Қоғам • 20 Қыркүйек, 2023

Шайқалған шаңырақ қоғамның қабырғасын сөгеді

223 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Ынтымағы жарасқан, ырыс ұйыған тату-тәтті отбасы – қоғамның құты. Өкініштісі, осы құтымызды ортайтып, шаңырағы ортасына түскен, ойран болған отбасылардың саны азаймай-ақ қойды. Қандай да бір жарыста еңсеміз түсіп, ең соңында қалғанда сасқанымыздан «Артынан санағанда біріншімін» деп өз-өзімізді жұбатқан боламыз. Еліміздегі ажырасу көрсеткіші – дәл осы жағдайдың кебі. Яғни бұл сорақы статистикадан дүниежүзінде алдыңғы қатардамыз.

Шайқалған шаңырақ қоғамның қабырғасын сөгеді

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Елімізде бірер жылда бұзылған некелердің саны шамалы азайғаны байқалады. Бірақ кейінгі он жылда бір үдеп, бір бәсеңдеп тұрған ажырасу көрсеткіші жалпы алғанда оңалмай тұр. «Азаматтық хал актілері жазбалары» ақпараттық жүйесінің мәліметі бойынша, қазіргі ахуал он жыл бұрынғы жағдайдан еш өзгере қоймаған. Дәлірек айтсақ, 2013 жылы – 51 305, 2014 жылы – 54 438, 2015 жылы – 53 007, 2016 жылы – 51 775, 2017 жылы – 54 948, 2018 жылы – 54 859, 2019 жылы – 59 899, 2020 жылы – 58 466, 2021 жылы – 51 950, 2022 жылы 51 220 ажырасу тіркелген.

Ал биыл шілде айындағы, яғни жеті айдағы дерек бойынша, елімізде бұ­зыл­ған некелердің саны – 9 650, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,2%-ға аз. Биылғы ажырасу фактісінің 74%-ы қалаларда тіркелген, яғни 7 147 шаңы­рақ шайқалған. Ал ауылдарда бұзылған некелердің үлесі 26%-ды құ­рай­ды, бұл – 2 503 отбасы. Өңірлердің ішінде ең көп ажырасу көрсеткіші Алматы (1 262) және Астана (878) қала­ла­рында, сондай-ақ Қарағанды облысында (862) тіркеліп отыр.

Кез келген шетін мәселенің шешімін іздерде салдармен емес, себеппен күре­судің маңызды екені анық. Ал ажы­расудың негізгі себептері қандай? Бұл ретте Әділет министрлігінің Тір­кеу қызметі және заң қызметін ұйымдас­тыру департаментінің дерегін алға тар­туға болады. Бұл хабарламада: «Екі жақты келісіммен некені бұзуға өті­ніш білдірген азаматтар ажырасудың себебі ретінде көбіне «мінездің сәйкес келмеуін» көрсеткен» делінген. Әрине, мұндай қадамға барған азаматтар осы себепті формальды түрде көрсетуі мүм­кін екенін жоққа шығара алмаймыз. Мұның артында басқа да мәселелер жатуы мүмкін. Мысалы, Қазақстандық қоғамдық даму институты жүргізген 2022 жылғы әлеуметтік сауалдамаға қа­тысқандар қандай жағдайлардың ажырасуға себеп бола алатынын көрсеткен. Айталық, респонденттердің жауабы бойынша ажырасуға себеп болатын жағдайлардың ең негізгісі мыналар: ерлі-зайыптылардың біреуінің маскүнемдігі, нашақорлығы (61,7%), отбасындағы зорлық-зомбылық (51,1%), жүріс жасау (47%), құмар ойын­дарына салыну (38,4%), дәстүрлі емес жыныстық көзқарас (22%).

