Медициналық скринингтік тексерулер ауруды уақытылы әрі ерте сатысында анықтауда қазіргі күні таптырмас әдіс болып отыр. Қант диабетіне шалдыққандар диспансерлік есепке алынған. Тағы 87 мың азамат осындай тексеруден өтіп, олардың 1 700-іне артериялық гипертензия және 29 емделушіге глаукома диагнозы қойылыпты.
– Дәрігерлеріміз артериялық гипертензия, қант диабеті, глаукома сияқты ауруларды ерте сатысында анықтауға көңіл бөліп отыр. Онкологиялық маркер бойынша зерттеулер де тұрақты жүргізіледі. Сүт безі обыры, жатыр мойнының қатерлі ісігі, тік ішектің қатерлі ісігі осы скринингтердің нәтижесінде белгілі болады. Жыл басынан 34 мыңнан аса адам сүт безі обыры бойынша тексеріліп, 51-інен қатерлі дерт анықталды. Ал жатыр мойны қатерлігі ісігі 15 әйелде тіркелді. Колоректальді обыр бойынша скринингтен әйелдермен қоса 50-70 жас аралығындағы ер азаматтар да өтуге міндетті. Ауылдық жерлердің тұрғындарына ерекше санат ретінде қараймыз. Олар артериялық гипертензия, глаукома, қант диабеті аурулары және ас қорыту мүшелері, бүйрек, қуықасты безі және тыныс алу мүшелері бойынша медициналық тексеруден өтеді. Мәселен, ауылдық жерлерде жүргізілген зерттеулер нәтижесінде 237 адамның бүйрегі толыққанды жұмыс істемейтіні анықталды. Ал ас қорыту мүшелерінде кінәраты бар 350 емделуші есепке алынды, – дейді өңірлік денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Мұқышева.
Аймақта жаңа туған нәрестелерге де скрининг жүргізу жолға қойылған. Неонаталды скрининг деп аталатын медициналық әдіс жаңа туған нәрестелердің ағзасындағы тұқым қуалайтын ауруларды анықтау мен диагностикалау, емдеу үшін жасалады. 5 706 сәбиге әлгіндей зерттеулер жасалып, олардың 14-інен туа біткен дерт, яғни ағзасында генетикалық ауытқушылық байқалған. Мамандар ем-дом дұрыс тағайындалса, мұндай аурулар ерте сатысында-ақ емделіп, науқас балаға денсаулығын қалыпты сақтау үшін арнайы преператтар тегін берілетінін айтады.
«Тексеруден өткен сәбилердің төртеуінде туа біткен гипотериоз, тағы біреуінде фенилкетонурия дерті белгілі болды. Барлық баланы диспансерлік есепке қойдық. Енді олар кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында ем қабылдап жатыр. Бұған қоса жүкті әйелдерге біз екінші және үшінші триместрінде перинаталды скрининг жасаймыз. Биыл 136 жүкті әйелдің жатырдағы сәбилерінен туа біткен ақаулар анықталып, 34 ананың жүктілігі мерзімінен бұрын тоқтатылды», дейді маман.
Павлодар қаласындағы перинаталдық орталықта ретинопатия дертін ерте анықтауға арналған офтальмологиялық скрининг те тұрақты өткізіледі. Мұнда тәуекел тобына ең әуелі шала туған сәбилер жатқызылады. Ақ желеңділер 28 нәрестеден осындай ауытқушылықты тіркеген. Ал тағы мыңдаған балаға дыбыстық скрининг жасалып, 687 баланың есту жүйесінде кемшілік бар екені расталған. Бүгінде сәбилердің барлығы сурдолог маманның бақылауына алыныпты.
Биыл өңірлік денсаулық сақтау басқармасы жергілікті бюджет есебінен өкпе гипертензиясы, кистозды фиброз (муковисцидоз), көмей стенозы, кәмелетке толмағандар арасындағы идиопатиялық артрит, буллезді эпидермолиз, онкологиялық аурулар, целиак ауруы, зондтық тамақтану аруларына 910,9 млн теңге сомасында қаражат қарастырған. Сонымен қатар басқарма былтырдан бастап «Қазақстан халқына» қорымен бірлесіп, Павлодар облысының емделушілері үшін жекелеген қымбат, сирек, орфандық және басқа да тіркелмеген препараттарды сатып алу үшін жұмыс жүргізуде. Жыл басынан аталған қордың қаражатына жекелеген нозологиялар бойынша 768,4 млн теңгеге 31 емделуші ангионевротикалық ісіну, бұлшықет дистрофиясы, лимфангиолейомиоматоз, жұлын бұлшықет атрофиясы, онкология, нейрофиброматоз және тағы басқа сирек аурулар бойынша медициналық препараттармен қамтамасыз етілді.
А.Мұқышеваның айтуынша, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелеріндегі ашықтықты арттыру шеңберінде Денсаулық сақтау министрлігі 2024 жылы жаңашылдық енгізуді ұйғарып отыр. Яғни бірыңғай фармацевтикалық ақпараттық жүйе базасында дәрілік препараттарға қажеттіліктің автоматтандырылған есебін пайдалана отырып, қанатқақты жобаны енгізуді жоспарланған. Келер жылы өңірдің медициналық ұйымдарында аталған есептеу жүйесінің тестілік нұсқасы іске қосылады.
Павлодар облысы