Саудакентке жиналған жұрт алдымен қобызшылар топқа түскен «Жезкиік» республикалық байқауын тамашалады. Өнер додасына еліміздің бес өңірінен 11 қобызшы қатысып, өнерін ортаға салды. Қатысушы үміткерлер орындаған шығармалардың барлығы да көрермен қауымның көңілінен шықты.
Байқау қорытындысында Атырау облысынан келген Аятолла Тұрғановтың өнерін қазылар алқасы жоғары бағалап, бас жүлдеге лайық деп тапты. Жүлделі бірінші орынды Анарбек Мырзабай мен Жалғас Нұрашов иеленсе, екінші орын Гүлнұр Қуанышқалиева, Айша Бердімұратова, Қазбек Малдыбайға бұйырды. Сондай-ақ Гүлнұр Рахымжанова, Әбдіманап Бәйдібек және Аружан Тасболат үздік үштіктің қатарынан көрінсе, Әйгерім Ахметжанова мен Айша Омарова ынталандыру жүлдесіне ие болды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлердің Алғысхаты мен сый-сияпатын Қазақстанның Еңбек Ері, әйгілі композитор Ілия Жақанов пен аудан әкімі Сәкен Мамытов табыстады.
Іс-шара соңы Саудакент ауылындағы мәдениет үйінде ұйымдастырылған «Қобыз атасы – Ықылас» атты республикалық форумға ұласты. Форумның ашылу салтанатында Сарысу ауданының әкімі Сәкен Мамытов Ықылас мұрасын жаңғырту үшін ауданда бірқатар жұмыс қолға алынатынын айтып өтті. Іс-шараны Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің солисі, Мәдениет саласының үздігі, күйшілер одағының Атырау облыстық филиалының жетекшісі Ақнар Тәттібайқызы жүргізді.
Форум барысында Қазақстанның Еңбек Ері, әйгілі композитор Ілия Жақанов, қоғам қайраткері Әбдіманап Көпбергенов, Ықыластың дәстүрлі мектебін жалғастырушы-ұстаз Әбдіманап Жұмабеков, жазушы Пернебай Дүйсенбин бастаған өзге де мәртебелі меймандар сахна төріне көтеріліп, баба мұрасын насихаттаудың маңызы туралы ойларын ортаға салды.
Жамбыл облысы,
Сарысу ауданы