Киелі Жетісу өңірі – қай кезде де ән мен жырдың алтын бесігі болып саналады. Сондықтан да мұндағы ақындық дәстүр, ән мектебі түркі елінің ортақ рухани әлеміне қосылған өлшеусіз үлес деуге болады. Елдің рухын көтерген өнер адамдарына көрсетілген қамқорлық мұнда жыл өткен сайын жарасым табуда.
Қаламгерлермен дәстүрлі кездесу киелі Күреңбелде жалғасты. Қазақтың көгіндегі жарық жұлдыздай жарқырап өткен Шоқанның ізі қалған аймақ азаматтары қаламгерлерді құшақ жая қарсы алды. Дидарласуда облыс әкімі Серік Үмбетов Елбасының бастамасымен қолға алынған “Мәдени мұра” бағдарламасы бойынша өңірде атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Бұдан соң жазушы Әли Ысқабай, ақындар Надежда Лушникова, Айтақын Әбдіқал, тағы басқалар сөйлеп, жалпы бүгінгі күні шешімін табатын мәселелер жайлы ой қозғады. Олар қалам күшін ел игілігі мен халық бірлігіне жұмсайтындықтарын да ортаға салды.
Күреңбелге келген қаламгерлер қазақтың бұлбұл әншісі Күләш Байсейітованың Жетісу өңіріне келін болып түскендегі жеріне қойылған тасқа тәу етіп, тарихи орындармен танысты.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.