Он саусағынан өнер тамған Евгений Беккер де тағдыр тәлкегімен тайталасамын деп ойламаған. Бәрі өз ырғағымен өтіп жатқан тәрізді еді. Урюпинка селосының тумасы көпбалалы отбасында ер жетті. «Балалы үй – базар» дегендей, үйінің іші күмбірлеген күміс күлкіге толып тұратын, төңіректің бәрі шаттықтың құшағында, уайым-қайғының қалың шілтерлі торы тұмшалап көрмеген. Әкесі өмірден ерте өтті. Отбасының тіреніші де, мықты таянышы да әке екен ғой. Қайран да қайран әкенің қамқорлығынан айырылған соң еш адамды аяуды білмейтін жетімдіктің тиген жерін ойып түсер азу тісі ақсиып, төніп келген қапқысы келетіндей ме қалай? Үш інісі мен кішкентай қарындасы әке қамқорлығын көрмей өсті. Тағдырдың салған қиындығы жалғыз асқар тау әкесіз өту емес екен, мұның маңдайына тағы бір ауыртпалық жазылыпты. 19 жасында ойламаған жерден жол апатына ұшырады. Бірінші топтағы мүгедек болып қалды. Кең дүние тарылғандай, ағын су тоқтағандай. Евгений үшін ендігі тірліктің ешбір мәні жоқ тәрізді. Оңашада зілмауыр қорғасындай қалың ойға берілді. Енді көрген күні қалай болады. Төрт құбыла тегіс қараңғы. Сол қараңғылық құшағынан шығарар үміт сәулесі сәл ғана ұшқын шашатындай. Кейін ойлап қараса, өз бойындағы қызылды-жасылды тіршілікке деген шексіз махаббаты, құштарлығы екен ғой. Бір тәуірі апатқа ұшырағанша, орта білім алған. Селодағы қырманда оператор болып жұмыс істеген әрі Отан алдындағы әскери борышын өтеп, темірдей тәртіпке шыңдалған. Аз да болса өмір мектебінен өтіп үлгерген.
Айтпақшы, әскерде жүргенде өз бойынан бұрын байқай бермейтін қызығушылықты аңғарған. Шындап шұғылданса, көз жауын алатын әдемі бұйымдар жасай біледі екен.
– Кейде адам бейімі өсе келе пайда болады деп жатады ғой. Мүмкін солай да шығар, әйтеуір өзім талпынып үйреніп кеттім, – дейді Евгений.
Қазір ол көздің жауын алатын қойын дәптерлер мен әртүрлі пішіндегі қобдишалар жасайды. Заттың сәніне қызыққан әрі қажетті болғандықтан ат-түйедей қалап алушылар да аз емес. Шебердің өз айтуына қарағанда, алдағы уақытта әр бұйымның пішінін жетілдіре түспек.
Бәлкім, шынайы шеберлік осындай тынымсыз еңбекпен жолдас шығар. Ең бастысы, тағдырдың салған сынағына мойымай, тіршіліктің ақбас толқындарымен алысуға қаптал жетіп жатқан қажыр-қайратты айтсаңызшы. Ақжарылып айтқан әңгімесінен ешкімге масыл болуды қаламайтынын аңғардық. Қалай болған күнде де тұла бойында шымшымдап жоқ, буырқанып тұрған нағыз ерлерге тән қайраттың бар екенін жан жүрегімізбен сезіндік.
Бүгінгі таңда Евгений Наталья Николаевнамен бірге тұрады. Мүгедектігіне байланысты мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек бар әрі анасының жан жылуы көкірегін жылытып, ештеңеден кемдік көретін жайы жоқ. Ең бастысы, өмірге деген құштарлық, тіршілікке деген талпыныс бар. Ал жасаған бұйымдарын өткізу туралы жарнама жасап көрмепті. «Ел құлағы елу» деген рас, осындай шебердің бар екені туралы әңгіме ел ішіне тарап кеткен. Жалғыз қиындығы – қобдишалар жасайтын материалдардың тапшылығы. Қажетті заттардың бағасы өсіп, қасқалдақтың қанындай қат болып кеткелі қашан. Өзіндік құны өскен соң үстіне қолақысын көп қоса алмайды.
– Ауылдық жердегі қарапайым халықтың табысы оншалықты қомақты емес қой, – дейді шебер, – қымбатқа сатсаң қиналып қалуы мүмкін. Өз жағдайымды да ойлауым керек. Қажетті шикізатты арнаулы онлайн дүкендер арқылы алып отырмын.
Ел ішінде жанашыр жан аз емес. Евгенийдің қарекетін көргеннен кейін оған әлдебір жомарт жан арнаулы кереует сыйлапты. Жергілікті «Урюпин и К» серіктестігінің директоры Г.Богина және инвестор П.Колодюк көмек қолын созып тұрады екен.
– Адам кез келген қиындыққа төзеді. Әйтсе де ет жақын туыс пен көзтаныстардың жан жылуы керек-ақ. Ертеректе әрқилы конкурстарға қатысушы едім. Еңбегіме орай алған дипломдарым мен Құрмет грамоталарым да жетерлік. Ең басты марапат – жұртшылықтың құрметі, дейді шебер.
Сөз соңында шебер өзін ешкімнің мүсіркегенін қаламайтынын жеткізді. Қимыл-қозғалысы қиын болса да, өр көңілде өмірге деген өлшеусіз махаббат бар. Ал махаббат – бар қиындықтың құрсауын бұзып-жарып кететін құдіретті күш. Сол құдірет бірінші топтағы мүгедектің қос қолтығынан періштедей желеп-жебеп, алға сүйреп келеді. Жайсаң жанның жан сырын ұққан соң жолың ашылсын дедік іштей біз де кемел келбетіне сүйсініп...
Ақмола облысы,
Ақкөл ауданы