Аймақтар • 20 Қыркүйек, 2023

Кластердің негізі қаланды

201 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жезқазғанның іргесіндегі Қабанбай батыр ауылы негізінен геологтер мекені саналады. Ауылдың бұрынғы атауы «Геология экспедициясы», деп аталатын. Геологиялық барлау компаниясы осы ауылдың орталығынан жалпы құны 7 млрд теңге құрайтын геология кластерінің құрылысын бастады. Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы болашақ іргелі құрылыстың жобасымен арнайы барып танысты.

Кластердің негізі қаланды

– Президент биылғы Жол­дауында «Геологиялық барлау ісі айрықша назар аударуды қажет етеді. Еліміздің минералды шикізат базасын толықтыру үшін 2018 жылы тау-кен саласын басқару мәселесіне қатысты жаңа заңдар қабылданды. Бірақ заң талаптары толық орындалмай жатыр. Соның салдарынан табиғи ресурсқа қанша бай болсақ та, көптен бері ауыз толтырып айтатын геологиялық жаңалық ашылған жоқ. Ахуалды дереу өзгерту керек», деп атап көрсеткен еді. Жолдау талаптарын жүзеге асырудың ал­ғашқы қадамдарының бірі іспетті еліміздегі тұңғыш геология кластері келесі жылдың алғашқы тоқсанында то­лық қуатында жұмыс істеп, 150 адамды жұмыс­пен қамтамасыз етеді, деді облыс басшысы.

Қазіргі кезде облыс аума­ғын­дағы 19 нүктеде барлау жұ­мыс­тары жүргізілуде. Мақсат – минералды-шикізат қорын ұлғай­ту. Геология кластері аумағында оқу ғима­раттары, қыз­меткерлерге арналған жа­тақ­хана, геофизика зертханасы және жер қыр­тысының сынамаларын сақтайтын қой­ма, геология мұражайы салынады. Өте терең­де орналасқан немесе құрамында түрлі элемент­тердің қоспалары бар кен шикізатын техно­логиялық жолмен бө­ліп алып шығатын ғылыми негіз­деме қажет. Геология клас­тері осы ба­ғыттағы ғылыми ізде­ністер мен нақты істерді Жезқазған өңірінде дамыту мақсатын көздейді.

Жоба жеке компанияның ин­вестициялық қаржысы арқы­лы жүзеге асырылады.

 

Ұлытау облысы