Бұл дүбірлі жарыс өткен жылы да өтіп, оны ұйымдастырушы, спорт жанашыры, Қазақстан бильярд федерациясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Серік Ақтанов келешекте Қабдеш атындағы турнирдің ауқымын кеңейтіп, халықаралық дәрежеде өткізуге уәде берген еді.
Серік мырза уәдесінде тұрды. Бұл жолғы бильярд додасына Қырғызстаннан, Ресейден, Қазақстанның 8 облысы мен Астана, Алматы қалаларынан 50-63 жастағылар арасында – 14, ал 63 жастан жоғарылар арасында – 9, барлығы – 23 команда қатысып, жарыс көрігін қыздырды. Турнирді өткізуге Шығыс Қазақстан облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы, Түркі әлемінің жазушылар одағы, Қазақстан Жазушылар одағы, Қазақстан бильярд спорты федерациясы, Әлем қырандары және Шығыс бильярдшылар лигасы мен Қабдеш Жұмаділов атындағы қоғамдық қор белсене араласты. Турнирге Қабдеш ағаның ұлы Арман Қабдешұлы, Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар, Қабдеш ағаның жақын досы, інісі, академик Ұлықпан Сыдықов, жазушымен жақсы қарым-қатынаста болған зайсандық белгілі қаламгер Қалибек Алтыбаев, Ұлықбек Есдәулет, Сәдібек Түгел, Ғалым Қалибекұлы, басқа да зиялы азаматтар қатысты.
50-63 жасқа дейінгілер арасындағы командалық жарыста құрамында Нұржан Жиенбаев, (капитан), Ринат Алимов, Владислав Ли, Мұқан Баймұратов, Адалбек Шықылаев, Бейсен Байғалиев сияқты шебер ойыншылар бар «Асау Ертіс-1» командасының екпініне ешкім шақ келмеді. Олар бірінші орынды талассыз жеңіп алды. Екінші және үшінші орынды Алматының НАП, Қарағандының «Сарыарқа» командасы иеленді. 63 жастан жоғары жастағылар арасындағы жарыс та тартысты өтті. Нәтижесінде, Алматыдан келген «Бірлік» командасының шеберлері жеңімпаз атанды. Астананың «Ауыл ұландары», Қарағандының «Сарыарқа» командалары екінші және үшінші орындарды бөлісті.
Қабдеш Жұмаділовті еске алуға арналған турнирдің тәрбиелік мәні зор болса керек. Бүгіндері Өскемен қаласында бильярд спортына еліктеген балалар секцияларға жаппай жазылып жатыр. Он мыңнан астам адам бильярд спорты десе ішкен асын жерге қояды. Соңғы жылдары ғана Серік Ақтановтың мұрындық болуымен Азия біріншілігі, басқа да бірнеше халықаралық жарыс өтті. Алдағы уақытта да бильярд спортының көкжиегі кеңи бермек. Турнирдің өтуіне ұйымдастыру комитетінің төрағасы Ұлықпан Сыдықов, Түсіпхан Түсіпбеков сияқты спорт жанашырлары көп үлес қосты. Жасы сексенге таяған Астанадан келген қария Марат Досқожановқа «Ардагер» деген сыйлық тарту етілді.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
Қазақстанның құрметті спорт қызметкері