МАЭК – біртұтас энергетикалық және су өндіруші кешен, оның негізгі міндеті – Маңғыстау және ішінара Атырау облыстарын электр энергиясымен, Ақтау қаласын жылу энергиясымен, ауыз сумен, ыстық және техникалық сумен қамтамасыз ету. МАЭК-те негізгі құрал-жабдықтардың 80%-дан астам тозуы кәсіпорны қызметін төтенше жағдайға соқтырған болатын.
Премьер-министрге «МАЭК» ЖШС бас директоры Ж.Сүйіншалиев кәсіпорынның ағымдағы дайындығы және оны одан әрі жаңғырту жоспарлары туралы баяндады.
Айтуынша, биыл кәсіпорынның өз қаражаты есебінен турбоагрегаттарға, қазандық агрегаттарына және қосалқы жабдықтарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әбден тозығы жеткен құрылғыларды ауыстыру үшін Маңғыстау облысы әкімдігінің резервінен 2,6 млрд теңге бөлінген. Сонымен қатар Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша жаңа жабдықтар мен қосалқы бөлшектер сатып алуға Үкімет резервінен тағы 4,9 млрд теңге бөлінді. Қазіргі уақытта жабдықтарды жеткізушілермен келісімшарттар жасалды, олар осы жылдың қараша-желтоқсан айларында жеткізіледі.
Ә.Смайыловқа ЖЭО жабдығының едәуір тозуына байланысты 2024 жылы №3 энергоблокті ішінара жаңғырту арқылы күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланғаны туралы баяндалды. Сондай-ақ 2025 жылы №2 энергоблокті және 2026 жылы №1 энергоблокті толық жаңғырту арқылы күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Жылу электр орталығының бас ғимаратындағы аяқталмаған құрылыс алаңында №4 энергоблок салу жоспарланып отыр. Құрылыс алаңына барлық қажетті инженерлік коммуникациялар тартылған. Іске асыру мерзімі – 2027 жылдың 4-тоқсаны. Жалпы, қолданыстағы энергоблоктерді жаңғырту және жаңаларын салу есебінен генерация тұтастай алғанда 420 МВт-ға артпақ.
Екі су жылыту қазандығының құрылысы мен 1-ЖЭО-дегі №7 қазандық агрегатын, сондай-ақ №10 қазандық агрегатын жаңғырту және 2-ЖЭО-дағы №7 турбоагрегатты конденсаторлық турбинаға ауыстыра отырып қайта жаңарту сынды жобалар бойынша қазіргі таңда техникалық құжаттар дайындалып, Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Бүгінде жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу бойынша конкурстық рәсімдер жүргізіліп жатыр.
Премьер-министр апатты жағдайдағы жабдықты ауыстыру комбинаттың техникалық жағдайын жақсартып, жұмыс қабілетін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Яғни генерациялық қуат көздерінің өшіп қалуы және тұтынушылар үшін шектеулерді енгізу сияқты тәуекелдер барынша азаяды.
Бұдан әрі Үкімет басшысына «Каспий» су тұщыту зауыты» ЖШС директоры Н.Аққұлов зауыт өнімділігін тәулігіне 40 мың текше метрге жеткізу жұмыстары туралы баяндады.
Нысанды жаңғыртуға мемлекеттік бюджеттен 12 млрд теңгеден аса, ал Үкімет резервінен қосымша 5 млрд теңгеден аса қаржы бөлініп, қазіргі таңда жоба бойынша құрылыс жұмыстары 90%-ға орындалды. Сондай-ақ зауытта жаңа сорғы қондырғылары, суды алдын ала тазарту сүзгілері, суды минералдандыруға арналған сүзгі-кондиционерлер, араластыру камералары, электр желілері мен трансформаторлық қосалқы стансалар орнатылған. Ә.Смайылов Мұнайлы және Қарақия аудандарының елді мекендері үшін ауыз судың негізгі көзі дәл осы зауыт болып отырғанын атап өтті. Қазір оның қуаты тәулігіне 20 мың текше метрді құрайды. Ол 180 мыңнан аса адамды сумен қамтамасыз етеді.
– Халықтың жыл сайынғы өсімін, сондай-ақ Каспий теңізінің жағалауында туристік кластердің дамуын ескере отырып, ауыз су өндірісін ұлғайту мәселесі аса өзекті. Осыған байланысты Президент «Каспий» тұщыландыру зауытын тәулігіне 40 мың текше метрге дейін кеңейту жобасын іске асыруды тапсырды. Үкімет тарапынан қажетті қаржылық қолдау көрсетілді. Облыс әкімдігіне осы жобаны жыл соңына дейін аяқтау қажеттігін тағы да еске саламын, жаңа жылдан бастап халық сумен қажетті көлемде қамтамасыз етілуге тиіс, – деді Премьер-министр.
