бойын­ша басқа мемлекеттерден озып кетті. Әсіресе, ауырлы­ғы шағын және орташа қыл­мыстық істерді шешу ба­ры­сында медиацияны қол­да­ну­­ға қатысты. Барлық елдер олардың тәжірибелерін қа­былдап, олардан үйренуі керек, өйткені әріптестеріміз Қа­зақ­станда медиация институтын белсенді түрде дамы­тып жатыр, – деді ха­лық­аралық заңгер және халық­аралық деңгейдегі білікті медиатор Кристина Арзуманова.

Жиын соңында Қазақстан мен Ресей арасында тәжіри­бе алмасу және диалог алаң­дарында кездесу дәстүрге айналатыны айтылды.