Мемлекет басшысының Жолдауда қоғамға, жалпы ел тұрғындарына айтқан ұсынысы да осы – үнемшілдік дер едім. Мәселен, үйде мезгілсіз жұмсалған электр қуаты, краннан ағыл-тегіл аққан су тегін жатқан дүниедей көрінеді. Бірақ бәрі де сайып келгенде ысыраптық тұрмыстың сипаты емес пе? Биылғы жазда Жамбыл облысы диқандарының суға зәру болып, бұл мәселенің төтенше жағдайға дейін жетуі республиканың түкпір-түкпіріндегі әр елді мекен басшылары мен тұрғындарын ойлантуы қажет.
Екінші мәселе – білім саласы. Мемлекет білім мен ғылым саласына қолдау көрсетіп келеді. Бұл қолдау ғылымды қаржыландырудан, мұғалімдердің еңбекақысын көтеруден, «Жайлы мектеп» бағдарламасын бастаудан көрініс тапты. Жолдауда да білім беру жүйесін реформалау, оның ішінде сапалы білім алу, сондай-ақ қауіпсіз балалық шақты қамтамасыз ету мәселелері сөз болды. Білім алудағы теңдікті қамтамасыз ету мақсатында Президент бес жастан асқан балаларға арналған «Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізуді тапсырды. Бұл бағдарламада мемлекет тарапынан ұсынылатын бастапқы білім беру капиталы, жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс қарастырылуға тиіс. Осы жинақ пен «Ұлттық қор – балаларға» жобасының қаражаты қосылғанда жас ұрпақтың сапалы білім алуына қолайлы жағдай тудыратынын кесіп айтты.
Үшінші – қоғамдық сана және ұлт сапасын көтеру мәселесі. Қазақ қоғамының ғасырлардан келе жатқан құндылықтар жүйесі қазіргі қоғамды тәрбиелеуде, мәдениетті өрістетуде негізіне айналуы керек. Бұл ескерілсе, әсіресе жас ұрпақтың отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл әрі жанашыр болатынына дау жоқ. Сәйкесінше мұндай азаматтар өрістеп өркендесе, егемен Қазақ елінің алар асуы да асқақ.
Гүлфайруз ҚАЙЫРҒАЛИЕВА,
тарих ғылымдарының кандидаты