Аймақтар • 20 Қыркүйек, 2023

Балаларға – базарлық

293 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Балалар әдебиетін дамыту өскелең ұрпақ үшін керек. Кейінгі ұрпақтың тіл ұстартып, кітап оқуға деген құштарлығын арттыру да аса маңызды. Осы мақсатта Қарағандыда «Бүлдіршінге жыр арна» атты әдеби-байқау өтті.

Балаларға – базарлық

Байқауға қатысуға 48 адам­нан өтініш түсіпті. Оның ішінде балаларға арналған өлең­дер номинациясы бойынша 35 ақын, балаларға арналған әңгі­мелер аталымында 13 жазушы өз шығармаларын жолдады. Шығармалардың авторы көр­сетілмей, санмен белгіленіп, қа­зылар алқасының талқысына ұсынылды.

Қазылар құрамында Е.Бөке­тов атындағы Қарағанды уни­верситетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Жансая Жарылғапов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, журналист Сүйіндік Жанысбай, ақын, «Шырақ» тілдерді оқыту орталығының директоры Саят Тұяқбаев, Е.Бөкетов атындағы Қа­рағанды университетінің оқы­­тушысы, филология ғы­лым­да­рының кандидаты, бала­лар әде­биетін зерттеуші Жа­нар Рүс­те­мова және «Ortalyq Qazaqstan» га­зеті интернет-ре­дакциясының ре­дак­торы, ақын Ілияс Мұқаев бар.

Алқа шешімімен екі аталым бойынша барлығы 18 жүл­делі орын анықталды. 3-5 жас аралығындағы балаларға арналған өлеңдер номинация­сында І орынды Қуаныш Аман­құлов еншіледі. ІІ орын Руза Алдашева мен Сұлтан Дәу­летханға бұйырса, ІІІ орын Охан Зәкерия, Нұрғали Қарабеков, Әлия Бекпенбетова сынды қа­лам­герлердің қан­жығасына бай­ланды. Байқау­дың ынталандыру сый­лық­тарымен Мөлдір Бөлекова, Эль­мира Орынбаева, Аян Кизкин марапатталды.

6-10 жас аралығындағы ба­ла­ларға арналған әңгімелер ата­лымында І орын Дәуренбек Бұланбаевқа, ІІ орын Жұпар Жақан мен Әлихан Құлжаға, ІІІ орын Кәмшат Танашева, Әнел Махмет, Ақбота Шәрбековаға бұйыр­­ды. Ынталандыру сый­лығын Айнұр Қуанбаева, Әми­на Зе­кен, Зәмзәгүл Мауина ен­ші­леді.

– Облыстық тілдерді дамыту басқармасының, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Қа­рағанды облысы бойынша фи­лиалының қолдауымен балалар әдебиетіне қалам сілтеп жүрген қаламгерлер арасында ұйымдастырылған іс-шара бүлдіршіндерге арналған, адам бойындағы ізгі қасиеттер тә­різді тәрбиелік мәні бар та­қы­рыптарға жазылған шығар­маларды насихаттауды мақ­сат етті, – дейді іс-шараны ұйым­дастырушылар.

Жүлдегерлерді марапаттау салтанатында көрермендер назарына жүлделі орынға ие болған авторлардың өлеңдері оқылып, концерттік бағдарлама ұсынылды.

 

Қарағанды облысы