Мәдениет • 15 Қыркүйек, 2023

Тбилисиде дала үні шарықтайды

145 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Астана Опера» ұжымының Грузия еліндегі гастрольдік сапары 23 қыркүйек күні Шота Руставели атындағы Ұлттық мемлекет­тік академиялық театр сахнасында өтеді деп жоспарланып отыр. «Тбилисидегі дала үні» аталатын концерттің грузиялық тың­дарман қауымға ұсынар жаңалығы көп. Алғаш рет Тбилиси төрінде өнер көрсеткелі отырған театр жаңа бағдарламасымен тыңдарманын қуантуға асық.

Тбилисиде дала үні шарықтайды

Грузиялық көрермен қауым­ды жетекші солистер мен Қа­зақ­станның еңбек сіңірген қай­рат­кері Абзал Мұхитдиннің же­текшілігіндегі театрдың симфо­ниялық оркестрі мен хо­ры­ның орындауында отан­дық шығар­малардан музыка, сон­дай-ақ әлем­дік жауһарлармен ұмы­тылмас кездесу күтеді.

– Жыл санап «Астана Опера» театры гастрольдерінің геогра­фиясы кеңейіп келеді. Елімізде де, шетелдерде де әртістеріміз бен музыканттарымызды құшақ жая ыстық ықыласпен қарсы алады. Шетелдегі әрбір өнер көр­се­ту – жауапты әрі толқынысты оқиға. Себебі біз өз театрымызды таныстырып қана қой­май, еліміздің атынан өне­рімізді паш етіп, шетелдіктерді ұлт­тық мәдениетімізбен сусын­да­та­мыз. Тәжірибеде көрініс тауып отырғандай, әлем тыңдарман­дарының қазақ өнеріне деген қы­зығу­шылығы айрықша. Сон­дық­тан біз үнемі гастроль бағдарламасына отандық автор­лар­дың туындыларын енгіземіз. Бұл – сөзсіз-ақ ұғысатын әмбебап музыка тілімен өз еліміз туралы айтудың тамаша мүмкіндігі, – деп атап өтті «Астана Опера» директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров.

ыр

Грузия астанасында өте­тін гастрольдік сапардың көркем­дік деңгейіне жауапты маман – «Астана Опера» театры бас ди­рижерінің орынбасары Абзал Мұхитдин қазақ операларының музыкасы мен аспаптық нөмір­лер­дің үлкен бөлімінен тұра­тын таңғалдырар­лық гала-бағ­дар­лама әзірлемек. Сонымен қатар есімдері дүние жүзіне аян композиторлардың операларынан ариялар мен ансамбльдер шырқалады.

Маэстроның айтуынша, театр­дың грузин әріптестері Манана Гуния және Алла Симониш­ви­ли­мен көпжылдық жемісті ынты­мақтастығы Ш.Руставели атындағы театрдың фойесіндегі «Пикколо театры» жобасының операларынан костюмдер көрме­сінен және концертте опера-буф­фаның сахналарын орындаудан көрініс таппақ.

– Біздің солисіміздің грузин операсынан арияны орындауы, сондай-ақ домбыраның ойнауы көпшілік үшін тосынсый болады, – деп бөлісті Абзал Мирасбекұлы.

Театр әртістері мен музыкант­тарының Тбилиси сапарына да­йындығы тыңғылықты. Грузия бү­кіл әлемге музыкаға, атап айт­қанда, вокалды музыкаға деген ерекше сүйіспеншілігімен танымал. Бағдарламаға театрдың жетекші солистері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері – Жанат Шыбықбаев, Салтанат Ахметова, Айгүл Ниязова, Медет Шотабаев, Мейір Байнеш, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай, сондай-ақ халықаралық және ұлт­тық байқаулардың лауреаттары Гүлжанат Сапақова, Евгений Чайников, Татьяна Вицинская, Ержан Саипов, Артур Ғабдиевтің қатысуы жоспарланған. Театрдың опера труппасының директоры – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзов.

Еске сала кетсек, өткен ме­рей­­той­лық маусымда «Астана Опера» Мәдениет министрлігінің қол­дауымен Баку, Мәскеу, Минс­кі­де, сондай-ақ Польша мен Сло­венияда және еліміздің көптеген өңірінде табысты өнер көрсе­тіп қайтты. 

 

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024