Суретті түсірген – автор
Әуелі «Ертіс концерт» залында зайсандық өнерпаздардың қатысуымен «Туған жер – алтын бесігім» атты гала концерт өтті. Мәдени шараға ақын Ұлықбек Есдәулет, күміс көмей әнші Қанат, Айткүл Құдайбергеновтер сынды Зайсан өңірінің өнерлі тумалары қатысты. Дүркіреп өткен концерттен кейінгі мәдени күн «Fresh Market» сауда орталығының ауласындағы жәрмеңкеге ұласты. Мұнда да әншілер әннен шашу шашып, бишілері мың бұрала би биледі. Спорттық сайыстар да өтті. Айта кетерлігі, жәрмеңкеде ауылшаруашылық өнімдері халыққа қолжетімді бағада сатылды. Жылқы етінің келісі 2 500 теңгеден сатылса, сиыр еті 2 300 теңгеден ұсынылды. Ал қой еті 2 200 теңгеге бағаланды. Одан өзге де Зайсанның бренд өнімдері сөрелерге қойылды. Бәрінен бұрын халықты қызықтырғаны жеміс-жидек пен көкөністерден жасалған ерекше композиция еді.
– Ұмытылып кеткен осындай мерекелердің қайта жаңғырып, жалғасып жатқанына қуаныштымын. Бұл дәстүрдің бұғанасы бекіп, қанатын кеңге жайып, өнерпаздардың өрлеуіне жол ашады деп ойлаймын. Жәрмеңкеге өздерінің ақ адал өнімдерін әкеліп, ойдағы ел қырдағы елмен араласып жатқанын көру бір мәртебе, – дейді ақын Ұлықбек Есдәулет.
Сонымен қатар Зайсанның мәдени күндері аясында арбатта да спорттық жарыстар ұйымдастырылған. Садақ атудан бірінші орынға Ерхан есімді жігіт шықса, бір қап картоп көтеруде 9-сынып оқушысы Жасмин ешкімге дес бермеді. Түрлі спорттық сайыстарға белсене қатысқандарға картоп, ұн, қант тарту етілді.
Шығыс Қазақстан облысы