Астанадағы Конгресс-холл сарайында халықаралық “Алаш” сыйлығының лауреаты, ақын Серік Тұрғынбекұлының “Аспанның асты – Астана” атты шығармашылық кеші өтті.
Кең сарайдың түндігін ақынның достары мен шығармашылық жолындағы әріптестері шырқаған әндер желпілдетіп жібергендей. Авторы Серік Тұрғынбекұлы болып табылатын 20-дан астам әндердің қай-қайсысы да кешке жиналған қауымның ризашылығына бөленді. Бірінен соң бірі шырқалған әндер астаналықтардың құлақ құрышын қандырды. Алдымен Астана қалалық мемлекеттік филармониясының ұлт аспаптар оркестрі орындаған Нұрғиса Тілендиевтің “Әлқисса” күйінің сүйемелдеуімен сахна төріне шыққан Серік Тұрғынбекұлы өзінің “Әлқисса” деп аталатын жыр шумағын оқыды. Осыдан кейін ақынды шығармашылық кешімен құттықтауға келген Қазақстанның халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов “Ақкөлден ұшқан аққулар”, ал Қазақстанның халық әртісі Ескендір Хасанғалиев ұлы Біржанмен бірге ақынның сөзіне жазылған “Құтты болсын, туған күнің!”, “Ақ періште” әндерін шырқады. Сондай-ақ белгілі әншілер Марат Омаров, Гүлзира Бөкейханқызы арнайы келіп, өз өнерлерімен жұртшылықты тәнті етті.
Сондай-ақ, шығармашылық кеште басқа да әншілердің орындауында “Ерке қыз”, “Сұлуым”, “Ер Жәнібек”, “Астана – ару, Астана” әндері шырқалып, “Кейкі батыр” және “Сәкен сұңқар” дастандарынан үзінді оқылып, тыңдармандар ықыласына бөленді.
Торғай облысы, Жангелдин ауданы, Тосын құмында дүниеге келген ақын қазақ руханиятына мол олжа салды десе де болады. Оның “Мұқағали” драмасы осы күнге дейін сахнадан түспей келе жатса, “Абай-Біржан” деп аталатын музыкалық драмасы соңғы екі жылдан бері Семей театрында үзіліссіз қойылып келе жатуы бұл сөзіміздің толық айғағы десек, “Кейкі батыр” және “Сәкеннің соңғы көктемі” драмалары театр сахналарында өз кезегін күтіп жатқан көрінеді. Соңғы жылдары ақынның “Асан ата ізімен”, “Жерорта” атты кітаптары да жарық көріпті.
Өз кешін “Аспанның асты – Астана” деп атаған ақын оның сырын мемлекетіміздің елордасы – барша қазақтың мақтанышы, келешек ұрпақтың қаласы екендігімен түсіндірген. Өз сән-салтанатымен, жоғары деңгейде өткен кештен тыңдармандар үйлеріне ризашылықпен қайтты.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.