Президент • 20 Қыркүйек, 2023

Орталық Азия – АҚШ саммиті: Бейбітшілік пен тұрақтылық мәселесі талқыланды

210 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йорк қаласына жұмыс сапары аясында Орталық Азия мен АҚШ мемлекеттері басшыларының саммитіне қатысты.

Орталық Азия – АҚШ саммиті: Бейбітшілік пен тұрақтылық мәселесі талқыланды

Суреттерді түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ

Жиында С5+1 серіктестігі арқы­лы экономика, энергетика және қауіп­сіздік салаларында Орталық Азияның егемендігін, орнықты дамуын және өркен­­деуін одан әрі нығайту үшін бірле­сіп жұмыс істеу мәселесі талқыланды.

Саммитте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Джозеф Байденнен кейін сөйледі. Сонымен қатар шараға Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев қатысты.

вап

Кездесу барысында стратегиялық серіктестікті, саяси диалогті, сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық салалардағы ынты­мақтастықты одан әрі дамыту, сондай-ақ Еуразия құрлығындағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау мәселелері жан-жақты талқыланды.

Саммитте экономикалық ын­тымақтастық мәселесіне, сондай-ақ америкалық компаниялардың маңызды қазба байлықтарды игеру, жаңартылатын энергия көздері, өңдеу өнеркәсібі және басқа да бағыттарды дамыту мүмкіндіктеріне баса мән берілді.

Бұдан бөлек, пікірталас бары­сында қауіпсіздік проблемаларын, соның ішінде киберқауіпсіздік, терроризм, экстремизм, заңсыз миграция және есірткі тасымалы секілді қауіп-қатерлерді шешу үшін ынтымақтастықты нығайту перспективалары қарастырылды.

Қазақстан Алматы қаласында Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттары жөніндегі аймақтық орталығын ашу ісінде АҚШ тарапының қолдауына сенім артатынын жеткізді.