Қалай дегенмен ажырасудың дұ­рыс қадам емес екенін білеміз. Алай­да атал­ған әлеуметтік зерттеуде отандас­та­ры­мыздың басым бөлігі кикілжіңі біт­пей­­тін қарым-қатынастан гөрі ажырасу­дың жөн екенін айтыпты. Мысалы, рес­понденттердің 41,3%-ы ажырасу жа­ғым­­сыз жағдай екенімен келісе оты­рып, кейде бітпейтін араздыққа қараған­да ажырасу дұрыс шешім деп санайды. Сондай-ақ сауалдамаға қатысқандардың 12,8%-ы ажырасу жаңа өмір бастауға мүмкіндік береді деп жауап берген. Ал олардың 39,8%-ы қандай жағдайда да ажырасуға жол бермеу керек дегенді алға тартыпты.

Осы орайда біз бірқатар сарапшы­ның пікіріне де құлақ түрген едік. Прези­дент жанындағы Әйелдер істері және демографиялық саясат жөнін­дегі ұлт­тық комиссияның мүшесі, «Talbesik» көпбалалы аналар одағы» қоғам­дық бірлестігінің жетекшісі Ләззат Қожах­метованың айтуынша, кейбір азаматтар әлеуметтік жеңілдікке қол жеткізу үшін қағаз жүзінде ғана ажырасады.

«Өкінішке қарай, қазіргі кезде елі­мізде отбасы институты әжептәуір әлсі­реп қалды. Оның бір дәлелі – қаншама шаңырақ шайқалып, ажырасып жатқан отбасылар көп. Толық емес отбасында тәрбиеленген балалардың болашағы алаңдатпай қоймайды. Жалпы, жалғыз­басты аналар да көбейіп барады. Бұрын­ғы кезде жалғызбасты аналар дегенді тек күйеуі қайтыс болғандар деп түсіне­тін едік. Бүгінде тұрмыс құрмай-ақ бес-алты баланы дүниеге әкелетін жал­ғыз­­басты аналар да бар. Мемлекет та­ра­­пынан ондай санаттағыларға 04 де­ген анықтама береді. Яғни олардың босанған балаларына құжат дайындарда әкесі деген баған толтырылмайды. Түрлі жағдайлар туындап, бір немесе екі баланы әкесіз дүниеге әкелуге болатын шығар, бірақ одан көп баланы босанып, әкесіз өсіру дегенді өз басым құптамаймын. Негізінде бұл санат­тағы отбасыларда әкесі болады, бірге өмір сүреді, бірақ заңды түрде неке құрып, балаларына өз тегін бергісі келмейді. Қорқыныштысы, мұндай жағдай кәдімгідей белең алып барады. Қазір елімізде жалғызбасты аналардың саны 100 мыңнан асады. Осы мәселенің туындауына баспананың жоқтығы да себеп болып отыр. Өйткені жалғызбасты ана ретінде тіркелген, көп баласы бар әйел болса, үй кезегінде алға жылжуға мүмкіндік мол деген түсінік бар. Бірақ шын мәнінде мұндай жеңілдіктер жоқ. Бұл мәселелердің бәрін мемлекет дер кезінде реттеген жоқ. Тек биылдан бастап жалғызілікті аналарға берілетін жеңіл­діктер алына бастады. Бұған дейін көптеген жеңілдік қарастырылған еді. Осының бәрі отбасылардың қағаз жүзінде өтірік ажырасуына әкеп соқтырды», дейді сарапшы.

Л.Қожахметова отбасы институтын нығайтудағы осынау мәселелерді көтеріп қана қоймай, оның шешімін табуға да атсалысып жүр. Ол бүгінге дейін Қарағанды облысында отбасын қол­дайтын 4 орталық ашыпты. Соның үшеуі аудандарда орналасқан. Бұған қоса 32 отбасыға демеуші тауып, баспанаға қол жеткізуге септескен екен.

