2023 жыл – ТҮРКСОЙ ұйымының шешімімен түркі әлемінде Жүргенов жылы болып жарияланған еді. Мақсат – 39 жасында саяси қуғын-сүргін құрбаны болған қайраткердің қазақ руханияты мен Орталық Азия халықтарының білімі және мәдениетін дамытуға қосқан зор еңбегін насихаттау. Т. Жүргенов ҚазАССР Оқу-ағарту комиссары қызметінде жүріп, 1937 жылы қуын-сүргінге ұшырағанға дейін елдің түкпір-түкпірінде мектептер, мәдениет ошақтары, халық театрларын ашып ұлт мәдениетін көтеруге үлкен еңбек сіңірді. Сондай-ақ 1936 жылы Мәскеуде Қазақстан мәдениетінің онкүндігін өткізуде айрықша ұйымдастырушылық қырымен танылды.
Т. Жүргеновке арналған іс-шараға Алматыдан Ұзақбай Құлымбетовтың қызы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Орынша Қарабалина-Қазыбаева, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі – Зейнеп Ахметова, ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы Хангелді Әбжанов қатысты.
«Т. Жүргенов және түркі әлемінің рухани бірегейлігі» атты ғылыми конференцияда ғалымдар 1938 жылы қазақтың 19 комиссары бір түнде атылған Алматы түбіндегі Қандысайда марқұмдарды қайта жерлеп, ескерткіш қою және Ақтөбеде Темірбек Жүргенов атындағы музей үйін ашуды ұсынды.
Ақтөбе қаласындағы Ұзақбай Құлымбетов атындағы №64-ші және Бауыржан Момышұлы атындағы №62-ші мектептерде «Баукеңнің тәлімі» тақырыбында оқушылардың Орынша және Зейнеп апайлармен кездесуі өтті. 15 қыркүйекте Телжан Жаманмұрынов, Ұзақбай Құлымбетов, Телжан Шонанұлының ұрпақтары Әйтеке би және Ырғыз аудандарына сапар шегіп, қуғын-сүргін құрбандары болған үш арысқа туған жерінде ас бермекші.