Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Бұл мәселенің бір жағы. Екінші жағынан Қытайдың «жасылдануы» қарт құрлықтың мазасын қашырды. Мәселен, электр көлігі өндірісін субсидиялау мәселесіне ерекше назар аудармақ. Осылайша, саланың ұңғыл-шұңғылын тексеруді көздеп отыр. Қытайдың сауда министрі Еуропалық одақтың бұл қадамын сынға алды. Сондай-ақ Қытайдың электромобиль өнеркәсібі саласында қарқынды дамығанын, климаттың өзгеруіне жаһандық жауап беруге және «жасыл» трансформацияға зор үлес қосып отырғанын алға тартты. Сарапшылардың айтуынша, Қытайдан келетін өнім бағасы арзан. Ал мұндай жағдайда олармен бәсекелесу қиынға түседі.
«Қытайлық ғалымдар мен мүдделі топтар «климаттың өзгеруіне алаңдасаңыз, онда сіздерге қажет өнімді арзан бағаға ұсынамыз» деп айтады. Ал мұндай жағдайда олардан қалай тауар сатып алмайсыз? Жеткізу тізбегін жоқтан бар жасау керек әрі субсидия жасап, пайдаға кенелетініңізге де сенім аз», дейді Лондондағы «Chatham House» сараптамалық орталығының зерттеу жөніндегі директоры Бернис Ли.
Сарапшылардың пайымдауынша, қазіргі таңда Еуропа мен АҚШ-тың өндірушілері мұндай жағдайдан зардап шегіп отыр. Бұған дейін Ақүй тарапы Қытайдың кей компанияларына санкция жариялаған-тұғын. Соның салдарын енді сезініп отыр. Өйткені электр көліктерге керек аккумулятор өндірісінде Батыс елдері кейін қалған. Ал жаһандық нарықтағы бұл саланың 60 пайызға жуығын Қытай қамтамасыз етіп отыр. Қарт құрлық 2035 жылдан бастап қазба отын арқылы жүретін автокөліктерге тыйым салуды жоспарлап отырғанын ескерсек, алдағы уақытта еуропалықтарға Бейжің билігімен бәсекелесу қиындай бермек. Оның үстіне, қарт құрлықтың көлік өндірушілердің аталған елде үлкен зауыттары бар. Сондықтан сарапшылар Еуропалық одақтың көмірқышқыл газынан бас тарту жоспары Қытайға қолайлы болып тұрғанын алға тартады.
Еуропалық комиссияның төрағасы Урсула фон дер Ляйен Еуропа өндірушілері күн панельдерін жасауда Қытайға есе жібермеу керек екенін мәлімдеген. Дегенмен, қазірдің өзінде аталған ел бұл салада әлдеқайда дамып кеткен. Әрі электр көліктерін шығаруда да алдыңғы қатарда. Бұған қоса, мұндай көлік түріне қажет аккумуляторда қолданылатын минералды да көптеп өндіріп отыр. Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығы келтірген деректерге сүйенсек, Бейжің билігі 2009-2017 жылдар аралығында электр көлік жасау саласына 60 миллион доллар субсидия бөлген. АҚШ сол кезде ғана бұл бағытта қаражат құюға кіріскен еді.
Елімізде «жасыл» энергетика саласына ерекше ден қойып отыр. Таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында осы саланы дамытумен мықтап айналысуымыз керек екенін атап өтті.
«Болашақта бүкіл әлем таза энергетикаға көшетіні сөзсіз. Халықаралық сарапшылардың мәліметіне сүйенсек, жалпы әлемдегі күрделі қаржы салымдарының үштен біріне жуығы жаңартылатын энергетика жобаларының еншісінде. Қазақстанда да бұл бағытта көп жұмыс атқарылды. Жаңа Экология кодексі және Көміртегі бейтараптығына қол жеткізудің 2060 жылға дейінгі стратегиясы қабылданды. Соңғы 5 жылда жаңартылатын энергетиканың елімізде өндірілетін қуаттың жалпы көлеміндегі үлесі 5 пайызға жуық өсті», деді Қ.Тоқаев.
Қорыта айтқанда, алдағы бірнеше жыл Брюссельдегі шенеуніктерге үшін оңайға түспейді. Өйткені қазба отынға тәуелді экономиканы қас пен көздің арасында «жасыл» энергетикаға алмастырылмайды. Бұған қоса, қос бүйірден Қытай қысып тұр. Сондықтан атқамінерлердің қажырлы еңбегі мен халықтың ерік-жігері қажет.
Қытай ауаны ең көп ластайтын мемлекет саналады. Жыл сайын онда шығарылатын парникті газдардың көлемі орасан. Сол себепті қарт құрлықтың экологтері Бейжің билігін сынға алып келді. Алайда кейінгі оқиғалар таяқтың екінші ұшы бар екенін көрсетіп отыр.