Байқауға қатысуға 48 адамнан өтініш түсіпті. Оның ішінде балаларға арналған өлеңдер номинациясы бойынша 35 ақын, балаларға арналған әңгімелер аталымында 13 жазушы өз шығармаларын жолдады. Шығармалардың авторы көрсетілмей, санмен белгіленіп, қазылар алқасының талқысына ұсынылды.
Қазылар құрамында Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Жансая Жарылғапов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, журналист Сүйіндік Жанысбай, ақын, «Шырақ» тілдерді оқыту орталығының директоры Саят Тұяқбаев, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, балалар әдебиетін зерттеуші Жанар Рүстемова және «Ortalyq Qazaqstan» газеті интернет-редакциясының редакторы, ақын Ілияс Мұқаев бар.
Алқа шешімімен екі аталым бойынша барлығы 18 жүлделі орын анықталды. 3-5 жас аралығындағы балаларға арналған өлеңдер номинациясында І орынды Қуаныш Аманқұлов еншіледі. ІІ орын Руза Алдашева мен Сұлтан Дәулетханға бұйырса, ІІІ орын Охан Зәкерия, Нұрғали Қарабеков, Әлия Бекпенбетова сынды қаламгерлердің қанжығасына байланды. Байқаудың ынталандыру сыйлықтарымен Мөлдір Бөлекова, Эльмира Орынбаева, Аян Кизкин марапатталды.
6-10 жас аралығындағы балаларға арналған әңгімелер аталымында І орын Дәуренбек Бұланбаевқа, ІІ орын Жұпар Жақан мен Әлихан Құлжаға, ІІІ орын Кәмшат Танашева, Әнел Махмет, Ақбота Шәрбековаға бұйырды. Ынталандыру сыйлығын Айнұр Қуанбаева, Әмина Зекен, Зәмзәгүл Мауина еншіледі.
– Облыстық тілдерді дамыту басқармасының, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Қарағанды облысы бойынша филиалының қолдауымен балалар әдебиетіне қалам сілтеп жүрген қаламгерлер арасында ұйымдастырылған іс-шара бүлдіршіндерге арналған, адам бойындағы ізгі қасиеттер тәрізді тәрбиелік мәні бар тақырыптарға жазылған шығармаларды насихаттауды мақсат етті, – дейді іс-шараны ұйымдастырушылар.
Жүлдегерлерді марапаттау салтанатында көрермендер назарына жүлделі орынға ие болған авторлардың өлеңдері оқылып, концерттік бағдарлама ұсынылды.
Қарағанды облысы