«Туған жерге туың тік» деген сөзді сүйегіне сіңіре білген кәсіпкер сапаржайды өз қаражатына көтерген. Күн батареяларынан электр қуатын алатын, газбен жылынатын экопавильонға 8 миллион теңге жұмсалыпты. Кәсіпкердің сапаржайдың жанында дәмханасы, дүкені бар. Автобус жүргізушілері, жолаушылар ауқаттана алады.
– Жаңадан салынған сапаржай облыс әкімінің тікелей тапсырмасымен салынып отыр. Осы орайда ұсынысымызды қолдаған жеке кәсіпкер Андрей Рыженковқа ризашылығымызды жеткізгіміз келеді. Осыдан бірер жыл бұрын кентіміздегі маршруттар жүретін орын жабылып қалған еді. Автобус қызметі қайта жанданғанымен, көлік тоқтайтын нысанның жоқтығы жолаушыларға қолайсыздық тудырған еді. Міне, Андрей секілді жанашыр азаматтардың қолдауымен бұл мәселе шешімін тауып отыр, – дейді Нұра ауданының әкімі Бақытжан Мұқанов.
Жоғарыда атап өткеніміздей, бұрын жолаушылар жолға такси жалдап барып, автобусқа мінетін. Соның шешім тапқанына кент тұрғыны Сәуле Құрманова бек риза.
– Бұрын автобустар кенттің ішіне кірмейтін еді. Автобусты далада күтетін едік. Жаздың күні жарайды дейміз. Ал қыста қиындық тудыратын. Баламен жүргендерге, тіпті. Міне, енді мұны ұмытатын болдық. Жаңа, жайлы сапаржайымыз бар. Андрей есімді кәсіпкерге мың рахмет. Ауылын ойлаған азаматтың жолы ашық болсын, деп жылы лебізін жеткізді Сәуле Сейілханқызы.
Жақында касса жұмысы іске қосылады. Мұнда Қарағанды – Урожайный (Егінді), Қарағанды – Нұра (Осакаров арқылы), Қайнар – Изенді – Жараспай – Нұра–Астана бағыттары бойынша автобустар тоқтайтын болады.
Сапаржайда билет алатын касса, буфет, жанында дәмхана, дүкен және дәріхана бар.
Қарағанды облысы,
Нұра ауданы