Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай негізгі капиталға салынған инвестициялар деңгейін ІЖӨ-нің 25 пайызына дейін арттыру міндетін қойды. Бұл жыл сайын өсім 10 пайыздан жоғары болуы керек дегенді білдіреді.
«Әрине, басқа елдер де қарап отырған жоқ, олар да алға қарай ұмтылып, дамып келеді. Бір сөзбен айтқанда, жаһандық экономика және халықаралық еңбек нарығы түбегейлі өзгеріп жатыр. Технологиялық бәсеке қызып тұр. Барлық жерде ресурстар үшін талас жүріп жатыр. Климаттың өзгеруі, азық-түлік қауіпсіздігі және демографиялық тұрғыдан орнықты даму ең өзекті мәселеге айналды. Бір сөзбен айтқанда, адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер мен түбегейлі өзгерістер дәуірі басталды», деген еді Президент. Осы мақсатта облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов «El-Mor electric installation & Services (1986) Ltd» компаниясының президенті Гершон Гай мырза бастаған компания өкілдерімен іргелі жобаға қатысты мәселелерді талқылады.
Өңір әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, шетелдік компания Жетісу жерінде қуаты 500 МВт болатын күн электр стансасының құрылысы жобасын жүзеге асыруға ниет білдірген. Алдымен өңірдің инвестициялық мүмкіндіктеріне қысқаша тоқталып, Жетісу өңірінің «жасыл» энергияны дамытудағы әлеуетінің мол екенін атап өткен Ә.Қанағатов шетелдік компанияның ұсынып отырған инвестициялық жобасына жергілікті әкімдік барынша қолдау көрсететінін айтты.
Израильдік компания жаңартылған энергия көздері саласында қуаты 500 МВт болатын «Жетісу облысы аумағындағы күн фотоэлектрлік электр стансасы кешенінің құрылысы» жобасын отандық «Sunstar Energy» ЖШС-мен бірлесіп қолға алуға ынта білдіріп отыр. Компанияның инвестициялар жөніндегі директоры Давид Голодтың айтуынша, жобаға шамамен 400 млн доллар көлемінде инвестиция салынады.
Ә.Қанағатовтың айтуынша, алдағы уақытта құрылысқа қажетті жер учаскесі айқындалады. Және жұмыс тобы құрылып, жобаны іске асырудың нақты шаралары мен мерзімдері белгіленеді.
Кездесу соңында облыс әкімдігі, «El-Mor electric installation & Services (1986) Ltd» компаниясы және «Sunstar Energy» ЖШС арасында аталған жобаны жүзеге асыру ниеті туралы үш жақты меморандумға қол қойылды.
Жыл соңына дейін ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 2,8 пайызға өсіп, 544 млрд теңгеге жетеді деп жоспарланған. Осы саланы бұдан әрі дамыту үшін 2027 жылға дейін құны 57,9 млрд теңге болатын 53 инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп отыр. 1,2 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Оның ішінде «Ірі жобалар» қанатқақты жобасы аясында 44,8 млрд теңгеге 18 жоба көзделсе, биыл 400 басқа арналған, 2 млрд теңгелік тауарлы сүт фермасы салына бастайды.
Жалпы, өңірде барлық салада инвестиция тарту жұмыстары жүйелі жүріп жатыр. 2026 жылға дейінгі инвестициялық портфельге құны 1,6 трлн теңге болатын 7,1 мың жұмыс орны құрылатын 146 жоба қалыптастырылды. Облыс құрылғаннан бері жалпы құны 38 млрд теңгелік 1 мыңнан аса жұмыс орны бар 47 жоба іске асырылды. Соның ішінде жыл басынан бері құны 1,7 млрд теңгелік 68 жұмыс орны бар 8 жоба қолға алынды.
Жетісу облысы