Дін • 18 Қыркүйек, 2023

Дін талабы көпке ортақ

416 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

90-жылдарға дейін бір діни басқарманың құрамында болған көрші Өзбекстанның бас мүфтиі Нұриддин Холикназаров киім кию, сақал өсіру және қажылық секілді қоғамда қызу талқыға түсіп жүрген өткір мәселе туралы сөз қозғап, халықты артық кетпеуге шақырды.

Дін талабы көпке ортақ

Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасының баспа­сөз қыз­меті жариялаған ақпа­рат­та діни киім кию мен сырт­қы түр-әлпетке қатысты қатып қалған қағидалар жоқ екенін алға тартып, кейбір азаматтардың жасап жүрген әрекет­і дінге қиғаш болатынын айтады. «Дінге сай киі­неміз деп біз кейде артық кетіп қалып жатырмыз. Қо­ғам­да ис­лам діні белгілі бір киімді ғана киюге шақырады деген пікір қалыптасып қал­ған. Пай­ғамбардың бізге қал­дыр­ған ережесі бар. Бірақ исламда киімнің қан­дай да бір формасы туралы ештеңе айтылмаған, ол мүмкін де емес, өйткені ислам бір ұлттың және бір климаттың ғана діні емес» деген ол пайғамбардың «Алла сендердің түрлеріңе, дүниелеріңе қарамайды...» деген хадисін келтіреді.

Оның айтуынша, егер сен ислам дінін қабылдасаң, бұ­дан былай белгілі бір киім­мен жүруің керек деген талап жоқ. Өйткені бұл дін бүкіл адамзатқа түскен, ал әр халық­тың өз ұлттық киімдері бар. «Ислам бізді сабырлылық пен ұс­там­дылыққа шақырады, киім киюде де сол нәрсе қа­жет. Біз әлемге әбүйірімізді аша­тын жартылай жалаңаш киімді де, арабтың қап-қара киімін де кимеуіміз керек. Жауып жүру талап етілмеген дене бөліктерін бүркемелеу дұрыс емес», деді ол.

Сонымен қатар ол ерлер­дің сақал қою мәсе­ле­сіне де тоқ­талды. «Сақал қою – сүн­нет, оны ешкім жоққа шығармайды. Алайда сахабалар да, ғалымдарымыз да сақалдың ұзындығы бір қабзадан (шамамен төрт елі) артық болмауы және ұқып­­ты қойылуы туралы айтып кет­кен», деді Нұриддин Холикназаров.

Өзбекстан мүфтиінің осы және өзге де бірқатар діни мәсе­лені қозғағаны көрші мемлекетте де дінге қатысты пікірталас барын білдірсе керек. Қазіргі күні интернеттің қа­зақ­тілді сегментін, соның ішінде әлеуметтік желі қол­дану­шыларын қатты тол­ғандырып тұрған тақы­рып­тардың бірі – дін десек, қате­ле­се қоймаспыз. Жаңа оқу жылы басталар алдында әдеттегідей хиджаб тақырыбы көтеріліп, қызу пікірталас легі әлі де жалғасып жатыр. Қоғамдық резонанс тудыр­ған мәселеге Мәдениет және ақ­парат министрі Аида Балаева да өз пікірін біл­діріп, мемлекет дін ұс­тану бос­тан­дығына кепілдік бер­гендігін, алайда біз зайырлы ел болғандықтан, мемле­кет­тік саясаттың барлық мә­се­лесі діни пәтуалармен емес, азаматтық нормалармен рет­те­летінін айтқан болатын. «Мек­тепте бала ең алдымен са­палы білім алуы керек. Со­дан кейін барып, ержете келе діни наным-сенімін, қандай киім үлгісін киетінін өзі ше­ше­ді деп ойлаймын», деді министр.

