Суретті түсірген – Жангелді Әбдіғалым
Мектепке орналасқан жас мұғалімдер әуелі төрт сатылы іріктеуден өтіп, Сүлеймен Демирел университетінде қайта даярлау курсында біліктілігін арттырған. Солардың қатарында 21 жастағы Назира Кеңесова да бар. Ол жоғары білімді Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінен алған. Мамандығы – машина жасау инженері. Бірақ Назира уақыт өте жаны мұғалім болуды қалайтынын түсінеді. Оқуын ойдағыдай аяқтай салысымен, «Teach for Qazaqstan» жобасы туралы естіп-біліп, бағын сынап көруді ұйғарады.
– Жобаның жарнамасын әлеуметтік желіден көрдім. «Арманыңды жүзеге асыр – мұғалім бол!» дегенді оқып, маған берілгелі тұрған тағы бір мүмкіндік екенін түсіндім. Іріктеуден өткен соң, Сүлеймен Демирел университетінен тереңдетілген білім алдым. Енді, міне жаңа оқу жылы басталғалы бері Төрткөл ауылының тірек мектебінде математика және физика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеп жатырмын. Меніңше, әр адам өз мамандығын сүюі керек. Өзіме балалармен жұмыс істеу ұнағандықтан, осы жолды таңдадым. Балалар сабаққа белсене қатысып, кері байланыс жасаса, тіпті қуанамын. Біздің білім ошағы тірек мектебі болғандықтан, мектепте инклюзивті білімге қатысты жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмын, – дейді Назира.
Жоба Арқалықтың да бір ұлын Арқаға алып келді. Жандос Айдарханов Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ақпараттық технологиялар факультетін бітіріп, елордадағы ірі компанияда мамандығы бойынша қызмет атқарған. Алайда Жандостың да жанына ұстаздық ету жақын болды. Оның өзіндік себептері де бар.
– Алдымда үлкен мансап, перспектива, берекелі ұжымым болса да, жұмысым көңіліме аса жаға қоймады. Үйдегілердің барлығы білім саласында қызмет етеді. Соны кеш түсіндім. Бірақ ештен кеш жақсы емес пе? Ағам осы бір жоба жөнінде ақпарат айтты. Екі ойда жүрген мен, бірден қатысуға бел будым. Соның нәтижесінде еліміздегі ең беделді Сүлеймен Демирел университетінде білім алу бақыты бұйырды. Сәтті оқып шыққан соң, Ғабиден Мұстафин ауылындағы мектепке орналастым. Ауыл балаларына білім берген ұнайды. Бұл жерде мені қосқанда жобаның бес түлегі бар, – дейді Жандос.
«Teach for Qazaqstan» жобасын «мұғалім мамандығына бүйірден келу» дейді қатысушылар. Жоба үздік мамандарды, ынталы жастарды таңдап алып, педагог болуға кәсіби түрде шыңдайды.
– Жоба биыл іске қосылды. Әзірге біздің түлектер Қарағанды облысының мектептеріне ғана жұмысқа орналасты. Олардың сегізі – Бұқар жырау ауданының, қалғаны Абай, Шахтинск, Балқаш қалаларының мектептерін таңдады. Түлектеріміз еліміздің жоғары оқу орындарын бітірген, төрт кезеңдік іріктеуден толық өткен. Іріктеуге барлығы үш мыңға жуық үміткер қатысты. Олардың ішінен 49 талапкерді таңдап алдық. Сүлеймен Демирел университетінде қайта даярлау оқу бағдарламасын тек 30 маман аяқтай алды, – дейді «Teach for Qazaqstan» қоғамдық қорының директоры Гүлнәр Салменова.
Екі жылдық әдістемелік көмекпен қоса, жоба түлектері ай сайын 300 мың теңге көлемінде шәкіртақы алады. Бұған қоса мектептерде оларға арнайы тәлімгерлер бекітіледі. Екі жылдан кейін жас мамандарда кез келген халықаралық университетке түсіп, білімін әрі қарай жетілдіру мүмкіндігі қарастырылған.
– Teach for Qazaqstan – бұл әлемнің 60-қа жуық елінде табысты іске асырылып жатқан «Тeach Ғor All» жаһандық жобасының бір бөлігі. Келесі жылы тағы 100 қатысушыны іріктеп алып, жұмысты әрі қарай жалғастыру жоспары бар. Осы арқылы педагог тапшылығын біржола жоймасақ та, біз даярлаған мамандармен кадр тапшылығын әсте-әсте азайта бермекпіз, – дейді Г.Салменова.
Қарағанды облысы