Сенбі күні ауыл және қала жастары туған өлкедегі киелі орындарды ретке келтірді. Мәселен, Мұғалжар ауданының Жұрын ауылдық округі тұрғындары Мұғалжар қыраттарындағы Естемес тауы баурайын қоқыстардан тазартты. Олар жаз бойы табиғат аясында демалушылар бей-берекет тастап кеткен қоқыстар мен пластик құтыларды жинастырды. Шалқар ауданы Кішіқұм және Тоғыз ауылдық округінің жастары көше бойын, ауылдағы саябақты қалпына келтірді.
Ақтөбе облыстық жастар ресурстық орталығы бастамасымен 100-ден астам ерікті Байғанин ауданындағы Жарқамыс ауылынан 37 шақырым жердегі ХVІІІ ғасырдың ескерткіші – Дәуімшар қорымында тазалық жұмыстарын жүргізді. Жем өзенінің сол жағалауында орналасқан, республикалық маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштер тізіміне енген қорымда 200-ден аса кесене, сағана там, қойтас бар. Ақтөбеден барған «Жасыл ел» жасағының еріктілеріне Байғанин ауданының жастары қосылып, қорым арасын қураған шөптерден тазартып, ескі сүрлеу жолын ашты, бояуы өшкен ескерткіштерді жуып-тазалап, үш ғасыр бұрынғы тас обалардың шашылған тастарын жинады. «Акцияға қатысқан жастар туған жердің табиғатын сыйлау өткен мұраны қадірлеуден басталатынын жақсы сезінеді», дейді облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Елеусіз Нұрғалиев.
Ақтөбе облысы