Спорт • 20 Қыркүйек, 2023

Бәсеке бәсі – нәтиже

306 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Алматыда орналасқан 70 жылдық тарихы бар Қаркен Ахметов атындағы Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінен талай саңлақтар түлеп ұшқаны белгілі. Кезінде ел мақтанышына айналған Қайрат Мысықбаев, Александр Парыгин, Асхат Житкеев, Жасұлан Қыдырбаев, бұл күндері халықаралық додаларда ел намысын абыроймен қорғап жүрген Елдос Сметов, Әлішер Ерғали, Милад Карими, тағы басқа дүлдүлдер – дәл осы қара шаңырақтың түлектері.

Бәсеке бәсі – нәтиже

Суретте: Е.Ыбырайымов Е.Сме­тов­пен бірге

– Біздің мектепті Қазақстан спортының қара шаңырағы деп атаған жөн, – деп бас­тады өз әңгімесін аталған мекеменің директоры Ернар Ыбрайымов. – Өйткені бұл еліміздегі ғана емес, әлемдегі тұңғыш салалық оқу орны. Алғаш рет ол спорт мектебі ретінде ашылса, кейіннен интернат, одан кейін колледжге айналды. Уақыт оза еліміздің баламасы бойынша кеңес одағының өзге республикаларында осындай мекемелер бірінен кейін бірі бой көтерді. Міне, жоғарыда айтып отырған сөзімнің нақты дәлелі осы. Біздің басты миссиямыз – денешынықтыру және спорт саласында жоғары білікті және бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау. Мақсатымыз – әр оқушының өзіндік ерекшеліктерін дамыта отырып, өздері таңдаған спорт түрімен айналысуға барынша қолайлы жағдай жасап, спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының құрама командалары үшін сапалы олимпиадалық резерв даярлау. Күні бүгінге дейін осы жоспарды ойдағыдай жүзеге асырып келеміз. Осы орайда мектеп ұжымына қолдау көрсетіп отырған Туризм мен спорт министрлігі және спорт комитетіне барынша алғысымды білдіремін.

Қасиетті Әулиеата өңірінің түлегі Ернар Ыбрайымовтың өзі де кезінде еркін күреспен кәсіби түрде айналысып, біраз табысқа қол жеткізді. Спорт­тық мансабын аяқтағаннан кейін Жам­был облысы мен Алматы қаласының әкімдігінде қызмет етті. 2011-2018 жылдар аралығында өзінің туған өлкесіне оралып, Олимпиадалық даярлау орталығын басқарды. Сол кездері Тараздың талай тастүлегі дүбірлі додаларда атой салды. Аталған орталықтан шыққан Олимпия ойындарының екі дүркін жүлдегері, әлем чемпионы дзюдошы Елдос Сметов, Олимпиада мен әлем чемпионатының қола жүлдегері, еркін күрес шебері Ақ­жүрек Таңатаров, қазақтың даңқты түйе балуаны Бейбіт Ыстыбаев, әр жылдары халықаралық аренада табысты өнер көрсеткен боксшылар Ғани Жайлауов пен Әбілхан Аманқұл, таэквондошы Руслан Жа­паров және тағы басқа спортшылар Ернар Таласбекұлының шапағатын көп көрді.

– Жастар арасында әлем чемпио­ны атанғаннан кейін дзюдошы Ел­дос Сметовке қолайлы жағдайдың бар­лығын жасадық. Өйткені жалындап тұр­ған жас өреннің болашағы жарқын еке­­нін іштей сездік. Көп кешікпей ол ел сенімін толықтай ақтады. Жеке бап­кері Ғалымжан Жылкелдиев екеуі жат­пай-тұрмай жаттығып, көздеген мақ­саттарына қол жеткізу үшін көп тер төкті. Шыны керек, 60 кило салмақ дәре­жесінде елішілік жарыстардың өзін­де бәсекелестік өте жоғары. Дәл Ел­достың жарқырап жанып келе жатқан тұ­сында Еркебұлан Қосаев пен Рүстем Ыбы­раевтай мықты қарсыластары болды. Олар татамимен қош айтысқаннан кейін алдыменен Ғұсман мен Ғұмар Қыр­ғызбаевтар, көп кешікпей Мағжан Шам­шадин мен Нұрқанат Се­рікбаев шықты. Олар Сметовтің бір сәтке де бо­саңсуына мүмкіндік бермеді. Осындай бә­секелестіктің арқасында Елдос спорт­шы ретінде қатты өсті, биік-биік бел­естерді бағындырды. Бүгінгі таңда ол ел мақтанышына айналып отыр. Соның барлығы қажырлы еңбек, жанқиярлық және ымырасыз бәсекелестіктің арқасы, – деді Е.Ыбырайымов.