«Жалпы, аталған мәселелерді шешу үшін мемлекеттік деңгейде жүйелі түрде айналысу керек. Қазіргі кезде отбасы мәселелерін қарастыру әртүр­лі бағыттар бойынша бірнеше ми­нистрліктің құзіретіне тиесілі. Бұл ретте мен бұл міндетті тек бір министрлікке қана теліп, өз алдына бөлек Отбасын қолдау комитетін ашу керек деп ойлаймын. Тіпті кейбір мемлекеттерде Отбасы істері бойынша арнаулы министрліктер де жұмыс істейді», дейді Л.Қожахметова.

Ал әлеуметтанушы Эльмира Отар отба­сын күйрететін факторлармен күре­су үшін дәстүрлі отбасылық құнды­лық­тардың маңызын күшейте түсу керек деп санайды.

«Біздің елімізде ғана емес, бүкіл әлемде отбасы институтының трансформациясы жүріп жатқанын байқап отырмыз. Бұл – ашық қоғамға тән құбылыс. Отбасылардың өзгеріске ұшырауына капитализм, экономикалық бастаулар, сая­си және мәдени факторлар әсер етеді. Әлеуметтік институттың әлсіреуі ажыра­сулардың көбеюінен көрінеді. Әсіресе, пандемиядан кейін бұл келеңсіз жағдай қатты білінді. Яғни әрбір үшінші отбасы бұзылып жатыр. Бұған бір себеп – ұрпақ аралық сабақтастықтың нашарлауы, нуклеарлы отбасылардың көбеюі. Мысалы, бұрында бір шаңырақтың астын­да үш буынның ұрпағы тұрды: ата-әже, әке-шеше, бала. Қазіргі заманда жас­тардың осылай ерте еншісін алып, бөлек тұрып кетуі көптеген некенің бұ­зылуына кері ықпалын тигізіп отыр. Жас­тардың субмәдениетінің өзгеруі отбасы құндылықтарының әлсіреуіне, өзгеруіне әкеп соқтырды. Мұндай жағдайға әлеу­меттік желілер де көп ықпал етеді», деді Э.Отар.

«Әкелер одағы» республикалық қоғам­дық бірлестігінің төрағасы Мақсұт­бек Айтмағанбеттің айтуынша, отағасы өзінің жауапкершілігін толық сезінген жағдайда отбасылық мәселелердің түйіні тарқайды.

«Отау құрып жатқан жастар әуелден жауапкершілікті сезінуі керек. Яғни шаңырақ көтерудің, ата-ана болудың жауап­кершілігі өте зор. Бұл ретте ер адам отбасындағы тепе-теңдікті сақ­тау­да маңызды рөл атқарады. Яғни отағасы үйін тек материалдық жағы­нан қамтамасыз ету­ді ғана ойламай, шаңы­рағындағы жылы аураны да сақтауға мән беруі керек. Егер азамат жарына, бала-шағасына жеткілікті деңгейде көңіл бөлсе, бала тәрбиесін тек әйеліне артып қоймай, өзі де тең деңгейде атсалысса, ондай шаңырақтың шайқалуы өте қиын. Өкінішке қарай, қазіргі кезде өмірге жеңіл қарайтын, кездескен қиын­дықтарды еңсере алмайтын аза­маттардың кездесетінін жоққа шыға­ра алмаймыз. Тіпті ажырасқаннан кейін де балаларынан хабар алмай, али­мен­тін төлемей, бар ауыртпалықты әйел­дерге сілтей салатын жігіттер де жоқ емес. Біз көбіне ана мен баланы алға қойып, соларға көбірек назар аударамыз ғой. Сол сияқты әкелер институтын күшейтуге де баса мән беру керек деп ойлаймын», дейді М.Айтмағанбет.

«Бас екеу болмай, мал екеу болмайды» деген аталы сөз бар. Бұл отбасына ғана емес, жалпы қоғамға да қатысты. Яғни бас құраған отбасылар көбейген сайын елдің де көсегесі көгере береді. Ал керісінше әр шаңырақтың шайқалуымен қоғамның іргесі сөгіле бермек. Ілгері жылжимыз десек, тұтастығымызға іріткі болатын осындай келеңсіз жағдайларға жол бермеу жағын қарастыру маңызды.