Құрылыс • 15 Қыркүйек, 2023

Заңсыз құрылыстың зардабы

158 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ел аумағындағы ауқатты кәсіпкерлер мен белді құрылыс компаниялары Алматы қала­сынан тұрғын үй кешендерін салуға айрықша құлшыныс танытып отыр. Дәл осы күні шаһардың 823 нүктесінде ауыр құрылыс нысандарының жұмысы қызқыз қай­нап жатқан болса, оның 155-і біз айтып отырған тұрғын үй кешені. Сұранысқа сай құ­рылыстың қарқын алғаны жақсы-ақ, алайда сапаға салғырт қарайтын компа­ниялардың саны азаймай тұр.

Заңсыз құрылыстың зардабы

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Жоғарыда атап өткен құрылыс жұмыстарына 383 компания мен 138 техникалық қадағалау ұйымы жұмылған. Биыл құрылыс нысандарына жүргізілген 740 тексеру шарасы барысында 956 заң бұзушылық анықталып, жауаптылар 187 млн теңге айыппұл арқалаған. Бұл қала әкімдігінің жоспардан тыс тексеру жұмыстарының нәтижесінде жүзеге асқан істің бір парасы ғана.

«Заңсыздықтарды жоюға 779 нұс­қама берілді. Сапасыз құрылыс және құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүр­гізгені үшін 312-бап бойынша 35,7 млн теңге сомасында 47 мердігер ұйым жауапкершілікке тартылды. Оның бірқатары – бюджеттік ны­­сан­­дар­дың құрылысымен айналысып жат­қан мер­дігер ұйымдар мен коммер­ция­­лық ғи­ма­­рат­тарды салып жатқан 33 мер­­­ді­гер. Жыл басынан бері заңсыз салын­­­­ған нысандарды бұзу туралы 53 та­лап-арыз сотқа жолданды. 17 талап-арыз қа­­­на­­­­ғат­тан­дырылып, қалған нысан­дар­­дың мәсе­лесі әлі де қаралып жатыр. Ли­цен­­­зия­дан кейінгі бақылау қоры­тын­­ды­сы бо­­йын­ша 20 құрылыс лицен­зиясы­ның қыз­­­ме­ті уа­қытша тоқтатылды, 247 ли­цен­­­зия­­­ның күші жойылды», дейді Алма­ты қа­ла­сы қала құрылысын бақылау басқар­ма­сы бас­шысының орынбасары Олжас Төлебаев.

Алматы аумағы жыл сайын ұлғайып келеді. Әсіресе тау бөктерлеріне құры­лыс жұмыстарын жүргізу сейсмика­лық ошақта орналасқан қала үшін қан­шалықты қауіпті екені айтылса да, құлақ асқан ешкім жоқ. Өткен жылдан бері қала құрылысын бақылау басқармасы мегаполистің таулы алқаптарында заң­сыз салынып жатқан 52 құрылыс ны­са­нын анықтаған. Атап айтар болсақ, Бостандық ауданындағы – 21, Медеу ауданындағы – 24, Наурызбай ауда­нындағы 7 нысанға қатысты іс қозғалған. Мамандар анықталған 52 нысанның ішінен сотқа 42 талап арыз жолданғанын, 7 нысан бойынша талап арыз дайындалып жатқанын, ал қалған 3 құрылыс нүктесін тексеру жұмыстары әлі де жалғасатынын жеткізді.

Бүгінгі таңда сәулет-құрылыс ба­қылау органдары инспекциялау шең­берінде құрылыс нысандарына кедергі­сіз кіру құқығынан айырылған. Яғни олар тексеру жұмыстарын Кәсіпкер­­лік кодексіне сәйкес ресми өтініштер не­гізінде ғана жүргізе алады. Алматы қаласы әкімінің бастамасы бойынша тексеру жүргізу тәртібін қайта қарау және салынып жатқан объектілерге бақы­лауды күшейту жөнінде заңға түзе­тулер енгізу сұралған. Бұл мәселе Пре­зиденттің қатысуымен өткен Алматы қа­ласын дамытуға арналған жиында да айтылған болатын. Бүгінде тиісті заң жобасы Парламенттің қарауына жіберілген.

Жылдар бойы жинаған қаржысын құйып, баспанаға қол жеткізбек түгілі басы дауға қалып табалдырық тоздыр­ғандар аз емес. Қала билігі жылжымайтын мүлік сатып алуды жоспарлап жүрген тұрғындарға өзі алуға ниеттенген тұрғын үй кешенінің құжаттарын қала құрылысын бақылау басқармасы арқы­лы тексеріп алуға шақырды. Азаматтар жедел желі арқылы және +7 705 89 66 000­ WhatsApp нөмірі бойынша тұрғын үйдің құжаттары туралы толық ақпарат ала алады.

– Қаланың құрылыс саласын ба­қы­лауды барынша күшейту қажет. Кей­бір алып компаниялар тексеруге дес бермеуге тырысатыны анық. Тәр­тіпті барынша қатаңдатып, әр нысанды бүге-шігесіне дейін қадағалаған абзал. «Жаман айтпай жақсы жоқ». Түркиядағы дүлей дүмпу талай қателік­тің бетін ашып берді. Кейінгі жиырма жылда тектоникалық айрықтарға жақын орналасқан жерлерде, тіпті тау бөктерлеріне дейін тұрғын үйлер салынып кеткенін білесіздер. Тосын залал келсе, заңсыз салынған құрылыстың зардабы сонда болады. Одан кейін тұр­ғын үй алаңдарындағы көлік тұрақта­ры­ның мөлшері есептелмейді. «Ақкент» шағын ауданындағы өрт кезінде жол жиегіне жағалай қойылған көліктердің кесірінен құтқару қызметінің апат орнына жақындауы қиынға соққанын көрдік. Тар қаланы одан әрі тарылтпау үшін аядай аумаққа ондаған қабатты үй салуды тоқтату керек, – дейді қоғам белсендісі Нұрлан Асқарұлы.

Сарапшылардың болжамынша, 2030 жылға қарай Алматы халқының саны –2,5 миллионға жетеді. Ал 2040 жылы – 3 млн, 2050 жылға қарай – 3,6 миллионға дейін өсуі ықтимал. Табиғи өсім 2021 жылғы 47 пайыздан 2050 жылға қарай 60 пайызға дейін артады. Қаланың бас жоспарын әзірлеуге қатысушылардың бірі Тамара Залогинаның пікірінше, мұнша халықты баспанамен қамту үшін 2040 жылға дейін 45,6 млн шаршы метр тұрғын үй салынуға тиіс. Ал мұнша халық­тың алаңсыз өмір сүруі үшін 2040 жыл­ға қарай тағы да 188 мектеп пен 300-ден астам балабақша қажеттігін ескерсек, ме­гаполисте құры­лыс нысандарының саны жыл санап ұлғая беретіні анық. Ал олар­дың заң талабына сай бой көтеруі құры­лыс сапасын бақылауға кешенді көзқа­рас қажет екенін тағы бір еске салады.

 

АЛМАТЫ