2018-2022 жылдар аралығында кейіп­керіміз Алматыға келіп, «Шаңырақ» шағын ауданындағы спорттағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатты басқарды. Төрт жылдан аса уақыт аралығында Ернар бұл білім ошағының мәртебесін көтеруге барынша күш салды. Сол кездері де «Шаңырақтан» бірқатар мықты спортшы шығып, олар республикалық және халықаралық жарыстарда елеулі табыстарға қол жеткізді.

Былтырғы жылдың соңында Е.Ыбра­йымов Қаркен Ахметов атындағы Олим­пиада резервінің республикалық ма­мандандырылған мектеп-интернат-кол­леджінің директоры болып та­ғайын­далды. Қай кезде де өзіне жүктелген міндетке аса жауапкершілікпен қарайтын іскер басшы жұмысқа бірден бел ше­ше кірісті. Жас спортшылар мен жат­тықтырушылардың мұң-мұқтажын тың­дап, айтқан уәждеріне құлақ асты. Мектеп ұжымымен бірлесе отырып, қордаланған мәселелерді шешу жолдарын қарастырды. Нәтиже көп күттірген жоқ. Бір жылдай уақыт аралығында көптеген мәселелер өз шешімін тауып, іс өрге басты. Бұл күндері сол мектептің спортшылары еш алаңсыз жат­тығып, түрлі оқу-жаттығу жиындары мен жа­рыстарға тұрақты түрде қатысып келеді.

Бүгінгі таңда аталған мектеп-интернат-колледжде 505 бала оқиды. Олар еркін күрес, грек-рим күресі, семсерлесу, бокс, таэквондо, дзюдо, спорттық гимнастика, синхронды жүзу, бессайыс, жүзу, су добы, баскетбол, волейбол, велоспорт, ескек есу және көркем гимнастика секілді спорттың 16 түрімен шұғылданады. Солардың қатарында жасөспірімдер мен жастар арасындағы жарыстарда оза шауып жүрген тастүлектерді айтпағанда, ұлттық құрама сапында өнер көрсетіп жүрген спортшылардың да қарасы мол. Бұл күндері таэквондошы Руслан Жапаров, дзюдошы Бекарыс Сәдуақас, семсерлесуші Богдан Лукин, еркін күрестің өкілі Бекасыл Асанбек, синхронды жүзуші Эдуард Ким, грек-рим күресі шебері Бекжан Исмағұлов, велошабандоз Алина Спирина, гимнасшы Анфиса Иванова және ватерполшылар командасы халықаралық аренада Қазақ елі намысын абыроймен қорғап жүр. Бір ғана мысал, Қытайдың Ханчжоу қаласында шымылдығы түрілетін жазғы Азия ойындарында аталған мектептің 16 оқушысы өнер көрсетеді.

– Дарынды жастарға дұрыс бағыт-бағдар беріп, жүйелі түрде жаттықтырып, солардың «суығына тоңып, ыстығына күйіп» жүрген бапкерлердің де еңбегін атап өткен абзал. Солардың арасынан Ви­талий Штыхлин (велоспорт), Нұр­ғали Рахманқұлов пен Алтай Танабаев (ер­кін күрес), Вилорий Дьяконин (семсерлесу), Жаңабай Оспанов пен Әсет Иман­баев (грек-рим күресі), Наиля Бай­мұрзина (синхронды жүзу), Сергей Маслюк (су добы), Нұрбек Мықтыбеков (дзюдо) және Елена Синявская (ескек есу) сынды мамандардың еңбегі зор. Олар­дың барлығы да Қазақстанның еңбек сіңір­ген жаттықтырушылары. Ал ондай майталмандардан тәлім-тәрбие алған шәкірт­тердің осал болуға қақылары жоқ, – дейді Ернар Таласбекұлы.

Тағы бір айта кетерлік жайт, 2016 жылы Қаркен Ахметов атындағы мектеп-интернат-колледждің аумағында Дзюдо академиясы ашылған еді. Оның өз спорт залы, жатақханасы мен асханасы бар. Сол жерде мықты балуандардың қалың шоғыры өсіп келеді. Былтыр сол ака­демияға Францияның даңқты дзюдошысы, үш дүркін Олимпиада және 12 дүркін әлем чемпионы Тедди Ринердің өзі келіп, жер­гілікті татами шеберлерімен бірге оқу-жаттығу жиынын өткізді. Мек­тептің ұжымы мұны жақсылыққа жорып отыр. Бұйыртса, келешекте біздің елден де Тед­дидей тұлғалар көптеп шығатынына олар сенімді.