Алатау бөктерінде өткен салтанатты іс-шара барысында Владимир Смирнов, Ермахан Ыбырайымов, Ольга Шишигина және Александр Винокуров ҰОК-тың орденімен марапатталды. Бұл есімнің барлығы да жанкүйерлерге етене таныс. Мәселен, В.Смирнов – тәуелсіз Қазақстан спорты тарихындағы тұңғыш Олимпиада чемпионы. Бұл атаққа ол 1994 жылы Лиллехаммерде алауы тұтанған қысқы ойындарда қол жеткізді. Сол кезде даңқты шаңғышымыз 50 шақырымдық қашықтықта алдына жан салмай, Скандинавия түбегінде Қазақ елінің әнұранын шырқатты. Одан бөлек, Владимир Олимпия ойындарында тағы 4 күміс пен 2 қоланы олжалап, әлем чемпионаттарында 11 (4 алтын+4 күміс+2 қола) рет жеңіс тұғырына көтерілді.
Боксшы Е.Ыбырайымов – Сидней Олимпиадасының жеңімпазы, Атланта Олимпиадасының қола жүлдегері. Жуан жұдырықты жігітіміз 1997 жылы Будапешттегі әлем чемпионатының финалында күш сынасса, 1999 жылы Хьюстонда қола медальді мойнына ілді. Желаяқ О.Шишигина – Сиднейде өткен Олимпия ойындарында алтыннан алқа тағып, дүниежүзілік додада екі рет жүлдегерлер санатына қосылды. Велошабандоз А.Винокуров ғасырлар тоғысында Олимпиаданың күмісіне қол созса, 2012 жылы Лондонда жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.
Есімдері жоғарыда аталған саңлақтардан бөлек, Жандос Көкімов, Мәлік Нәдірбеков, Мүсілім Дайырбеков, Аманкелді Рымқұлов, Тұрсынғали Еділов, Юрий Гуськов, Вадим Присяжнюк, Алексей Казаков, Елена Хрусталева, Дмитрий Баландин және тағы басқа мамандар мен бапкерлер, спортшылар ҰОК-тың медалін кеудесіне тақты. Марапатталғандардың қатарында Есей Жеңісұлы, Галина Муленкова, Галина Полевая және Сергей Райлян секілді өзіміздің әріптес-журналистер де болды.