Табиғат • 17 Қыркүйек, 2023

Атыраудағы лотос алқабы

498 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Каспий теңізінің жағалауына таяу маңда жыл сайын шілде, тамызда лотос гүлдейді. Ерекше тропикалық гүлдің кез келген жерде өсіп-өнбейтінін білетін қауым жолы түссе, сол гүлді арнайы барып тамашалайды.

Атыраудағы  лотос алқабы

Лотос Ресеймен шектесіп жат­қан Құрманғазы ауданында, Қиғаш және Шароновка өзені арнасының дәп Каспий теңі­зіне құяр сағасында гүлдейді. Қи­ғаш – Еділден шыққан өзен. Ұзын­дығы –100 шақырымға жетеғабыл. Бәлкім, Еділ өзенінің тармағы болған соң шығар, онда өсімдіктердің, құстардың, су жән­діктерінің түрі көп. Мұн­да «Қызыл кітапқа» енген құс­тардың 36 түрі бар екен. Ал біз айтып отырған өсімдіктің гүлі, яғни күлтелері ғана көл бетінде қалқып шығады.

Будда ілімінде лотос таза­лықтың, жарықтың белгісі саналады екен. Ал қазақ халқы лотосты «шамгүл» деп атаған. Ра­сында да, ми батпақтың арасында өскен лотос тіршілік атау­лыны құдды бір өзіне қаратып, нұрын шашып тұратындай. Шам­гүлдің Каспий маңына қай­­дан келіп, қалай жерсініп кеткені жайында болжамдар жетерлік. Соның ішінде негізгі нұсқалардың біріне сүйенсек, лотос Ұлы Жібек жолы арқылы Үндістан мен Қытайдан келіпті. Жергілікті саудагерлер сапар барысында бұрын-соңды көрмеген гүлге тамсанып, тұқымын ала келген. Тұқымын алып келген­нен бөлек, лотос гүлінің қазақ дала­сына жерсінуінің өзі – таң­ғаларлық құбылыс.

Реті келгенде лотос гүлін тамашалауға қалай баруға болатынын айталық. Көлігі барлар белгіленген аймаққа Атырау-Ас­трахан тасжолымен жете ала­­ды. Немесе туристік фирма ұй­ымдастыруымен өтетін «Лотос гул­деуі» эко-турына қатысуға болады. Тек қай бағытпен бар­саңыз да, Қиғаш өзенінің сала­сына дейін 300 шақырым, ары қарай лотос алқабына тағы бір­неше шақырым қайықпен жүзіп өтуге тура келеді. Сапарға шық­қандар Ганюшкино ауы­лы­ның маңындағы демалыс орын­­да­рының бірін таңдап, аумақ­­­тың көрікті жерлерін алаң­сыз араласа болады.