Таяу күндері еліміздегі жалғыз ислами діни бірлестік ретінде мүфтият та бұл мәсе­ле­ден тыс қалмай, оқушы қыз­дардың мектепке хиджаб тартып баруына қатысты өз мәлімдемесін жариялады. Онда айтылғандай, тек ба­ли­ғат жасына толған қыз­дар­­­­­ға ғана орамал тағу – парыз. Сол секілді дінімізде білім алудың да үкімі – парыз. «Мүфтият шариғат бойынша балиғат жасына толған мұ­сыл­ман қызға орамал тағу парыз екенін жоққа шығарған емес. Сондай-ақ орамал тағу – ұлттық дәстүріміз. Мұны мұсылман қауымы терең тү­сінуге тиіс. Алайда шари­ға­­тымыз балиғат жасына тол­­­ма­ған қызға орамал тағу­ды міндеттемейді. Мұны да мұ­­­сылман жамағаты дұрыс түсінуі керек», деген ҚМДБ өз құзыреті аясында осы мә­селеге қатысты уәкілетті мем­­­лекеттік мекеме­лерге тиіс­­­ті ұсыныс беріл­ген­ді­гін жет­кізді.

Айта кетейік, хиджаб мә­се­­ле­сінен бөлек, жуырда әлеу­­меттік желілерде әлде­бір қыздың «домбыра – харам» деген видеосы тарап, ол да қызу талқыға түсіп, тіпті Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов осы оқиғаға орай пікір білдіргені белгілі. Әрине, елімізде теріс діни ағымды ұстанатын азаматтар қатары әлі де көп. Олар ұлты­­мыздың салт-дәс­тү­рін, музыкалық аспаптарын, бір сөзбен айт­қан­да, дін­де жоқ нәрсенің бәрін харам деп айтып қалып жүр. Ондай қате көзқарасқа қарсы тегеурінді тойтарыс берілгені дұрыс. Қазақстан мұсылмандары діни басқар­масы бұған назар аударып: «Сан ғасырдан бері Ислам дінін ұстанып келе жатқан қазақ халқы ұлттық аспабы­мыз – домбыра арқылы ән, терме-толғау шырқап, тың­даушыны имандылыққа, із­гі­лікке, адамгершілікке, Отан­ды қорғауға, ата-анамыз­ды қадірлеуге шақырған. Қа­зақ­стан мұсылмандары діни басқармасы әлеуметтік желі қолданушыларын «домбыра шерту, беташар жасау, сәлем салу – харам» деген мағынада біржақты, негізсіз пікір ай­тып, халық арасында тү­сін­беушілік тудырмауға үндейді. Ұлттық құнды­лық­тар­ға қарсы келу дұ­рыс емес екенін мәлім­дейміз», деді.

Орайы келгенде айтарымыз, «домбыра – харам» деген сөздің елге танымал тұлғаның емес, ешкімге белгісіз қара­па­йым тұрғынның аузынан шыққанына қарамастан, осын­­­­ша қоғамдық дүмпу ту­ғы­зуына TikTok секілді тара­лы­мы жылдам желілердің де әсері болғаны көрініп тұр. Бұл әдейі жасалған арандату әрекеті болуы да ғажап емес. Діни сауаты тө­мен же­лі қолданушысының бір теріс сөзі үшін бүкіл қо­ғам­­ның дүрлігіп, жаппай шулауы қаншалықты орын­­ды? Мұны көрген жат ағым өкілдері мен қоғам ты­ныш­тығын шайқалтқысы келетін арам пиғылдылар дә­меленіп алып, ертеңгі күні осындай арандату мақса­тын­дағы видеолар жариялауды әдетке айналдырмасына кім кепіл? Мұндай кезде дін саласындағы уәкі­летті орган – Дін істері коми­теті мен мүфтият тарапы­нан дер кезінде пікір білдіріліп, желіні шулатқан теріс пікір­лер­ге уақтылы тойтарыс бе­рілуі керек. Ал өзге жұрт мә­се­лені сан-саққа жүгірт­пей, ма­ман­дардың түсінік­те­месіне құлақ асса құба-құп.

Өкінішке қарай, елімізде ресми орындар тарапынан қоғам дүрлікпей тұрып, ресми мәлімдеме беру жағы баяу екенін мойындауға тура келеді. Жыл басында Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік органдардың басшыларымен өткізген жиын­­да: «Әкімдерге құзырлы органдармен бір­ле­сіп, дін саласындағы жұ­мыс­ты жандандыруды тапсырамын», деген болатын. Бұл тапсырма қаншалықты талапқа сай орындалып жат­қанын айту қиын.