Соңғы өткен Парламент сайлауына халық көп үміт артып еді. Бірақ сол үміт ақталды ма? Жезқазғанда сайлау науқанында сайлаушыларымен көп кездеспеген үміткердің депутат болып кеткені әлеуметтік желіде біраз талқыға түсті. Ол саяси науқаннан сәл бұрын ғана ірі кәсіпорынға тағайындалған басшы еді. Егер бұрыннан істеп келе жатқан, елге белгілі азамат болса бір сәрі. Халық «өңірге белгілі адам неге депутат бола алмайды?» десті. Былай қарасаң, қисынға келетін уәж.
Екі жылдан бері жергілікті деңгейде өтіп жатқан әкімдер сайлауларында да кімнің жеңетіні алдын ала белгілі болып жатады. Сайлаудағы келеңсіздіктер Президент бастамаларына көлеңке түсіреді. Бірақ сын негізінен жергілікті билікке бағытталғаны ақиқат. Сондықтан алдағы уақытта өткізілетін аудан және облыстық деңгейдегі қала әкімдерін сайлаулардың әділетті өтуі бәрімізге байланысты. Сайлау әділетті болмай Әділетті Қазақстан да орнамайды.
Сайлауға көпшіліктің сенімін нығайту үшін, ең алдымен, сайлау комиссияларын түгелдей жаңарту керек. «Елімізде цифрландыру дамыған, көрші елдерден озықпыз» деп айтылады. Ендеше неге сайлау кезінде цифрландыру қызметін пайдаланбасқа? Сайлау комиссияларының мүшелерін қалай тағайындау керек? Комиссия құрамында барлық партиялардың өкілдері болғаны жөн. Дегенмен мұнда да ойлантатын тұстар бар. Жергілікті жерлерде партиялардың күш -қуаты қандай? Аты бар да заты жоқ партиялардың өкілдері сайлау комиссияларына қалай мүше бола алады? Өйткені Жезқазғанда еліміздегі кейбір партиялардың филиалдары да жоқ.
Сондықтан сайлау комиссияларының мүшелерін әртүрлі деңгейдегі Қоғамдық кеңестер арқылы сайлауды ұсынамын. Биылғы күзде облыста қанатқақты жоба ретінде бір ауданда әкім сайлауы өтеді. Қазірдің өзінде дайындық жұмыстары басталып кетті. Бірақ сайлау комиссиялары сол бұрынғы қалпында қала берсе, ешқандай өзгеріс болмайды. Сайлау сайқымазаққа айналмасын десек, өзгерісті сайлау комиссияларын жаңадан жасақтаудан бастайық.
Бұл мәселені Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында да көтерді. Құжатта аймақтағы атқарушы биліктің шешім қабылдау ісіне азаматтардың тікелей қатысу мүмкіндігін біртіндеп арттыру мәселесі сөз болды. «Ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерін тұрғындар өздері сайлай бастағанына екі жылдан асты. Содан бері ауылдық деңгейдегі әкімдердің төрттен үші сайланды. Енді аудан және облыстық деңгейдегі қала әкімдерін сайлап көреміз», деген Мемлекет басшысының еліміздегі саяси реформаларды одан әрі жалғастыруға мүдделі екендігін байқатады.
Абзалбек МОЛАҚОВ,
Жезқазған қалалық Қоғамдық кеңес төрағасы