
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Астана қалалық білім басқармасының хабарлауынша, бұл бастама ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын іске асыру мақсатында қолға алынған. Ата-аналар жағымды жаңалықты қуанышпен қабылдады.
– Көпбалалы отбасының ұл-қыздары балабақшаға тегін барады, олардың тамағын мемлекет төлеп береді дегенді естіп қуанып жатырмыз. Шыны керек, 21 мың теңге кей отбасының қалтасына айтарлықтай салмақ түсіреді. Оны төлеуге қиналатындықтан, кезегі келіп тұрған баласын балабақшаға амалсыз апара алмай отырғандарды да көріп жүрміз. Өйткені баланың тамағынан бөлек басқа да қажеттілігіне қаражат керек. Оның үстіне кейде бір үйден 2-3 бала балабақшаға баруы мүмкін. Мұндайда ата-аналардың шығыны тіпті көбейеді. Бұл отбасылық бюджетке әжептәуір салмақ. Ал ұсынылып отырған қамқорлық – көп балалы, жағдайы төмен отбасыларға айтарлықтай көмек. Енді осы көмекті алу үшін не істеу керек? Қалай әрекет ету қажет? Бұл жоба қашанға дейін жалғасады? Құжаттарды қабылдаудың арнайы уақыты белгіленген бе? Осы сұрақтарға жауап таппай елеңдеп жатқан жайымыз бар, – дейді Еркебұлан.
Астана қалалық білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев бастаманың жай-жапсарын түсіндіріп берді.
– Астана қаласы әкімдігінің 2023 жылғы 12 шілдедегі қаулысы негізінде осы айдан бастап мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылған мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы 6 мыңнан астам тәрбиеленуші тегін тамақтанады. Мұндай мүмкіндік келесі санаттарға жататын балаларға беріледі: жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, даму мүмкіндіктері шектеулі балалар, көпбалалы отбасының балалары, атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасының балалары, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, бірақ жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасының балалары. Қазіргі таңда балабақшалардан 6 409 өтініш келіп түсті, – деді Қасымхан Сенғазыев.
Білім басқармасының ақпаратына сүйенсек, ата-ана мектепке дейінгі ұйымдарға және толық күн болатын шағын орталықтарға баратын баласының тамағына ай сайын 20 800 теңге төлеуге тиіс. Енді жоғарыдағы санатқа жататын балалардың ата-аналары бұл төлемнен босатылады.
– Жоба 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап күшіне енді және 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін жалғасады. Мұндай мүмкіндікті алу үшін тиісті санаттарға жататын ата-аналар баласы (мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылған мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына, толық күн болатын шағын орталықтарға) баратын балабақшаның әкімшілігіне жүгініп, өтініш жазуы керек. Өтініш жазып, көмек алудың нақты, яғни шектеулі уақыты жоқ. Кез келген күні жұмыс уақытында барса, қабылдай береді, – деп нақтылады басқарма басшысы.
Елордадағы 300 балаға лайықталған №98 «Мирас» балабақшасының жанынан бала санының көптігіне байланысты толық күн болатын шағын орталық ашылған. Осы балабақша мен орталықтан 84 бала аталған көмекке ілігіп отыр. Мектепке дейінгі ұйым басшысы Алмагүл Жеткергенқызының айтуынша, мұндай балалардың саны әлі де артады. Өйткені мектепке дейінгі ұйым әкімшілігі тек бір ғана санат бойынша құжат жинап үлгерген.
– Бүгінде балабақшадағы 300, шағын орталықтан 100 балаға тәрбие мен білім беріп отырмыз. 400 тәрбиеленушіден көпбалалы отбасының 84 баласы енді балабақшаға тегін келеді. Ата-аналарға осындай жаңалықты жеткізіп, құжатын сұратқанда балаша қуанғанын көрдік. Нарықтық заманда 21 мың теңге қомақты қаржы болып көрінбеуі мүмкін. Десе де мұндай қамқорлық көп баласы бар ата-аналарға әжептәуір көмек болатыны сөзсіз. Екі аптаның ішінде көпбалалы отбасылардан құжат жинап, өткізіп үлгердік. Енді алдағы уақытта басқа санатқа кіретіндерден жинаймыз. Сонда көмек алушылардың саны қазіргіден көбейеді. Көпбалалы отбасы екенін анықтайтын құжатты «Каспи» қосымшасынан алу оңай болғандықтан, осы санаттан бастадық. Енді басқа санаттар үшін құжат жинауға кірісеміз, – дейді Алмагүл Жеткергенқызы.
Еске сала кетейік, Президенттің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасында «Қолжетімді және сапалы білім» деген бөлім бар. Сол бөлімде осы бір бастамаға қатысты: «Елімізде 6,5 миллион бала бар. Олардың бәріне тұрған жеріне және қай тілде оқитынына қарамастан, іргелі білім, цифрлық технология, жайлы білім инфрақұрылымы тең дәрежеде қолжетімді болуға тиіс. Осы мақсатта әлеуметтік осал топ санатындағы отбасының балалары балабақшада тегін тамақтанады және бастауыш сынып оқушыларының барлығы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі», деп жазылған.
Әзірше мұндай бастаманы тек Астана қаласының әкімдігі ғана қолға алып отыр. Жақсы жоба өзге өңірлерде де жалғасса, нұр үстіне нұр болар еді.