Әдебиет • 18 Қыркүйек, 2023

«Інжу-маржан» әуелесе...

323 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Әсеттей сал ән салсаң...» деп басталатын әннің бірнеше нұсқасы бар. Әсет әндері Арқа жерінен қанат қағып, мынау Семей, сонау Жетісу мен қазір арғы бетте қалып қойған қазақ өлкелеріне түгел жайылған ұлт өнерінің асқақ бейнесі десе болғандай. Кезінде қазақ ән өнеріне қатысты маңызды хабарлар мен бағдарламалар, үлкен ән байқаулары Әсет әнінің атымен «Інжу-маржан» аталып жатты. Қазақ өнерінің алыбы жиып алыңдар дегендей ұлт мәдениетінің небір інжу-маржандарын тастап кетті соңына.

«Інжу-маржан» әуелесе...

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Өткен күндері әлеумет­тік желіде Өмір Шыныбек есімді білімдар қазақ «Валь­да­ролық ғашықтар» атты пост жариялап, еріксіз назар аудартты. Мыңдаған жыл жер астында сақталған, бір-бірін құшып жерленген ғашықтар сүйегінің су­реті екен. Ол кісі «Қозы Көр­пеш – Баяндай, бір мо­лада өлсем-ау». Қазақ әні­нен» деп тақырып қойып, былай депті: «Вальдаролық ғашықтар». Италиядағы Валь­даро қыстағының жанынан табылған мынау адам қаңқаларына археолог­тер осындай атау беріпті. Неолит дәуірі. Кемі 6000 жыл бұрын жастары шамамен 20 жастағы ер мен әйел белгісіз себеппен құ­шақтасып қаза тауыпты».

«Қазақ әнінен» деген та­қырып бірден Әсеттің «Інжу-маржанын» еске салды. Қайта бір қопсытып қой­масақ, өзіміз де ұмытуға айналған ән төресін Дәнеш Ра­қышев, Нұржан Жанпейіс секілді әншілердің орындауында тағы бір тыңдап ра­қатқа баттық. Әйгілі ән­ші-композитор Кенен Әзір­баевтың Әсет жөнінде айт­қаны еске түседі: «Әлі есім­де. Жас кезім. Атағым жаңа шыққан әншімін. Іле бойында үш жүз ақ боз үй тігілді. Жарты ай бойы сауық, бәйге, көкпар, салым, күрес болды. Күн са­йын кеш­ке қарай өнер таласы, ән­шілік сайысы бас­талады. Міне, осы жиында Әсетт­і көрдім. Өзім көрген ән­шілердің ішінен Әміре бол­маса, Әсетке пар келер еш­қайсысы жоқ-ау! Оның үс­тіне киген төңірегін зерлеген қызыл мәуіті шапанына дейін көз алдымда қалды», депті Кенен ата.

Әсеттің сәні, салтанаты өз алдына, әні мен жыры зор тынысты дарын иесінің кө­­кірегінен шыққанын ғана емес, аса талғампаз, білім­дардың мәнері екені бірден байқалады. Себебі осы «Ін­жу-­маржанның» өзінде:

«Сәйфіл Мәлік –

Жамалдай,

Бейнетіңе көнсем-ай!

Қозы Көрпеш – Баяндай,

Бір молада өлсем-ай!»,

деп тебіреніп әнге қосады. Академик Әлкей Марғұлан болса, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының сюжеті біз­дің жыл санауымызға дейінгі ІІІ ғасыр, тіпті одан да әрідегі оқиғадан басталатынын ғылыми дәлелдеп берген. Бәлен ғасыр халық санасында ғұмыр кешкен жырдағы ғашықтардың бірге жерленгенін Әсет мұхиттан сүзіп алған інжу-маржандай ұлт өнерінің мойнына алқа қылып таққандай әсер етпей ме? Және қандай асқақ әуен, құнарлы сөз. «Алыстан сермеп, жүректен тербеп»­ салған. Оның үстіне көп­теген зерттеушілер әнші бұл туындысын жас күнінде шы­ғарған болуы керек деп тұ­жы­рымдады. Белгілі жазушы Бексұлтан Нұржеке:

«Әсеттің «Інжу-маржан» әні – Естайдың «Қорланы» сияқты махаббат гимніндей ән. Әуендік құрылысының күрделігілі де, әуезділігі де «Қорланға» ұқсайды.

«Інжу-маржан» Әсеттің жас кезінде шығарған алғаш­қы әндерінің бірі болса ке­рек. Себебі махаббат жа­йын­дағы ән де, өлең де адамның жас­тық шағында тууға тиіс. Оның үстіне Әсеттің «Қозы Көрпеш — Баяндай» деген сөзді айтуы да бекерден-бекер болмаса керек. Оның жігіттік дәурені Лепсі уе­зін­де өтке­ні, ал Қозы мен Баянның бейі­­ті де сол өл­кеде екені белгі­лі. Қозы мен Баянның күмбе­зін көр­ген жас жігіт адал ма­хаббат жа­йын­да қиялдамады, олар жайындағы жырды естіп те­біренбеді дейсіз бе? «Сей­піл­мәлік – Жамалдай» деуі­не қарағанда, ол әнді шы­ғарған кез Әсеттің медре­се­де оқып жүрген немесе оны оқып кеткен кезі де болар. Әйгілі «Мың бір түнде» айтылатын махаббат хикая­сы жас ақынның құлағына сол медреседегі оқу арқылы жет­кені шүбәсіз секілді», дейді.

Жалпы, Әсет шығарма­шы­лы­ғына қатысты жазушы­ның еңбектері баршылық. Ескі кітаптарының біріне жаз­­ған алғы сөзін де оқыған­быз. Сондықтан бұл кісі­нің пікірін тартынбай келтір­дік. Бұған қоса шоқтықты туынды туралы мына сөзі де назар аудартарлық сияқты:

«Бұл әнге байланысты бір күдік – қазіргі айтылып жүрген өлеңі әуен мәніне, ән­нің мақсатына үйлеспейді. Соған қарағанда, бұл сөз­дер «Інжу-маржанның» өзі­ні­кі емес. Өйткені ғашықтық әніне «Әуелетіп ән салса ән­ші Әсет» деу де, «Әсеттей сал ән салсаң аңыратып» деу де жарасып, жымдасып тұрған жоқ. Әр екі жолдан кейін алмасып келетін «Еркем, сені сағындым», «Сағынбасқа не шара» секілді қайырма тіркестер де, «Сейпілмәлік – Жамалдай бейнетіңе көнсем-ай, Қозы Көрпеш – Баяндай бір молада өлсем-ай» дейтін негізгі қайырма да біз айтып жүрген ән мәтінінің мәнінен мүлде алшақ. Ал «Інжу-мар­жанның» өз сөзін табу мүм­кін бе, жоқ па деген мәселе – аса шешуі қиын мәселе, бірақ үміт үзуге тиісті емеспіз», дейді.

Десек те, «Інжу-мар­жан­­­ның» екінші түрін тың­­­­дағанда, қайырма мен шу­мақтар арасында аса ал­шақ­­­тық байқалмайтындай се­зіледі. Оны зерттеушілер айта жатар. Біз әзірге Әсет ән­деріне бір назар салып, тың­дарман құлағын бұрып қой­ғанды жөн көрдік.