Үкімет басшысы Ақтаудағы жаңа Оқушылар сарайының жұмысымен танысты. Жаңа нысан жақын арада өзінің алғашқы оқушыларын қабылдайды. Оқушылар сарайы облыс орталығында, сондай-ақ жақын маңдағы Мұнайлы және Түпқараған аудандарында тұратын 5 000-нан аса баланы тегін қосымша біліммен қамтуға мүмкіндік береді. Мұнда көркем, ғылыми-техникалық және жалпы гуманитарлық бағыттағы үйірмелер, спорт секциялары жұмыс істейді. Оқушылар сарайында xop, оркестр және музыкалық аспаптарда ойнауды үйрететін жеке сабақтар қарастырылған, хореографиялық студия, авиамодельдеу бөлмелері, компьютерлік сынып, әмбебап спорт залы, спорттық жүзу бойынша жаттығу бассейндері, йога және аэробика залдары, дизайн және бейнелеу өнері студиясы, қолөнер және материалдарды көркем өңдеу шеберханалары, әдеби-драма студиясы, кітапхана, коворкинг-кеңістік және IT-технологиялар зертханасы бар. Оқушылар арасында шахматты кеңінен насихаттау мақсатында гроссмейстер, шахматтан әлем және Азия чемпионы Б.Асаубаеваның шахмат шеберлігі мектебі ашылады.
Премьер-министр Ә.Смайылов Ақтауда Қазақстанның және әлемнің басқа да елдерінің 300-ден аса туристік бизнес өкілінің қатысуымен өтіп жатқан Туризмді дамыту жөніндегі халықаралық форумға қатысты.
ШЫҰ елдерінің министрлері, халықаралық қонақүйлер, ірі отандық және шетелдік туроператорлар, әуе компаниялар желілерінің басшылары, сондай-ақ инвесторлар, халықаралық сарапшылар, дипломатиялық корпус және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысқан форумда Премьер-министр мемлекеттің туризмді дамытуға, төл мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді насихаттауға үлкен мән беріп отырғанын атап өтті.
– Біз «зәкірлік» жобалар іске асырылатын маңызды 10 туристік аймақты анықтадық. Олардың бірі – Каспий теңізінің жағалауы. Бұл – ерекше фаунасы, көркем жағажайлары мен ежелгі көрікті жерлері бар ерекше мекен. Біз кез келген қонақ үшін барынша қолайлы жағдай жасауға ниеттіміз. Мемлекеттің де, жеке сектордың да күш-жігері осыған бағытталған, – деді Үкімет басшысы.
Ә.Смайылов туристік турларды ұйымдастыру және биологиялық әркелкілікті сақтау үшін инвесторлар қоршаған ортаға зиян келтірмейтін жаңа нысандар мен жобалар жасауға белсенді түрде тартылып отырғандығын, еліміздің халықаралық туристік нарықта бәсекеге түсе алатын бірегей турларды ұсына алатындығын да айтты. Сондай-ақ Премьер-министр бүгінде ел азаматтары визасыз жүре алатын мемлекеттердің саны 80-ге дейін артқанын, халықаралық әуе қатынасының географиясы кеңейіп келе жатқанын қозғады.
– Өткен жылдан бері мемлекеттік қолдау шаралары бойынша туризм нысандарын салу, тау шаңғысы курорттарын дамыту және туристік автобустар сатып алу жобалары қамтылды. Шетелдік туристер тарту үшін мемлекет туроператорларға да субсидия береді. Сондай-ақ ел ішінде саяхаттайтын Қазақстан азаматтары үшін балалар әуе билеттері субсидияланады. Кейінгі үш жылда салаға 4 млрд доллар көлемінде инвестиция тартылып, 400-ден аса туристік нысан салынды. Республикада «Hilton», «Marriott», «Wyndham», «Accor» және тағы да басқа осы сияқты 20-дан аса танымал халықаралық қонақүй желісі есігін айқара ашты. Біз шетелдік және отандық инвесторларды Қазақстанның туризм саласын ел Үкіметінің қолдауымен ұзақмерзімді инвестиция салу мүмкіндігі ретінде қарастыруға шақырамыз, – деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы жол бойындағы сервистік нысандарды пайдалану сапасы мәселелерін шешіп, агротуризмді дамыту шараларын әзірлеу қажеттігін, Туризм және спорт индустриясын қолдау корпоративтік қорының мәселелерін оған спорт саласының ғана емес, туризм саласының да жобаларын қаржыландыру құқығын бере отырып, шешу маңыздылығын, саланың даму әлеуеті зор екенін және қосымша жұмыспен қамтып, азаматтардың табысын арттыра алатынын айтып, форумға қатысушыларды келесі жылы еліміздің бас қаласында өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысуға шақырды.
Форум қорытындысы бойынша туризм саласындағы отандық және шетелдік компаниялар өзара ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойды.
Маңғыстау облысы