Өнер • 19 Қыркүйек, 2023

Бибігүл Төлегенованың ХІІ Халықаралық вокалистер байқауының Бас жүлдесі Бакуге кетті

184 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бұл күндері Алматыда дәстүрлі түрде өткізіліп келе жүрген Бибігүл Төлегенованың ХІІ Халықаралық вокалистер конкурсы да мәреге жетіп, жеңімпаздар анықталды.

Бибігүл Төлегенованың ХІІ Халықаралық вокалистер байқауының Бас жүлдесі Бакуге кетті

Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының 90 жылдық мерейлі маусымының ашылуымен қатар өткен конкурстың әлеуметтік серіктесі – «Samruk-Kazyna Trust» Әлеуметтік жобаларды дамыту қоры екендігін айта кету керек.

Сонымен биылғы Бас жүлде Әзірбайжан астанасы – Бакуден келген Махир Тагизадеге бұйырды. Оған қоса Махир Тагизаде «Қазақстан композиторларының туындысын шебер орындағаны үшін» деп аталатын арнаулы сыйлыққа да ие болды.

Конкурстың қазылар алқасының төрайымы, КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның Мемлекеттік сыйлықтарының иегері, академик, қазақ классикалық өнерінің бұлбұлы Бибігүл Төлегенова салтанатты марапаттау рәсімінде: «Байқауымыздың барша қатысушысын, жас әрі талантты орындаушыларды шын жүректен құттықтай отырып, осы байқауға қолдау білдірген ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне және министрі Аида Балаеваға, Алматы әкімдігіне, «Samruk-Kazyna Trust» Әлеуметтік жобаларды дамыту қорына, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрына және біздің барлық демеушілерімізге алғыс білдіремін! Олардың қолдауының арқасында конкурс ойдағыдай өтті.

Бибігүл Төлегенованың Халықаралық вокалистер конкурсы менің жеке конкурсым емес, бұл Қазақстан туралы, ел мәдениетінің игілігі. Конкурс ең алдымен Қазақстанның атын шығаратын жоба. Бұл байқау Орталық Азия елдеріндегі классикалық өнердегі жалғыз жоба болғандықтан біздің конкурсқа қатысу үшін алыс және жақын шетелдерден көптеген талант иелері келіп, кәсіби опера және концерттік камералық әншілер жиналады. Бұл біз үшін жетістік, қуаныш. Биылғы конкурс әдеттегідей жоғары деңгейде өтті. Конкурста жаңа есімдер аталды, классикалық өнердің жас қарлығаштары қанаттарын қақты және олар Бибігүл Төлегенованың Халықаралық вокалистер конкурстының лауреаттары атанады. Бұлар – Қазақстанның мақтанышы. Дәл осы конкурстың лауреаттары әлемдік сахнаға шығып, Қазақстаннан шыққан әншілер еліміздің атын шығарады», деді.

Бибігүл Төлегенованың ХІІ Халықаралық вокалистер конкурсының жеңімпазы Махир Тагизаде журналистерге берген сұхбатында: «Қуанышым қойныма сыймай тұр, бұл конкурсқа үш рет қатысқым келсе де сәті түспеген еді. Енді міне, қатысып қана қоймай, жеңімпаз атандым. Мен өз елімдегі және басқа да көптеген халықаралық конкурстарға қатысқанмын. Бұл жолы Алматыда, Қазақстанда, Бибігүл Ахметқызының Отанында өткен байқауға қатысқаныма өте қуаныштымын. Қазақстанды екінші үйім деп санаймын. Конкурс талабы бойынша біз қазақ романсын орындадық, одан өзге өзімнің жеке қалауым бойынша финалда «Абай» операсынан ария орындадым. Қазақтың классикалық шығармаларын шырқау жанымды рахатқа бөлейді».

Осылайша гала-концертте Абай атындағы Қазақ ұлттық  опера және балет театрының симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен (дирижері Е.Ахмедьяров) конкурс лауреаттары ең танымал қазақ және шетелдік классикалық әндерді орындады.

2001 жылдан бері әр екі жыл сайын өткізіліп келе жатқан халықаралық байқауға биыл 70-тен астам өтініш келіп түссе, оның 66-сы қатысып, 11 елден жас таланттар бақтарын сынады. Қазақстанның, Ресей, ҚХР, Чехия, Люксембург, Италиядан әлемдік опера өнерінің майталмандарынан құралғанжоғары деңгейдегі кәсіби халықаралық қазылар алқасы қатысушылардың өнеріне баға беріп, үздіктерін анықтады.

1 премия және лауреат атанғандар:

Азиза Омарова – Астана, Қазақстан

Абылай Бекен – Астана, Қазақстан

2 премия және лауреат атанғандар:

Нұрғалым Аманбай – Алматы, Қазақстан

Аташ Караев – Баку, Әзірбайжан

Ляньцзе Хао – Цзыбо, Қытай

3 премия және лауреат атанғандар:

Аяжан Қуанышәлиева – Алматы, Қазақстан

Дияр Нұрсұлтанов – Алматы, Қазақстан

Мақсат Саматов – Алматы, Қазақстан

Галина Цолакян – Ереван, Армения

Арнайы сыйлық иегерлері:

Бибігүл Төлегенованың репертуарынан Қазақстан композиторларының әндерін үздік орындағаны үшін марапатталғандар:

Айбек Хайрулла (Астана, Қазақстан)

Мәриямгүл Төлегенова атындағы «Үміт» сыйлығын иеленгендер:

Жоян Ю (Қытай)

Конкурстың үздік концертмейстері атанғандар:

Виктория Иванова – Ресей

Зәру Жазықбаева – Қазақстан

 

АЛМАТЫ