Қарағанды облысының табиғи ресурстар және табиғи пайдалануды реттеу басқармасының қарамағындағы жердің жалпы ауданы – 127 039 гектар. Оның 68 962 гектары – орман. Биыл дала мен орманды қосқанда 192,62 гектар отқа оранған. Оның 55,71 гектары – орман.
Өрт қаупі күшейгенге дейін басқармаға қарасты орманның айналасы қотарылған. Қотарылған жердің ұзындығы – 4293,2 шақырым. Басқарма басшысының сөзінше, қажетті жұмыс күші дер кезінде жұмылдырылыпты.
Орман қорын тілсіз жаудан қорғауға арналған шаралардың жоспары облыс әкімімен осы жылдың наурызында бекітілген.
– Қарағанды облысының аумағында орман өртінің алдын алу және оларды жою жөніндегі іс-қимыл жоспары бар. 2023 жылға арналған табиғи өрттерді жою кезінде табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы және Төтенше жағдайлар министрлігі Қарағанды облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бөлімшелерінің өзара іс-қимыл тәртібі туралы алгоритм әзірленді. Биыл орман шаруашылықтарын жарақтандыруға 1,1 млрд теңге бөлінді және 349 заманауи жабдықтар мен мүлік сатып алынды, – дейді басқарма басшысы Бахтияр Санбаев.
Басқарма паркі өрт сөндіру көліктері, мотоциклдер, квадроциклдер, тракторлармен толыққан. Тағы да басқа төтенше жағдай кезінде қолданылатын құрылғылар жеткізілген. Сонымен қатар ормандардың маңында 5 өрт сөндіру стансасы бой көтермек. Стансалар Қарағанды қаласының, Ақтоғай ауданының, Бұқар жырау ауданындағы Белағаш ауылының, Шет ауданындағы Ақсу-Аюлы ауылының, Қарқаралы ауданындағы Егіндібұлақ ауылының іргесінде орналасады.
Басқарма басшысы: «жасыл желекке біздің ғана емес, халықтың да жаны ашуы керек», дейді. Өйткені тілсіз жау кейде демалушылардың салғырттығынан да тұтанады. Көбіне қауіпсіздік ережелері ескерусіз қалады екен.
Орман өртімен қоса, басқарма заңсыз ағаш кесушілермен де күрес жүргізіп жатыр. Заң бұзушыларды анықтау мақсатында 101 рейд ұйымдастырылған. Нәтижесінде, 2 заң бұзу дерегі анықталды. Ал осындайда пайда табуды ғана ойлайтын пысықайлар 3,8 текше ағаш кесіп үлгеріпті.
Қарағанды облысы